Ақша жасаушылар сотталды
Жұма, 19 сәуір 2013 0:31
Еліміздегі мұнайлы аймақ саналатын Атырау облысында кәсіптің жаңа түрін меңгерген, алуан түрлі елдердің валютасын жасай беретін «мамандар» да шығып жатыр. Қылмыстың мұндай ауыр түрін кәсіп еткен топ мүшелері күні кеше ғана сот жүзінде жазаларын алды.
Жұма, 19 сәуір 2013 0:31
Еліміздегі мұнайлы аймақ саналатын Атырау облысында кәсіптің жаңа түрін меңгерген, алуан түрлі елдердің валютасын жасай беретін «мамандар» да шығып жатыр. Қылмыстың мұндай ауыр түрін кәсіп еткен топ мүшелері күні кеше ғана сот жүзінде жазаларын алды.
Шыны керек, облыс қаржы полициясы дерегін біліп, мекенін тауып, қылмыстық топты қолға түсіргенше, Жайықтың жағасын жайлаған жұрт орталарында осындай ойлылардың жүргендерін оншалықты біле қоймапты.
Атыраулық ақша жасағыш топ бес адамнан құралған екен. Олар АҚШ-тың долларынан бастап, өзіміздің теңгеге дейін дайындауды кәдімгідей үйреніп алғанға ұқсайды. Тура «Малиновкадағы үйлену тойы» деп аталатын кеңестік ескі бір фильмдегі Папандопуло секілді, бұлар да кезінде әртүрлі валюталарды зуылдатып салып шығара берген.
Атыраудың ақшагерлері негізінен 100 АҚШ долларларын жасауға маманданған көрінеді. Ал төтеннен барған тексеру кезінде олар ұйымдастырған астыртын цехтан HEIDELBERG GTO маркалы баспа станогы табылған. Оның жанында банкнот жасауға керекті бояулар, арнайы қағазы, фото шығару құралы қолға түскен. Сонымен бірге, жалпы сомасы 244 300 АҚШ долларын құрайтын 100 цифрлы кесілген купюралар алынған. Бұлардан басқа, әлі кесілмеген, жалпы сомасы 293 600 АҚШ доллары болатын купюралар тұрған. Тексеру барысында топтың мүшелерінің Атырау облысы аумағында 2000, 5000 және 10000 теңгелік жалған ақшалай белгілерін жасап, сатқаны да анықталған.
Аталмыш қылмыстық істі қараған сот топтың жетекшісі Ерғалиевке 13 жылға берсе, топ мүшелері Шамшиденовті – 12 жылға, А.Аймұратов пен Е.Орынбасаровты 9 жылдан бас бостандықтарынан айырды. Сол сияқты, Әбуғалиев есімді тағы бір азамат шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыруға кесілді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау қаласы.