Саясат • 20 Маусым, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарих жасаған тұлғa» атты кітабының тұсаукесері өтті

561 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Анкара қаласында Халықаралық Түркі Академиясының және Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінің қолдауымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Tarih Yapan Adam» (Тарих жасаған тұлға) атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарих жасаған тұлғa» атты кітабының тұсаукесері өтті

Тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Түркі Кеңесінің Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметов, Елші Халил Акынжы, АНКАСАМ зерттеу орталығының бас кеңесшісі, профессор Синжер Имер, Анкара Саясаттар орталығының директоры Хасан Канболат, Түркістан облысының әкім орынбасары Мәлік Отарбаев, Саясат, экономика және қоғамды зерттеу қорына (SETA) қарасты Сыртқы саясат зерттеу орталығының директоры, профессор Мұхиттин Атаман және Түркияның белгілі саясаттанушылары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері, дипломатия мекемелерінің өкілдері қатысты.

Кітапта егемен еліміздің іргесін қалап, тәуелсіз мемлекетімізді бүкіл әлемге танытқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы мен қайраткерлігі, парасат биігінен көрінер тұлғалығы мен адамгершілік асыл қасиеттері, еліміздің жарқын болашағы үшін жасаған әлемдік маңызы бар игілікті істері туралы баяндаған толғаныстары мен естеліктері топтастырылған. Автор Қазақстан тәуелсіздігінің іргесі қаланған сол бір шытырманы мен шырғалаңы мол күрделі тарихи кезеңді қызықты оқиғалары мен тарих кітаптарында кездесе бермейтін әлемдік саясаттың нәзік тұстары арқылы шебер жеткізеді. Жаңа мемлекеттің қалыптасу тарихын Елбасының тұлғалық қасиетімен, мемлекетті басқару қарымды қабілетімен және жаратылысынан қайраткер болып туған болмысымен сабақтайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымен алғашқы танысқан кездерін еске алып, қоғамды сонау қиын-қыстау кезеңнен қалай алып шыққандығын жазады. Тұңғыш Президентіміздің өзінің ұстанған саясатында еуропалық реформизмді, азиялық дәстүршілдікті, прагматизм мен демократиялық рәсімдерді сақтау сынды қоғамның дамуына негіз болатын маңызды факторларды қалайша синтездегендігін жеткізеді.

Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі кітапқа арнап жазған өзінің алғы сөзінде Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктердің барлығы Елбасы Н.Назарбаевтың есімімен байланысты екендігін айтып, Тұңғыш Президенттің қайраткерлігі мен кемеңгерлігіне, іскерлігі мен қайраткерлігіне ұзақ жылдар бойы куә болған, бүгін де Мемлекет басшысы болып сайланған Қ.Тоқаевтың әлемдік саясаттың, ел басқарудың білгірі, түркі интеграциясының дамуына айрықша үлес қосқан мемлекет қайраткері ретінде осындай құнды кітапты жазғаны елбасытануға, қазақ саясатын тануға қосқан зор үлесі екендігін жеткізеді. Кітаптың түрік тіліндегі нұсқасын Академия тарапынан шығару үлкен мәртебе санаймын деп жазады.

Жиынды ашқан Елші А.Сапарбекұлы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың мемлекет тәуелсіздігінің беки түсуіне сіңірген зор еңбегін атап өтіп, биылғы жылы қабылдаған тағдырлы шешімнің нәтижесінде жаңа Мемлекет басшысы болып Қ.Тоқаевтың сайланғанын айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саясатының Елбасы салған сара жолмен дами беретіндігін, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың жаңа деңгейге жеткендігін және ары қарай қарқынмен күшейе беретіндігін жеткізді. 

Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу өз сөзінде тұсауы кесілген кітаптың аса құнды еңбек деп бағалады. «Біздер – түркі халықтары жетістіктерімізбен мақтануымыз керек. Мақтанып қана қоймай, болашақ ұрпаққа, өскелең жас буынға жеткізуіміз керек. «Тарих жасаған тұлға» атты кітап сол күрделі кезеңнен елін аман алып шыққан түркі әлемінің Ақсақалы Н.Назарбаевтың қажырлы қайратын, елге сіңірген ерен еңбегін, толағай жетістіктерін, Қазақстанның сыртқы саясатының тарихын шебер баяндайды. Сондықтан Қ.Тоқаевқа алғыс айтамын!»

Құттықтау сөз сөйлеген профессор Ә.Ахметов түркі тарихының бүкіл әлеммен тамырлас екенін айтып, сол тамырдан нәр алған бүгінгі ұрпақ жаңа дәуір бастап жатқандығын баяндады.

Кітапты түрік тіліне аударған белгілі қаламгер, дипломат, Халықаралық «Жамбыл» сыйлығының лауреаты М.Отарбаев өзінің арнайы баяндамасында Түркістан өңірінің дамуы туралы сөз қозғап, күн кеше ғана бір жылдығын атап өткендігін айтты. Сондай-ақ, аталған кітаптың түркітілдес елдері үшін аса құнды екендігін жеткізді. «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың кітап шығаруға келісім алған Халықаралық Түркі Академиясы былтыр өзіме аударуға ұсыныс жасады. Кітап қолыма түскеннен кейін мұқият оқып шықтым. Бұдан бұрын Елбасы туралы жазылған кітаптардан бөлек формада жазылған. Саясаттағы нәзік тұстарды шебер жеткізген. Аударма барысында көптеген мәлімет алғаным да жасырын емес. Өйткен кітаптың авторы – тәжірибесі мол, тәуелсіздігіміздің дамуына зор үлес қосқан, интеллектуалдық деңгейі өте биік тұлға. Кітап түрік оқырманының көңілінен шығады деп сенемін.»

Сонымен қатар, тұсаукесер рәсіміне қатысқандар «Түркі әлемі және Елбасы», «Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Түркістанның дамуы», «Демократиялық процесінде орын алған 9 маусым президенттік сайлауы» және «Жаңа кезеңде Қазақстан-Түркия қарым-қатынастары» тақырыптарында баяндама жасады.