15 Наурыз, 2013

Әлиевтің әзәзілдік әлегі

481 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Әлиевтің әзәзілдік әлегі

Жұма, 15 наурыз 2013 1:29

Венаның Федералдық Жоғарғы жер соты судья Кристиана Досталянің өткен жылғы 17 желтоқсандағы шешімімен Рахат Шораздың (Әлиев) әрекетіне негізді күмән келтіріп, оның қорғаушысы Крис­тиан Лескошектің тінтілуіне қар­сы арызын қанағаттандырмады. Бұған қоса Жоғарғы жер соты Әлиевтің басшылығымен Қазақстанда қылмыс­тық топ құрылғандығын және соның нәтижесінде өзгенің дүниесін алаяқ­тықпен тартып алғандығын дәлелдеуде. Сонан кейін бұл ұрланған дүниелер бірнеше миллиондаған сомаға айналып, Еуропаға аударылғаны белгілі.

 

Жұма, 15 наурыз 2013 1:29

Венаның Федералдық Жоғарғы жер соты судья Кристиана Досталянің өткен жылғы 17 желтоқсандағы шешімімен Рахат Шораздың (Әлиев) әрекетіне негізді күмән келтіріп, оның қорғаушысы Крис­тиан Лескошектің тінтілуіне қар­сы арызын қанағаттандырмады. Бұған қоса Жоғарғы жер соты Әлиевтің басшылығымен Қазақстанда қылмыс­тық топ құрылғандығын және соның нәтижесінде өзгенің дүниесін алаяқ­тықпен тартып алғандығын дәлелдеуде. Сонан кейін бұл ұрланған дүниелер бірнеше миллиондаған сомаға айналып, Еуропаға аударылғаны белгілі.

Міне, енді осылайша алты жылдан бері алғашқы рет процесс барысында австриялық соттың шешімі күшіне еніп отыр. Онда Әлиевке қарсы қозғалған істе саяси астар жоқтығы, керісінше авс­триялық тергеу органдарының анық­тау базасына сай негізделгені көр­сетілген. Мұның бәрін Германияның отставкадағы федеральдық ішкі істер министрі Отто Шили сөз қылады. Олар Әлиев 2007 жылы өзінің көмекшілерімен «Нұрбанктің» екі менеджерін ұрлап әкетіп, қинап өлтіргенін де айтады. Әлиев бұл кезде аталған банктің басты акционері ретінде әлгі екі менеджерді ақша ұрлады деп күдік келтірген болатын. Олардан қандай да болмасын бір ақпаратты алу үшін Әлиев өзінің жандайшаптарымен бірігіп қамаудағы банк менеджерлерін аяусыз қинап, дәрі-дәрмекпен естерінен тандырып, ақыр аяғында бастарына полиэтилен қабын кигізіп тұншықтырып өлтірді. Ал 2011 жылдың мамыр айында марқұмдардың мәйіті Алматы қаласындағы, яғни сол кезде Әлиевтің жер теліміндегі өнді­рістік қалдықтарды тастайтын орында көмілген темір бөшкелерден табылды, деп жазады австриялық басылымдар. Олардың қазақстандық «Нұр банктің» екі менеджері деп отырғандары Темірәлиев пен Хасеновті 2007 жылдың 31 қаңтарында Әлиев басшылығындағы ұйымдасқан қылмыстық топ ұрлап әкеткен болатын. Банкирлердің дене­лерін сол кезде табу мүмкін болма­ған­дықтан, олардың өлтірілуі туралы іс жеке өндіріске алынған еді. Осы уақыттың ішінде іс бойынша же­дел-іздестіру шаралары жүргізілді. Темір­әлиев пен Хасенов мәйіттерінің Ремизовка шатқалында көмілгені туралы алынған жедел ақпарат­қа сәйкес жүргізілген іздестіру шаралары барысында әк салынған 200 литрлік екі бөшкеден ішінара сүйектері қалған мәйіттер табылды.

