Руханият • 24 Маусым, 2019

Багаев көрмесі Қостанайға келді

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Багаев көрмесі Қостанайға келді

Қостанайдағы облыстық Тарихи-өлкетану музейінде қазақстандық белгілі фотограф-өлкетанушы Дмитрий Багаевтың үздік деген жұмыстарының «Бір сәт және бүкіл өмір» атты көрмесі ашылды. 1884 жылы туып, 82 жасқа келіп қайтқан Дмитрий Поликарпович ақсақал өзінің күнделігінде: «Фотосурет бос ермек емес, фотосурет ол – ғылым, өнер, фотосурет – уақыттың дәлелі» деп жазған екен. Айтса – атқандай, өткен ғасырдың басында оның фотоаппаратының объективіне ілінген қас-қағым сәттер қазақ даласының шежіресіне айналған. Халқымыздың талай біртуарының бейнесін бір көруге зар болып келеміз. Осы тұрғыдан алғанда Багаевтың қазақ даласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз десек болар. Фотографтың Павлодардағы үй-музейі қорынан көрмеге 50  фотосурет  ұсынылыпты. Онда ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының күнделікті тұрмысы, ескі Павлодардың көріністері, кең даланың, Баянауыл тауларының көркем пейзажы бейнеленген.

Дмитрий Багаевтың шығармашылық мұрасында этнографиялық суреттерінің орны бөлек.

– Дмитрий Поликарпович еңбектерінде қойылымдық кадрлар жоқ. Сол кездегі фотопластинкалардың жарық сезгіштігінің жоғары болуымен қатар, фотограф өзінің кәсіби шеберлігінің арқасында болып жатқан оқиғалардың әр сәтін сол күйінше түсіріп жариялаған, – дейді облыстық Тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Бақытгүл Мұратбекова.

Фотосуретке түсірумен бала жасынан айналысқан Дмитрий Поликарповичтің өмірі де қазақ даласындағы аса ірі оқиғалы кезеңдерге тұспа-тұс келеді. Ол қазақтың көшпелі өмірі тарих қойнауына кетіп бара жатқанын түсініп, оны аса ынтызарлықпен түсіреді. Сонымен қатар оның шығармаларынан Қазақстанда болған төңкеріс, аштық, Ұлы Отан соғысы сияқты тарихи оқиғалардың барлығы да көрініс табады.

  Дмитрий Багаевтің «Ошақ басындағы әйел», «Тайды ұстау», «Бесік тербеткен ана қиялы», «Алтыбақан», «Экібастұз шахтері» сияқты фотожұмыстары әлемдік фотосурет мұрасы болып саналады. Ең бастысы, олар қазақ даласының шежіресіне айналуымен де құнды еңбектер.


Қостанай