Спорт • 25 Маусым, 2019

2026 жылғы қысқы Олимпия ойындары Италияда өтеді

474 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2026 жылы алауы тұтануға тиіс XXV қысқы Олимпия ойындары Италияның қос қаласы – Милан мен Кортина-д'Ампеццода өтетін болды.

2026 жылғы қысқы Олимпия ойындары Италияда өтеді

Айтулы жарысты қабылдауға алғашында әлемнің әр қиырында орналасқан 22 қала ниет білдірген еді. Алайда уақыт оза олардың басым бөлігі түрлі себептерге байланысты өз райларынан қайтты. Ақырында басты тартыс жоғарыда аталған Италияның қос шаһары және Швецияның Стокгольм мен Оресі арасында өрбіді.

Күні кеше Лозаннада өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) жиынында төртжылдықтың басты жарысының жалауы 2026 жылдың 6-22 ақпан аралығында Апеннин түбегінде желбірейтіні белгілі болды.

Осы күнге дейін Италияның қысқы ойындарды екі мәрте қабылдағаны белгілі. Атап айтсақ, 1956 жылғы дода Кортина-д'Ампеццода өтсе, 2006 жылғы жарыс Туринде ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 1960 жылы Римде жазғы Олимпия ойындарының алауы тұтанды.