Н.Нығматулин отырыстың ашылуында сөйлеген сөзінде барлық депутаттық корпус атынан Арыс қаласында болған төтенше жағдайдан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, сонымен бірге зардап шеккендердің тезірек жазылып кетуіне тілектестік білдірді.
– Осы күндері бүкіл қазақстандықтар бір ел болып, бір халық болып жұмылып, Арыс қаласы тұрғындарына қолдан келген көмекті көрсетуде. Соның ішінде Мәжіліс депутаттары да бірінші күннен бастап осы оқиғадан тыс қалған жоқ. Депутаттар өздерінің бір күндік жалақысын арнайы көмек көрсету қорына аударды. Ал кешеден бастап бір топ депутатымыз халықпен кездесу үшін Арыс қаласына жол жүріп кетті. Баршамыз Арыс қаласының тезірек қалпына келіп, тұрғындар жағдайының тезірек жақсаруын тілейміз. Арыс, біз біргеміз, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Жалпы отырыстың күн тәртібі бойынша Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібіндегі өзгерістер қамтылған заң жобасы бойынша Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасады.
Министр бүгінде Қазақстан мен Ресей қарым-қатынастары мемлекетаралық байланыстардың эталоны болып отырғанын атап өтті. Мемлекеттердің ықпалдастығы ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша қарышты дамуымен айқындалуда. Қарқынды саяси диалог орнатылды. Терең экономикалық байланыстар құрылды.
Осы ынтымақтастықтың сәтті өрбуіне байланысты екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау толығымен аяқталып, ал демаркациясы бойынша жұмыстар жалғасуда.
Б.Атамқұловтың баяндауынша, екі ел арасындағы шекара 7 500 шақырымнан асады және әлемдегі ең ұзын шекара болып есептеледі. Қазіргі уақытта Қазақстан-Ресей шекарасында 51 өткізу бекеті бар. Олардың 30-ы – автокөлік, 20-сы – теміржол және тағы біреуі өзен арқылы. Сонымен бірге шекара маңындағы тұрғындарға арналған 86 өткізу бекеттері жұмыс атқаруда. Олар аталған аймақтар тұрғындарының қолайлы қозғалысын, барыс-келісін тәулік бойы қамтамасыз етуде.
Бұл өз кезегінде екі елдің шекарасын бойлай қоныстанған халыққа ең жақын аудан, облыс орталықтарына барып-келуіне қолайлы жағдай туғызып отыр. Сонымен қатар шекарадан өтудің жеңілдетілген түрі туыстық байланыстардың үзілмеуіне де себепкер болуда.
Депутаттарға ратификациялау үшін ұсынылған келісімнің 3-қосымшасында көрсетілген Шекара маңындағы аумақтарда тұратын Қазақстан мен Ресей азаматтарының шекараны кесіп өтуі үшін жарамды құжаттар тізбесіне өзгерістер енгізіліп отыр.
– Қазақстанның ішкі заңнамасында азаматтарды тіркеу кітабының күшін жоюына және мекенжай анықтамасының енгізілуіне орай аталған келісімге тиісті өзгерістер енгізу қажеттігі туындады. Бұл өзгерістер 2018 жылы 9 қарашада Петропавлда XV Өңіраралық ынтымақтастық форумында қол қойылған хаттамамен енгізілді. Қазіргі уақытта ауылдық аумақтардың барлық әкімдіктерінде интернет желісін қолдану арқылы мекенжай куәлігін беретін мүмкіндік бар. Осыған байланысты бұл хаттаманы қабылдау Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының маңындағы аумақтарда тұратын Қазақстан азаматтарының өту үдерісін жеңілдетуге және тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді, – деді Сыртқы істер министрі.
Сонымен бірге Ресейдің Сыртқы істер министрлігі 2019 жылы 12 сәуірде жолдаған нотасында Ресей тарапы хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер аяқталғанын хабарлаған.
Депутаттар заң жобасын талқылай келе, тұтас қабылдады.
Жалпы отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары жұмысқа алынып, отырыс дәстүрлі депутаттық сауалдармен түйінделді.