Қоғам • 03 Шілде, 2019

«Жаңа кәсіптер атласы» - талапкерлерге нұсқаулық

1882 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жақында ERG мен BTS Digital компаниялары «Жаңа кәсіптер атласы» деп аталатын жаңа мамандықтарды анықтауға негіз­делген жобаны қолға алды. Бұл карта негізінде талапкерлер келешекте елімізде сұранысқа ие болатын мамандықтарды анықтап, ақпарат ала алады. Осы орайда BTS Digital компания­сы оқыту орталығының жетекшісі Саясат Нұрбекпен аталған жобаға қатысты әңгімелескен едік.

«Жаңа кәсіптер атласы» - талапкерлерге нұсқаулық

Фото: weproject.media

– «Жаңа кәсіптер атласы­ның» мақсаты не? Оны кімдер дайындады?

– Еліміздегі еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің арасында біраз үйлес­пеу­шілік бар. Кезінде Кеңес өкі­метіндегі жоспарлау комитеті зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде 5-10 жылдық жоспар дайындайтын. Сол карта негізінде Еңбек министрлігі «Еңбек резерві» деген бағдарлама жасайтын. Ол келешекте қандай зауыт, фабрика ашылып, оған қанша маман қажет болатынын көрсететін үлкен кар­та еді. Осы есепке негізделіп Білім министрлігіне тапсырыс жа­са­латын болған. Яғни, бүгінгі біз­дің жүйедегі білім гранттары. 90-жылдары еліміз нарық экономикасына көшті. Ен­дігі кезекте кадрлар қажеттілігін на­рық белгілейтін болды. Тапсырыс­ты кә­сіп­орындар береді. Деген­мен, 30 жылда мем­лекеттік тапсырыс жүйесі өз­геріссіз қалды. Үйлеспеушіліктің не­гізгі себебі – осы. Сон­дықтан жыл сайын жүз­деген заң­гер­лер мен ондаған эко­номис­тер ең­бек нарығында жұмыссыз қала­ды. Та­ғы бір мәселе – оқу орындары на­рық сұра­нысына тез арада жауап бере ал­майды. ЖОО-да жаңа мамандық ашу үшін бір­неше жылдар кетеді. Бүгін­гі білім жүйесі әкімшілік моделмен ұйым­дас­ты­рылады, бұл – дамуды тежейтін үлкен мәселе. 

Ал «Жаңа кәсіптер атласы­ның» мақ­саты – қарапайым халыққа көмектесу. Бұл ой 2012 жылы басталған. «Болашақ» қауым­дастығында 7 жыл қабылдау ко­мис­сиясының қатарында бол­ғаным­да талап­керлердің 70-80 пайызы бола­шақтарына сенімсіз еді. Мамандық таңдап, шешім қабылдайтын жеткілікті ақпарат жоқ. «Жаңа кәсіптер атласына» кіріс­пес бұрын барлық әдіс­темелерді қарап, сараладық. Анг­лияның Еңбек ми­нистр­лігі мен Оксфорд университетінің бір­лесіп, 700-ге жуық мамандықты елдің әр ауданы бойынша зерт­теген бағдар­ла­масы бар. Нәти­жесінде, келешекте қан­дай ма­ман­дықтың сұранысқа ие бо­лып, керісінше қайсысы еңбек нарығында қажет болмайты­­нын анықтауға мүмкіндік бере­ді. Мұндай бағдарламалар Кана­дада, Син­гапурде де бар. Деген­мен олардың үлгісі бізге келе бермейді. Оған себеп – бағ­­дар­лама­лар жетілдірілген экономи­ка­лық жүйеге арналған. Біздің экономика құрылымы дара. 

Мәскеуден бұл әдістемені оқып, зерттеу жүргізуге сертификат алып келдім. Тобымызда 12 әдіскер бар. Олар да арнайы дайындықтан өткен. Барлығымыз BTS Digital компаниясында жұмыс істейміз. Сонымен бірге Ресейден арнайы шақыртылған 5 маман бар. Өйткені біздің де тәжірибеміз жоқ. Сондықтан олар алғашқы жобаның басы-қасында. Бұдан кейінгі карталарды өзіміз жасамақпыз. 

– «Жаңа кәсіптер атласы­ның» ерекшелігі неде?

– Үлгі ретінде 2014 жылы Ресей­де жа­сал­ған әдістемені алдық. Ал ол 2008 жылы Халықаралық еңбек ұйымы ұсын­ған Skills technology foresight әдісте­месі бойынша жа­салған. Карта маман­дық­тар­ды үш топқа бөліп, олардың ал­дағы уақытта сұранысқа ие боларын, не мүлде қажетсіз болып қала­ты­нын анықтаған. Ең қызығы – үшін­ші топ­тағы сұранысқа енген жаңа ма­мандықтар елімізде тіпті оқы­тыл­­майды. Бұл қазіргі таңда оқу мер­зі­мі­нің қысқарғанын көр­сетеді. Оған еңбек нарығының өзгеруі себеп. 