Белгіленген өндірістік іс бойынша молекулярлық-геномдық сараптау қазақстандық, ресейлік мамандарға, сондай-ақ Германия сарапшыларына тапсырылған болатын. Осы сараптамалар нәтижесі Темірәлиев пен Хасеновтің денелері табылғанын бір­ауыздан қуаттап берді. Құқық қор­ғау органдарының бірлескен күш-жіге­рі­нің нәтижесінде қылмыс ашылды. Іс бойынша жинақталған айғақтар қылмыстың қалай жасалғанын толық қалпына келтірді. Мәселен, ұрлау кезеңінде Темірәлиев пен Хасенов Науаи көшесінде орын тепкен Әлиевтің иелігіндегі резиденциясында ұсталса, олар сол жерде азаптау мен жәбірлеуге салынған. Ұрлаудың оныншы күні, 2007 жылдың 9 ақпанында Әлиев банкирлерді лидокаин салу арқылы дәрменсіз күйге түсіріп, 002 нөмірлі «Ленд крузер» көлігімен резиденциядан алып шыққан.

Әлиевтің тапсырмасымен Темір­әлиев пен Хасеновтің сол жерде болған­дығын білдіретін із-айғақтардың бәрі жойылған. Бастапқыда өлтіру Әлиевтің Көлді кентіндегі агрофирмасында жос­парланса, куәлердің көп болуына байланысты Әлиев ұрланған адамдарды Ремизовка шатқалына алып кеткен. Өлтіруді «Казтелерадио» АҚ-тың жоғарғы алаңында орналасқан «Казстройцентр» ЖШС аумағы маңында жүзеге асыру ниетін екі мекеменің де Әлиевтің иелігінде екендігімен негіз­деуге болса, кешкісін сол жерге жасырын келуге мүмкіндік мол еді. Сонымен бірге, шығыс жағында бірнеше жыл бойы Әлиевтің бақылауындағы құрылыс алаңдарынан қоқыс әкеліп төгілген ұра бар болатын.

Қылмыскерлер Темірәлиев пен Ха­сеновті ұраға алып келгеннен кейін олардың басына полиэтилен пакет­тер кигізіп, мойындарына қолда бар материалдардан тұзақ жасап, қыл­ғындырып өлтірген. Банкирлердің өлі денелері 200 литрлік бөшкелерге күш­теп салынғаннан кейін мәйіттерді ке­міріп, адам танымастай ету үшін үс­теріне әк құйған. Бөшкелердің өзі қо­қыспен жауып тасталған. Одан кейін қылмыскерлер Темірәлиев пен Хасенов мәйіттері жасырылған жерге құрылыс қоқыстарының әкеп төгілуін тұрақты бақылауға алады. Нәтижесінде, ұра жермен теңесіп, тегістеліп кетеді де, ішінде банкирлердің мәйіті бар бөшкелер 3-3,5 метр тереңдікте қалады.

Іс бойынша жинақталған айғақтар Темірәлиев пен Хасеновті Әлиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобы ұрлап әкетіп, өлтіруі оқиғаларының үзіліссіз тізбекпен жалғасқанын айқын көрсетеді. Осыған байланысты Рахат Әлиев пен оның сыбайластарына Қылмыстық кодекстің 96-бабының 2-бөлігі бойынша – аса ауыр жағдайда адам өлтірді деген айып тағылды. Сот оларды тұтқындауға санкция беріп, халықаралық іздеу жария­ланды.

Міне, осындай бұлтартпас айғақтарға байланысты болса керек, Германияның бұрынғы ішкі істер министрі Отто Шили де өз отанында екі банк қызметкерін ұрлап әкетіп, оларды азаптап өлтірді деген айып тағылған Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевті тұтқынға алу үшін ордер берілуін талап етті. Отто Шили өлтірілген менеджерлер жесірлерінің мүддесін қорғаған веналық адвокат Габриэль Ланскиді қолдайтынын білдірді. Шили мен Лански істің тергелуі және алқа билер соты тағайындалуы барысында Әлиев пен оның сыбайластарын қамауға алуды талап етіп отыр. Өйткені, олардың бірқатары Австрияда тұрып жатыр.

Адвокат Лански тергеу жұмыстары­ның жаңа нәтижелерін де жариялады. Оның айтуынша, күдіктілердің ДНК-лары, сот-медициналық сараптамалары мен телефон арқылы сөйлескен сөздері қамауға алынған екі менеджердің азаптап өлтірілгенін толық айғақтайды. «Бірінші рет бірнеше жылға созылған сот процесінің қаралу шеңберінде Әлиевтің атына тағылған айыптауларды Австрия тергеу ведомствосы растап отыр, мұнда ешқандай саяси астар жоқ», – дейді адвокат. Сонымен қатар, ол: «Вена Федералды Жоғарғы жер сотының 2012 жылғы 17 желтоқсандағы Әлиевтің ісі бойынша шығарған шешімі, бәлкім, бұл оқиғаның жаңа бетбұрыс алуының басы болып табылатын шығар» деп өз ойын түйіндейді. Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай, іс бойынша Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісіне қатысты күдік расқа айналды, мұның өзі оның пәтеріне тінту жүргізуге қарсылық білдірген адвокатына тойтарыс берілуіне себеп болды. Осы аралықта Әлиевтің адвокаты Манфред Айнедтер ресми айыптау тағылған жағдайда өз клиентінің Австрия заңының алдында жауап беретінін де мәлімдеді.

