Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан тарихындағы 2-ші Президент қызметіне 20 наурыз күні кірісті. 28 маусым күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы атанғанына 100 күн толды. Бұл мерзімде не атқарылды?
Қазақстандағы билік транзиті процесі биылғы Наурыз мерекесіне сай келді. Наурыз жыл жаңғыруының белгісі болғандықтан, ұлттық мейрам мен саяси өзгерістің қатар келуін кейбіреулер жақсылыққа балап жатты. Алайда, жаңа Президенттің алдында той тойлаудан бұрын атқаратын міндеттері шашетектен еді. Себебі 30 жыл ел басында болған Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін саяси биліктің барлық институттарын сол қалпы тиімді жұмыс істетіп, экономиканы бәсеңдетпей, ақпан айында туған әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу қажет еді. Бұдан бөлек, халық арасында да, халықаралық қатынаста да Президенттің моральдық билігін мойындату қажет болатын. Бұл үшін жай Конституция талаптарын орындау жеткіліксіз. Ол қажырлы еңбекті, нақты нәтижені және белгілі уақытты талап етеді.
Президент Қ.Тоқаев жаңа қызметте бірден Премьер-Министр, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот төрағасы, Ұлттық банк төрағасы және басқаларды қабылдап, елдегі жалпы жағдайдан хабардар болды. Алғашқы аймақтық сапарын Түркістан облысынан бастады. Оған бірнеше себеп бар еді. Біріншісі, басқа өңірлерде әлі қалың қар жатқанда, Наурыз мерекесі жылы өңірде кеңінен аталып жатты. Екіншісі, Түркістан – тұғырлы қала. Талай ханға астана болған шаһар әрі 21 хан жерленген мекен. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу етпей кетуге тағы болмайды. Үшіншісі, бұл аймақта қалың қазақ отыр. Шымкент қаласын қоса алғанда 3 миллионнан аса ел бар. Халықтың қолдауын табу аса маңызды. Сапар барысында жергілікті жұртшылық жаңа басшыға ақжол тілеп жатты.
Сыртқы саясат. Кезінде Г.Киссинждер «Дипломатия – бұл күштерді жүгендей алу өнері» деген еді. Бұл сөз Қазақстанның геосаяси жағдайында өзгелермен терезені тең ұстап, қатынасты бұзбай келуін сипаттайтындай. Жалпы, әрбір жаңа президенттің сыртқы саясатта қандай бағыт ұстанатынын, қай мемлекетке алғаш бет бұратынын сарапшылар, алыс-жақын елдер бақылап отырады. Себебі сол арқылы елбасшы дипломатиядағы өз басымдықтарын байқатады. Президент Қ.Тоқаев – тәжірибелі дипломат. Халықаралық аренадағы ондай жазылмаған заңдылықтардан хабардар. Сондықтан Ресей президенті В.Путиннің шақыруын қабыл алып, алғашқы шетелдік сапарын солтүстік көршіден бастады. Әрине оның да себептері жеткілікті. Әлемде құрлықтағы ең ұзын ортақ шекара, бір экономикалық ұйым аясындағы одақтастар, көрші, стратегиялық әріптес. Мұның барлығы ескерілді.
Ресейден кейін көп өтпей шетелдік сапар Өзбекстанда жалғасты. Оның да себебі жоқ емес. 2019 жылы бұл елде Қазақстан жылы деп жарияланды. Оған қоса, Орталық Азиядағы ең ірі қос мемлекеттің қарым-қатынасына аймақта көп нәрсе тәуелді. Екі елдің тауар айналымы былтыр 2,5 млрд доллар болған. Осы сапарда қос президент бұл көрсеткішті 5 млрд долларға жеткізуге келісті. Өзбекстан шекарасын ашып, жаңа реформалар жүргізген сайын Қазақстанның тауарларына, шикізатына, географиялық-транзиттік жағдайына мүдделі болып барады. Бұл факторлардың барлығы ескерілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа лауазымда қатысқан шетелдік ұйымның алғашқы отырысы Бішкектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті болды. Аталған басқосу аясында Президент Қытай төрағасы Си Цзиньпинь, қырғызбасы Сооронбай Жээнбеков және басқалармен кездесті. Ұйымның жұмысын жетілдіру үшін бірнеше ұсыныс жасады. Сондай-ақ Қ.Тоқаев маусымда Душанбеде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің V саммитіне қатысты. Жалпы, Президент сыртқы саясатта аса үлкен өзгерістер жасамай, Қазақстанның геосаяси жағдайынан туған көпвекторлы бағытты ұстанатынын көрсетті. 1990 жылдары өзі Сыртқы істер министрі ретінде осы бағдарды жасақтауға, жүзеге асыруға үлесін қосқан.
