Руханият • 23 Маусым, 2019

Әлем әдебиеті теориясы қазақ тілінде жарық көрді

2638 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы - «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру мақсатында М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында «Әлем әдебиеті теориясы қазақ тілінде» тақырыбында конференция өтіп, онда әлем әдебиеті теориясының жинақтары таныстырылды.

Әлем әдебиеті теориясы қазақ тілінде жарық көрді

Осынау игі істің «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асып келе жатқаны белгілі. Бұған дейін философия, әлеуметтану, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, дүние жүзі тарихы, т.б. бағыттарда әлемдік білімнің жауһарлары қазақ тіліне аударылып, елуге жуық басылымдар еліміздің жоғары оқу орындарына жол тартқан-ды. 

Бұл жолғы аударманың да отандық білім кеңістігі үшін пайдасы қомақты деп бағалайды сала мамандары. Джули Ривкин және Майкл Райан авторы болып табылатын «Әдебиет теориясы» әлемдік әдебиеттану ғылымының өзекті тақырыптарын қозғайды. Орыс формализмі, жаһандану, таным, эмоция, эволюция, әдебиет сыны мен теориясын кеңінен ғалымдар жан-жақты талдаған. Әдебиеттанудың өзекті мәселелерін қозғаған мұндай оқулық отандық әдебиет және лингвистика, оларға ірлегес мамандықтарға қажет білімнің қайнар көзі ретінде танылып отыр, дейді жұмыс тобына қатысқан ғалымдар.

Басылымдарды әзірлеудегі редакциялық алқа жұмысымен «Әдебиет теориясына кіріспе» және төрт томдық «Әдебиет теориясының антологиясы» еңбегінің жалпы редакциясын басқарған филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов таныстырды. «Әдебиет теориясы шығарманы қалай жазудың құпиясына баулитын теориялық толғамдар емес, оның ғасырлар бойғы тәжірибесін жинақтап, саралап, қорытынды байламдар жасап отыратын тәжірибелік негіздегі ғылым саласы. Оқулық авторлары да мәселеге осы тұрғыдан келген. Олардың көркем әдебиетке деген көзқарасының өзі біздегі кеңестік кезеңде қалыптасқан ұғымнан әлдеқайда кең. Авторлар  жиырма жылдан астам коллеждерде қазіргі әдебиет теориясынан сабақ бере жүріп, жинақтаған тәжірибелерін қорытып, жетілдірумен болған. Әрі еңбектің қолданылу өрісінің кеңеятініне күмән келтірмеген авторлар  осыншама тыңғылықты ізденістері мен жинақталған материалдар негізінде жалпы көлемі бес кітаптан тұратын оқулықтар кешенін даярлады. Бұл жинақ отандық әдеби орта үшін үлкен олжа болды», – дей келе сөз кезегін «Әдебиет теориясы» антологиясы бірінші томының ғылыми редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақоваға ұсынды. «Жинақ әдебиеттегі орыс формализмі, структурализм, феноменология, постструктурализм, психоанализ ұғымдары, постотаршыл және трансұлттық таным туралы түсінік береді» деп атап өткен ғалым жаңа ғылыми ұғымдар мен терминдер туралы ой бөлісті. Ғалым «Әдебиет теориясының» топтамасы қазақ оқырмандарына әлемдік әдебиет теориясының жаңа зерттеу бағыттарын ұсынатындығын, отандық әдебиет саласында қалыптасқан кейбір түсініктерді бұзып, мүлде жаңа тұрғыдан таныстыратындығын атап өтті.

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы жұмыс барысында бұл еңбектердегі терең мазмұнға өрілген философиялық тәмсілдерді алдағы уақытта отандық ғылыммен ұштастыра отырып, сараптап, ой елегінен өткізу арқылы көптеген еңбектер жазуға болатындығын әрі жас ғалымдар үшін мұндай оқулықтардың таптырмайтын құрал екендігін атап өтті.  Ғалым антологияның екінші томындағы өзі ерекше назар аударған тақырыптарға, әлемдік философтардың  маңызды тұжырым-талдауларына тоқталды. Әрі әлемдік ғалымдардың тұжырымдары бүгінгі әдеби туынды табиғатын тану үшін де, теориялық талдаулар негіздерін қалыптастыру үшін де қажетті дүниелер екендігін атап өтті.

Шараның модераторы Кенжехан Матыжанов осы еңбектердің аудармашысы, жауапты редакторы, ғылыми редакторы сияқты міндеттерді қатар атқара отырып, жинақтардың шығуына үлкен еңбек сіңірген филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріпке сөз кезегін ұсынды. Амантай Шәріп басылымның ерекшелігі – бірнеше ғылымның бір жинаққа топтастырыла берілуінде деп атап өтті. Онда гуманитарлық ілім мен жаратылыстану ғылымдарының түйісуі көптеген әлемдік танымдағы ерекшеліктерді анықтауға мүмкіндік береді. Жаңашылдығы көп жинақта 75 автордың еңбегі топтастырылған. Әр автордың, ғалымның өз бағыты бар. Мұндай күрделі әрі терең мазмұнға өрілген еңбекті бірден аудара салу мүмкін емес. Басылымда орыс тілінде де толық қабылданған нұсқасы жоқ жаңа ұғымдар бар. Соған қарамастан әлем әдебиеті теориясын қазақшалау жұмыстарын жалғастыра бермекпіз деген ғалым әдебиет теориясы заман ағымына сай жаңаланып отыруы керек, деп атап өтті.

Әдебиет теориясы жинақтары 2019-2020 жаңа оқу жылына дейін он мың данамен еліміздегі жүзден астам жоғары оқу орнына таратылатын болады. Ал осы оқулықтар негізінде дайындалған онлайн курстар «Қазақстанның ашық университеті» платформасына жүктеліп, еркін қолданысқа енгізілуде.

 

АЛМАТЫ