Жалпы, австриялық бұқаралық ақпарат құралдарының жазуына қара­ғанда, бұдан бұрын Германия билігі Рахат Әлиевтің Metallwerke Bender Rheinland металлургиялық комбинатын сатып алуына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Содан неміс прокуратурасы Bender фирмасы арқылы жалпы сомасы 9,45 млн. еуро көлеміндегі қаржыны қымқырған жүзден астам дерек бар деп есептеді. Бұл қылмыстық әрекеттер Рахат Әлиев Қазақстанның елшісі ретінде Австрияда тұрған 2005-2007 жылдары жасалған. Бұған қатысты «Русская Германия» басылымы Германия өкіметі Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің Metallwerke Bender Rheinland GmbH металлургиялық кәсіпорнын сатып алуы жайын тексеруді бастады, деп хабарлады.

Бұл мәліметке қарағанда, Әлиевті ақша жасырды деген күдікпен тексеру Германияда 2011 жылдың наурыз айынан қолға алынған көрінеді. «Бұл тексерістің қақ ортасында Әлиевтің Крефельд түбіндегі Галлеп-Штратум қалашығында орналасқан Metallwerke Bender Rheinland GmbH металлургиялық кәсіпорнын сатып алуы тұр. Бұл сауда-саттық Әлиевтің Armorial Trading фирмасы арқылы жүзеге асырылған», – делінген жоғарыдағы хабарламада. Жергілікті прокуратураның мәліметі бойынша, кәсіпорынды жаңғырту Әлиевтің ниетінде болмаған, мұны ол ақша жасырудың жолы ретінде, сондай-ақ СО2 қалдықтары сертификаттарын заңсыз сату үшін ғана алған. Прокуратура мұнда Bender фирмасы арқылы ақша жылыстатудың жүзге жуық операциясы жасалып, жалпы сомасы 9,45 млн. еуро көлеміндегі ақша қолды болған, деп есептейді. Олардың бәрі Әлиевтің Венада Қазақстан елшісі қызметін атқарып, Австрияда тұрған 2005 жылдан 2007 жылға дейінгі аралығын қамтиды.

Осындай да себептерге байланысты болса керек, Жоғарғы жер соты Әлиевке тағылған айып саяси еместігін айтады. Сондықтан 2008 жылғы Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының күшіне енген үкімінде барлық жағдай нақты талқыланып, мұқият қаралғандықтан оның қылмыстық топты құрғандығына күмән келмейді дейді. Вена қаласының прокуратурасы да тергеу нәтижелерімен қазақстандық соттың ұйғарымын растай түседі. Демек, жоғарыда шуға айналған адвокаттың пәтерін тінту дұрыс жүргізілгендігін нығайта түседі.

Рахат Әлиевке қатысты австриялық бұқаралық ақпарат құралдары көптеген мәліметтер келтіреді. Мәселен, «Die Presse» басылымының 2013 жылғы 16 ақпандағы санында «Әлиев кісі өлтіргені үшін Вена сотының алдында жауап беруге әзір» деген мақала басылыпты. Сонда Венаның Федералдық Жоғарғы жер соты Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Шораздың (бұрынғы Әлиев) ақша жылыстатумен айналысқанын дәлелдеді. Сондай-ақ, Шоразға қарсы кісі өлтірді деген күдік бойынша тергеу жүргізілуде. Қорғаушы Манфред Айнедтердің айтуынша, ол өзі үшін жауап беруге дайын секілді көрінеді. Мұнда Шораздың «Media Quarter Marx» (MQM) медиа орталығын құру жобасына алаяқтыққа салынып ақша аударғанына күмән келтіріліп отыр. Соңғы кездері ORF телекомпаниясы сол маңайда орналасқан екен деген де әңгімелер жиі естілуде. Оның үстіне Шораз екі қазақстандық банкирді өлтірді деген айыптауларды өзіне жабылған жала деп танудан жалығар емес. Ал Шораз ендігі уақытта Венада емес, Мальтада жүргеніне байланысты мұны Айнедтер: «Ол онда жасырынып жүрген жоқ, тұрып жатыр» деп түсіндіреді.