Аймақтар. Президент өз қызметіне кіріскен қысқа уақыт аралығында елдің көпшілік облыстарын аралап қайтты. Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл облыстарында жұртшылықпен жолығып, жергілікті мәселелерді жылдам шешуді тапсырды. Бұл сапарлардың бірнеше мақсаты болды. Алдымен, жаңа Мемлекет басшысы ретінде өңірлердегі халықпен танысу, сайлау алдында қолдау табу. Бұдан бөлек, облыстардың жағдайын өз көзімен көріп, жергілікті мәселелерден хабардар болу. Сондай-ақ әкімдердің жұмысына да баға бергісі келген болар. Облыстарға барған сапарында Президент әр аймақтың ерекшеліктерін ескерді. Мәселен, Атырауда жұртты мазалаған жол сапасы, экология мәселесін көтеріп, шетелдік және отандық жұмысшылардың жалақысын теңестіруді тапсырды. Кешегі Теңіздегі жұмысшылар қақтығысы соңғы мәселенің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қостанайда шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Таразда Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың отбасына кіріп шықты. Өзге өңірлерде ауыз су жайын талқылады.
Жалпы, аймақтар жаңа Президенттің саяси тұғырнамасының басты бағдарының біріне айналды. Сол үшін сәті түскенде «Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан» деген ұстанымын қайталап отырды. Арыс пен Атыраудағы (Теңіз) соңғы жайттар бұл дұрыс шешім екенін көрсетіп отыр. Облыстардың әл-ауқатын көтермей, тек орталықты дамыта беру ешбір елді әлі көгерткен емес.
Сайлауалды науқан және сайлау. Нұрсұлтан Назарбаев Ата Заңға сәйкес ел тізгінін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған соң Nur Otan партиясынан президенттік сайлауға кімнің кандидат болары түсінікті болды. Әрине кешенді саяси қолдау болған соң әрі өзгелерден саяси тәжірибесі мол болғандықтан Қ.Тоқаев сайлауда негізгі үміткер саналды. Бірақ бұл сынақтан абыроймен өту қажет еді. Ол кандидат ретінде электоратқа өз саяси платформасын ұсынды. Онда мемлекет дамуына қатысты негізгі мәселелер жан-жақты қаралды.
Президент әрі кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабы қысқа уақытта осы бағдарламаны сайлаушыларға жеткізуге тырысты. Nur Otan партиясы жаңа саяси технология қолданбады. Жылдар бойы сынақтан өткен танымал кісілерді кандидаттың сенімді өкілі етіп, аймақтарды аралау деген ескі әдісті қайталады. Тек бұл жолы әлеуметтік желідегі жұртпен жұмыс істеуге көбірек көңіл бөлді. Бұл уақыт талабы екенін бәрі түсінді.
Сайлау додасы кандидаттар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әміржан Қосановтың арасында жүретінін көзіқарақты жұрт болжады. Солай болды да. Нәтижесінде, Қ.Тоқаев 70 пайыз, ал Ә.Қосанов 16 пайыз дауыс жиды.
Жалпы, сайлауалды кампания барысында Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру, жемқорлықты жою, жастарды мемлекеттік басқаруға араластыру, ауыз су жеткізу, өңірлерді дамыту секілді мәселелерге назар аударды. Иә, бұл тәуелсіздік алғалы бері шешімін толық таппаған түйткілдер. Одан Үкімет те, халық та хабардар. Енді Президент оларды шешуге уәде берді. Уақыт көрсетеді.
Жаңа бастамалар. Билік транзиті жүріп, қанша сабақтастық сақталса да қоғам жаңа Мемлекет басшысынан жаңашылдық күтеді. Бұл – заңдылық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны жақсы түсінеді. Сондықтан өткен 100 күнде ол бірнеше жаңа бастама көтерді.
Саяси платформада айтылған идеяның бірі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру болды. Оның құрамына қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ, партия, жастар ұйымдары өкілдері кіруі мүмкін. Кеңес заң жобалары мен даму бағдарламаларына қоғамдық сараптама жасамақ. Әрине, бұған дейін де осы мәндес түрлі кеңестер құрылды. Алайда, олар тек кеңес беретін, консультативтік деңгейде болған соң олардың маңыздылығы уақыт өте келе азайып кетті. Сондықтан кезекті бұл кеңеске қатысты екіұдай пікірлер айтылып жатыр.
