Аймақтар • 27 Маусым, 2019

Апаттың алдын алу мүмкін бе еді?

642 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан Қарулы Күштерінің Арыс қаласының жанында ор­на­лас­қан қару-жарақ қойма­лары­­ның бірінде сақтаулы тұрған оқ-дәрі­лер жарылып, соңы алапат өртке ұласқандығы белгілі. Оқи­ға орнына арнайы барып, зұл­мат­тан бас сауғалаған арыс­тық­тарға басу айтып, жарылыс­тан бү­лінген орындарды аралап шық­қан Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев сапары­ның қорытындысы бойын­ша Қор­ғаныс және Ішкі істер ми­нистр­­ліктерінің басшыларына нақ­ты тапсырмалар берді. Сон­­дай-ақ оқиғаға кінәлілердің заң бо­­йынша жазаланатынын мәлімдеді.

Апаттың алдын алу  мүмкін бе еді?

 Қоймадағы оқ-дәрі қайдан пайда болды?

Сонымен, бұл оқиғаның себеп-салдары қандай? Алдымен мыңдаған тонна қару-жарақ пен оқ-дәрі осы күнге дейін неліктен Арыста сақталып келді дейтін болсақ, олардың басым бөлігі Кеңес Одағынан қалған «мұраның» қалдықтары екендігі айтылуда. Кезінде Ауғанстан жерінде он жылдай соғыс жүргізген Кеңес әскерлерінің қолданылмаған қару-жарақтары мен оқ-дәрілері тоғыз жолдың торабындағы Арыс стансасына таяу орналасқан әскери бөлімнің қоймасына жинақталған. Сол тұста сәтсіздікке ұрынған қайта құру реформаларынан соң көбесі сөгіле бастаған «мызғымас» империяның қорғаныс саласының бар-жоғын түгендеуге мұршасы болған жоқ.

Ал Арыс төңірегіне қару-жарақ­тардың алғашқы легін жинақтау өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дары­ның соңына таяу басталған. Ол мезгіл Орталық Азия әскери округі­нің құрылуы және Кеңес Одағы мен Қытай шекарасындағы шиеленістерге сәйкес келеді.

Сөйтіп әскери қойма уақыт толқы­нымен толыққан үстіне толыға берді. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң бұл қойманың қаупі туралы ара-тұра мәселе көтерілсе де, жауапты ведомстволар хал-қадерінше әрекеттенсе де, Арыстың бойы соңғы онжылдықта дүркін-дүркін жарылыстарды бастан өткерді. Бұл – аталған қаладағы соңғы он жылдағы төртінші жарылыс.

Арыстағы алғашқы дүмпу 2009 жылы естілді. Ескі қару-жарақты залал­сыздандыру жұмыстарымен айналысып келген кәсіпорында техникалық қауіпсіздік қағидаларының сақтал­мауы­на байланысты қатарынан үш жарылыс болды.

Осы тәріздес жарылыстар 2014 және 2015 жылдары тіркелді. Бұл оқи­ға­лардың салдарынан жаралан­ғандар мен қаза тапқандар да бар. Ол оқиғалардың себептері де анықталды, кінәлілер жазасын алды.

Ал кешегі, яғни 24 маусымдағы жарылыс бойынша Қылмыстық кодекстің «Қару және қауіпті заттарды сақтау ережесін бұзу» бабы (462-бап, 1-тармақ) бойынша тергеу жұмыстары басталып кетті.

Мұндай кісі өліміне соқтырған, елдің зәре-құтын алған төтенше оқи­ға­лардан кейін мемлекеттің де қам­сыз отырмайтыны түсінікті. Алайда, қоймадағы мерзімі өткен оқ-дәрі­­лерді залалсыздандыруға бөлініп кел­ген қыруар қара­жат орнымен жұм­салды ма, жауапты тұл­ғалардың жауап­кер­шіліктері қандай болды деген заңды сауал туындайды.

 

Көшіруге қаржы жетпеген

Кеше Үкімет отырысынан соң жур­налистер алдына шыққан Қор­ғаныс министрінің бірінші орын­­басары – Қарулы Күштер Бас штабы­ның бастығы Мұрат Бектанов қаржы­ландырудың жеткіліксіздігіне байланысты әскери қоймадағы қару-жарақты көшіріп үлгеру мүмкін бол­ма­ғандығын айтты.