Кісі өлтірді деп айыптауды дәлелдеу ақшаны жылыстатты деп айыптауды дәлелдеу секілді мүмкін емес, дейді қорғаушы О.Дитрих. Бұл қорғаушы Шоразға қызмет ететін көрінеді. Деген­мен, сот Рахат Шораздың бұрын қыл­мыстық ұйымды басқарғаны туралы күдікті негіздеп отыр. Өйткені, Шораз веналық «Маркс» медиа орамы­ның құрылтайшысы деп саналады. Жалпы, австралиялық бұқаралық ақпа­рат құралдарының жазуы бойынша, Қазақстанның бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке қатысты айыптауларды салмақты деп есептейді. Өйткені, Рахат Әлиев пен оның жандайшаптарына қатысты айыптаулар бойынша, өзінің бұрынғы банк менеджерлерін ұрлап әкетіп, қинап өлтіргендігіне байланыс­ты банкирлердің жесірлері бірнеше жылдан бері Әлиев австриялық соттың алдында өзінің әрекеттері үшін жауап беруін талап етуде. Ал Әлиев болса, мүлде басқаша сайрауда. Ол өзін жазықсыз қудалануда жүргендей санайды. Әлиев саяси тұлға ретінде қауіп төндіргендіктен, осындай қудалауға ұшырадым дейді. Әлиевті Қазақстанға экстрадициялауды австриялық билік тоқтатып тастады. Қазір ол Мальтада жасырынып жүргенін жоғарыда айттық.

Мұның бәрі Рахат Әлиевтің кісі өлтіруіне қатысты қылмысты ашу барысында анықталып жатқан жайлар. Сонымен қатар, Әлиевтің Австриядағы күмән келтіретін фирмалар мен қорлар туралы болып отыр. Міне, осыған байланысты Қазақстан Әлиев қылмыстық ұйым құрып, оған қоса миллиондарды Австрияға аударды деп айып тақты. Осыған байланысты өткен жылы жазда Әлиев үшін сенімді тұлға ретінде фирмалар мен қорлар жүйесін құрып, оны басқарған адвокатының пәтеріне тінту жүргізілген еді. Сонда MEDIA QUARTER ERRICHTUNGESELLSCHAFTST компаниясына қатысты жайлар да қалыс қалмады. MARX – Венаның қалалық басқармасы болып табылады. Содан аталған қорғаушы наразылық білдіргені белгілі. Оның тінтуге қатысты берген арызын Венаның Жоғарғы жер соты қабылдамады. Оған негіз болған ақшаны жылыстатуға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топтардың ісі айғақ ретінде тартылды.

Сөйтіп, енді Әлиев өлтірген банк менеджерлерінің екі жесірінің адвокаты Габриэль Лански жоғарыдағы шешім австриялық сот төрелігінің аталған айыптауға жауапты қарауына нақты дәлел болатындығын алға тартады. «Ақша қаражаттарын жылыстату мен кісі өлтіруді тұтас қарау керек», дейді Лански. Ол енді Австриядан тұтқындауға ордер беруін сұрайды. Ал Әлиевтің қорғаушылары болса, керісінше бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарып, негізсіз деп есептейді. Осылайша, Әлиев әлі де демократиялық жалған сөздермен бүркемелене отырып, өз отанында жасаған қылмыстарына байланысты жауапкершіліктен жалтару мақсатында өзін саяси көзқарасы үшін қуғындауға ұшыраған қашқын ретінде көрсетуге ұмтылып бағуда. Ол заңның, әділдіктің ала жібін аттап өтті. Еліміздің заңдарына, мемлекеттік тәртіпке қарсы шығу ешкімге де опа бермейді. Мұны әрбір қазақстандық азамат жадына мықтап түйгені дұрыс. Конституциялық құрылымға қарсы әрекет ету жақсылыққа апармайды. Сондықтан да шетелдік мемлекеттік айыптаушылар да істің қаралу нәтижелерімен келісіп отыр.

Алмас БОЛАТОВ.