Президент Қ.Тоқаев, сондай-ақ бірқатар әлеуметтік санаттағы азаматтардың қарыз жүктемесін жеңілдету жөнінде Жарлыққа қол қойды. Бұл санатта көп балалы, мүгедек баласы бар, асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және жетім балалар бар. Шарт бойынша несиенің көлемі 300 мың теңгеге дейінгі қордаланған негізгі қарызы мен соған есептелген сыйақысын мемлекет төлеп бермек. Олардың жалпы қарызының көлемі 3 млн теңгеден аспауы тиіс. Бұл көмек жарты миллион қазақстандықты қамтуы мүмкін. Әрине Үкімет алған қарызыңды өтеп жатса, оған кім қуанбасын? Дегенмен, өзгенің смартфон, теледидар алуға, той өткізуге алған несиесін біз неге өз салығымызбен, бюджет есебінен жабуымыз қажет деп таразының басына басқа заңды сұрақ қойғандар да аз емес. Себебі бұл Жарлықты орындау үшін барлығы 105 миллиард теңге қажет. Бұдан бөлек, Үкімет тарапынан осы жылдың басынан бері жасалып келе жатқан әлеуметтік көмектер кейбір жұмыссыз топты одан әрі масыл етуі әбден мүмкін. Қоғамда осындай кері құбылыс басталмас үшін несие төлеуге көмектесу шарасы бір рет қана болмақ және табысы төмен азаматтарға несие беру талаптары қатайтылмақ.
Заңды митингтер өткізуге рұқсат беру қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқан тақырып. Әсіресе, сайлау уақытында бірнеше заңсыз пикеттер ұйымдастырылғанда аталған мәселе кеңінен көтерілді. Президент сол кезде-ақ заң аясында митинг жасау азаматтардың құқығы екенін атап өтті. Мұндай пікірлер бұған дейін де Үкімет мүшелері тарапынан талай айтылғанымен, нақты ешбір қоғамдық ұйымға қала басшылығы тарапынан рұқсат берілген емес. Алайда, 30 маусым күні елорда мен Алматы қалаларында заңды митинг өткізуге қала әкімдіктері келісім берді. Әрине мұндай мәселе Президент Әкімшілігі тарапынан бақыланатыны белгілі. Басқаша айтқанда, Мемлекет басшысы да келісіп отыр. Саяси заңдылықтар бойынша заң шеңберіндегі митинг – азаматтық қоғамның бір белгісі. Оны өткізу қоғам ішінде қордаланған түйткілдерді тануға, «әлеуметтік жарылыстардың» алдын алуға көмек беруі мүмкін. Батыс елдерінің барлығы дерлік осы жолмен жүрді. Сондықтан Президенттің пікірі нақты шешімге ұласқанын демократиялық процестің қарқын алғаны деуге де болады.
Арыстағы апат. 24 маусым күні Арыс қаласында жарылған әскери қойма тек бұл қалаға ғана емес, бүкіл оңтүстік өңіріне сынақ болды. Себебі бас амандығы үшін эвакуацияланған 45 мыңдай халықты көрші елді мекендерге жайғастыруға тура келді. Әрине Қазақстан тарихында бұрын-соңды бүкіл қала тұрғындары бір күнде ауа көшпеген. Сондықтан алғашқы күні түсініксіз жайттар көп болды. Дегенмен, сол күні кешке қарай Президенттің Арысқа барып, халықпен кездесіп, басу айтуы, ауруханадағы науқастардың халін сұрауы, жағдайды реттеуге тапсырма беруі көптің көңіліне сенім ұялатты. Сын сәтінде халықпен бірге болу – Мемлекет басшысының міндеті. Басқаша айтқанда, Арыс алғашқы апат ретінде жаңа Президентке де сынақ болды. Дереу бүкіл республикадан көмек аттанды. Араға апта өтпей, арыстықтар үйлеріне оралды. Жағдай тұрақтанды. Қаланы қалпына келтіріп, халыққа көмектесу бойынша Үкімет кешенді жоспар қабылдады.
Сөз соңында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіндегі алғашқы 100 күні тыныш өтті деуге еш келмейді. Жаңа сапарлар, сайлау, жаңа тағайындаулар, халықпен жүздесу, шетел басшыларымен кездесу, жаңа стратегияны жариялау, ұлықтау рәсімі, Арыс, митингілер – бәрі болды. Барлығынан абыроймен өтті. Жоғарыда айтқандай, қоғамның Мемлекет басшысынан үміті зор, жаңашылдық, тың бастамалар, нақты нәтиже күтеді. Сондықтан Президенттің жауапты 100 күні жемісті өтті деуге толық негіз бар.