– Қоймалар елді мекеннен 200 метр қашықтықта орналасқан. Бірақ біздің талабымыз бойынша бұл арақашықтық кемі үш шақырым болуы тиіс. Біз ол аралықты 10 шақырымға дейін ұзартуды сұрап талай әрекеттендік, құжаттар жинақтадық. Алайда, ол үшін халықты 800 метр жерден өтетін теміржолды көшіру керек болды, – деп мәлімдеді М.Бектанов.

Қарулы Күштердің өкілі Арыстағы қоймада сақталған қару-жарақты көшіру 2005 жылы басталғанын да атап өтті. Бірақ жоғарыда ай­тыл­ғандай, бұл «көшке» қаржы тапшы­лығы тұсау болып келген.

Шынымен де әскери саладағы темірдей тәртібі болған Кеңес Одағы­ның қауіпті қойманы бастапқыда елді мекеннен алыс орналастырғанына күмән келтіру қиын. Содан бергі уақытта халық саны көбейді, тиісінше елді мекеннің аумағы да кеңейе келіп, тұрғындардың мүлгіген «аждаһаға» жақындай түскені анық.

Айталық 2017 жылы сол кездегі Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Үкімет отырысында облыс әкімдеріне қару-жарақ сақталған нысандарға жақын аумақтан жер телімдерін бөлмеу туралы Үндеу тастады. Сол үндеуде «Диверсияға қарсы қауіп­сіздік саласындағы заңнамада қару-жарақ сақталған нысандардың айналасында тыйым салынған аумақ белгіленген. Осыны ескере отырып, барлық деңгейдегі әкімдерден жер телімдерін бөлуде мұқият болуды сұраймын, өйткені нысандар және тұрғын үй құрылысына жер бөле отырып, олар қару-жарақ қоймаларына жақындай түседі», делінген.

С.Жасұзақов қару-жарақ ұзақ мерзімге сақталатындықтан, диверсия жағдайында тұрғындардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету қиындап кете­тінін де ескерткен болатын.

Қорғаныс министрі бұл үндеуінде қару-жарақтың кездейсоқ немесе адамның салғырттығынан жарылуы мүмкін екенін айтпағанымен, шын қауіп түсінген адамға белгілі еді.

Сондықтан да кешегі оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық істе бұл мәселе де ескерілері анық.

Генералдың сауалы ескерілді ме?

Арыстағы қару-жарақ қоймасының қаупі жайында осыдан тура он жыл бұрын Парламент депутаттары да мәселе көтерді. Атап айтқанда, сол кезде Мәжіліс депутаты болған ҰҚК ардагері, генерал-майор Ержан Иса­құлов Премьер-Министрге депу­тат­тық сауал жолдап, Қорғаныс ми­нистрлігінің Арыс қаласындағы арсеналында миллиондаған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақтаулы екенін, олар қайталап жарыла қалған күнде ауқымы үлкен, ал шығын зор болатынын айтып дабыл қақты.

Осы материалды әзірлеу барысында бұл депутаттық сауалдың ав­торымен жолығып, мәселенің түп-төр­кініне қайта оралып, терең бой­лауға тырыстық.

– Мен жағдайдың осылай күр­деленіп кететінін айтып, 2009 жылы Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдадым. Өйткені Арыс қаласының төңірегінде Ауғанстаннан шығарылған мыңдаған тонна қару-жарақтың сақталып келгені туралы ақпарат болды. Уақыт өте сол қару-жарақ пен оқ-дәрілерді залалсыздандыратын кәсіпорын құрылған. Қойманың аумағы тым үлкен болатын. Әрине ол жердегі қауіпті мүлікті басқа қауіпсіз жерге көшіру керек. Бірақ ол жұмыс ұзақ уақытты, қомақты қаражатты қажет етеді. Снарядтарды тасымалдаудың өзі қауіпті. Мен жо­ғарыда арнайы кәсіпорын туралы бекер айтқан жоқпын. Себебі қой­ма­дағы мерзімі өткен қару-жарақ пен оқ-дәрілер – қыруар қаражаттың көзі. Оларды бөлшектегендегі алына­тын латунь, мыс пен қорғасын­ның, оқ-дәрінің бағасы нарықта өте жо­ғары. Сондықтан ол кәсіпорынды құру­шы­лар бұл жерде қанша жарылыс болса да, жағдайдың бақылауда, сақтау талаптарының қалыпты екенін айтып, аталған салаға шаң жуытпай келген болуы да мүмкін, – дейді Е.Исақұлов.

Генерал-майор, сондай-ақ Арыс­тағы жарылыстар өзге әскери қой­малардағы қауіпсіздікті күшейтуге түрткі болуы тиіс екенін айтады. Өйт­кені есепсіз мол қаруға жергілікті және аумақтық қылмыстық топтар, халық­аралық террористік ұйымдар да көз сұғын қадап жүретіні түсінікті.

Осы орайда Е.Исақұлов Нұр-Сұл­тан қаласына ел астанасының көші­рілуі алдында дәл осындай қауіптің бетін қайтаруға күш салғанын еске алып өтті.

– 90-жылдардың соңында ел астанасы Арқаның бойына көшкен тұста мен Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің Ақмола облыстық департа­менті­нің бастығы едім. Содан жоғарғы билік пен мемлекеттік басқару органдары Ақ­молаға көшер кезде елорда­мыз­­дың жанындағы 40-шы темір жол бекетінде орналасқан әскери бө­лімде Арыстағыдан сәл шағындау әске­ри қойма бар екені анықталды. Он­да­ғы қару-жарақтың көлемі де тым көп еді. Дереу бұл мәлімет Елбасы мен Қауіпсіздік Кеңесіне жеткізіл­ді. Нәтижесінде арнайы құрылған жұ­мыс тобы әскери қойманы шұғыл көші­ру туралы шешім қабылдап, қару-жарақ Қарағанды облысындағы по­ли­гондардың бірінің аумағына тасы­малданды. Менің білуімше, 2010 жылы сол көшірілген қару-жарақ қой­ма­сында жарылыс болған. Егер ол қойма астанамыздың жанында қала бергенде, жағдай қиындап кетер еді. Шынымды айтсам, сол кезде елорда іргесіндегі қоймада сақталған мүлікті шамамен 600 эшелонмен тасымалдаған деген деректі естідім, бірақ нақты анық-қанығын білмеймін. Көбіне мұндай жарылыс­тар адамның, жауапты мамандардың салғырттығынан болып жатады, – дейді Е.Исақұлов.

Сарапшының айтуынша, Арыс­тағыдай қоймалар еліміздің төрт бұ­рышындағы ірі-ірі әскери құры­лым­дарда да бар.

Демек, техникалық себептерді ысыра тұрсақ, Жаратушының «Сақ­тансаң – сақтаймын» қағидасын ес­тен шығармаған абзал. Бұл жерде қар­­жылық мүдде де есепке алынбауын құзырлы орындар қаперден шығар­мауы керек. Ең бастысы, мұндай мәсе­леде мемлекеттік тұрғыдағы көз­қарас сұранып тұр.

 

Қоймалар – бақылауда

Мәселе, күрделеніп тұрған уақытта елі­міздегі әскери қоймалардың орна­лас­қан жері мен ондағы қару-жарақтың көлемі жөнінде сөз қозғау артықтау бо­лар. Өйткені 2016 жылы Ақтөбеде бол­ған террористік шабуылдар кезінде қара ниетті қылмыстық топ алдымен әс­кери бөлімге шабуылдап, қару-жарақ қой­масын тонауға әрекеттенгені белгілі.

Ал жалпы қауіпсіздікке келсек, Қорғаныс министрлігінің өкілі Сергей Прохоров өзінің сұхбатында қару-жарақ пен оқ-дәрілер сақтаудың тәртібі ерекше бақылауда екенін айтқан. «Қару-жарақты, оның ішінде реактивті снарядтарды сақтаудың тәртібі бойынша оқтұмсықтарды ор­налас­т­ырған кезде өрт шыға қалған жағдайда олардың елді мекендерге емес, медиен далаға қарай атылуы ес­керіледі», деп мәлімдеді С.Прохоров.

Ресми деректерге қарағанда, Арыс­тағы қоймада негізінен реак­тивті снарядтар, жерүсті және ми­нометті артиллерия, танк снарядтары, қол гранаталары, атқыш қарудың оқтары сақталып келген. Ал ядролық қару бар деген ақпараттар негізсіз. Еліміздің ядролық қарудан азат мемлекет екенін қайталап айтудың да реті жоқ.

Ал Арыстағы алапат апаттың болу себебі тер­геп-тексерулер мен түрлі сараптамалардан соң айқындалады.