«Жаңа кәсіптер атласы» аясында еліміздегі тоғыз негізгі сала зерттеледі. Олар: ауылшаруа­шы­лық, тау-кен, мұнай-газ, құ­ры­лыс, қаржы, коммуникация және ақпараттық бағдарламалар, мемлекеттік басқару, білім, машина жасау. Осылайша, талапкерлерге, олардың отбасына еңбек на­рығындағы тенденциялар туралы то­лық ақпарат бере аламыз. Ресей атла­сы­ның бір кемшілігін байқадық. Олар 50 жылдық жос­парды Мәскеуге негіздеп жасап, өңірлік сұранысты ескермеген. Біз керісінше төменнен бас­тамақпыз. Әр облысты бөлек қарас­тырып, 10-15 жыл­мен шек­телдік. Алғашқы жобаны ERG компаниясының тапсырысымен тау-кен саласынан бастадық. Хромтау қала­сындағы Дөң тау-кен байыту комбинаты негізінде жасаймыз. 80 жылдық тарихы бар комбинатта 7000 адам жұмыс істейді. 

Тоғыз саланы және 17 өңірді жеке қарастырғанда әр саланың сұранысы есепке алынған нақты жоспар пайда болады. Алғашқы жобаның өзінде 18 сұраныстан шыққан, 14 өзгеріске ұшыраған, 13 жаңа мамандықты анықтай алдық. Атластың тағы бір мүм­кін­дігі оқу орындарының басшы­ларын зерттеуге шақырып, олар­ға да еңбек нарығындағы өзге­ріс­­­терді көрсете аламыз. Осы не­гізде Дөң тау-кен байыту жа­нын­дағы Хромтау тау-кен тех­­ни­калық колледжінің басшы­ларын шақырып, көрсеттік. Яғни, олар алдағы 5 жылда ең­бек нарығындағы күті­летін өзгеріс­тер туралы хабардар. Бү­гін­нен бастап қажетті шараларды қолға ала­ды. Бұл жоғары оқу орындарына нақ­ты жоспар жасауға мүмкіндік береді. Біз­дің тағы бір үмітіміз – сол саладағы адам­дардың ортақ қауымдастық құруы. Ұжым­дық энергияның күші мықты. Бір сала­дағы адамдар­да ортақ бей­не болуы керек, оны ортақ мүд­деге бағыттау керек. Бұл демо­кратиялық принципке негіз­делген, өйткені осы саладағы әрбір маманның пікірі есепке алы­нады. Ортақ идея болса, оған қауым сенсе, ол міндетті түр­де іске асады. Қоғамның әр­бір мү­шесі соны қабылдап, әрқай­сысы соған қатысты әрекет жасаса, ол үлкен ықти­малмен орындалады. 

– Жаңа мамандықтар еліміз­де оқытылмайды дедіңіз, кей кез­де оларды арнайы курстарда оқып, үйренсе де болады. Бұл келешекте дипломның қажет еместігін көрсетпей ме?

– Бүгінде диплом құнсызданып жатыр. Google сияқты үлкен компаниялардан бастап диплом­ға емес, адамның қабілетіне қарай­ды. Жұмыс берушіге адам­ның дағ­дысы, қабілеті маңызды. Қа­зір­гі таңда ЖОО-лар трансформа­циядан өтіп жатыр. Олар не оқу бағдарламасын қысқартуы керек, не қажетті дағдыларды оқытуы керек. Қазіргі еңбек нарығында білім емес, қабілет маңызды. 

– Сұраныстан шыққан ма­ман­­дық иелері енді қайда бара­ды? Оларға қандай кеңес бересіз?

– Сұраныстан шығып қал­ған маман­дық иелері уақыт жоғалт­пай, жаңа ілім іздеуі керек. Элвин Тофллер деген атақты әлеу­меттанушы «ХХІ ғасырдың наданы жазып, оқи алмаған адам емес, өз білгенін ұмы­тып, жаңаны үйрене алмаған адам» дейді. 

– Ал ауыл-аймақтағы білім гранттарына тәуелді талапкерлер не істейді?

– Мамандықты грантқа байланысты таңдап түсуге болады, бірақ ол келешекте қажет пе, соны ойлану қажет. 

– Сіздің ойыңызша, үнемі сұраныста болатын мамандық?

– Ешқашан сұраныстан шықпайтын мамандық – ұстаз. Адам баласы ешқашан өз қате­лерінен сабақ алмайды, үнемі оқытатын адам қажет. 

– Кей азаматтар мамандық ауыс­тырудан сескенеді. Өзіңіз де қазір басқа саладасыз. Он­дай аза­­мат­тарға қандай кеңес бересіз?

– Әлем тез әрі түбегейлі өз­геріп жатыр. Тез өзгергені сонша, адамдар оған дайын емес. Болашақта не боларын нақты ешкім айтып бермейді. 

Саланы өзгерту де ешқа­шан кеш емес. Мен 36 жасымда мүл­де басқа салаға ауысып кет­тім. Маман­дық ауысты­рамын дейтін­­дерге көп үйренуге дайын болу керек дер едім. Осы ретте Эл­вин Тофл­лердің принципі кө­мек­теседі. Үйрену керек, бірақ біл­генің­ді де ұмыта алу ма­ңыз­ды. Адам қалыптасқан түсінігі мен ұс­­та­ным­дарын ұмыта алуы керек. Ең қиы­ны да – осы. Одан кейін біл­геніңді қай­та үйрену керек. Үнемі ізденісте болса, тіпті жақсы. Бірақ ең бастысы, қорық­пай, қалып­тас­қан зонадан шығу керек. Адам бір орында тұрып қалса, дамымайды.

– Елімізде қай салада маман тап­шы­лығы бар?

– Бізде ауылшаруашылық саласы дамып келеді. Бұл үнемі сұраныста болатын, қажет сала.

Сондықтан агрономнан басқа мамандарды көбейту керек. Одан кейін ұстаздар аз. Нұр-Сұлтанның өзінде 800 мұғалім жетіспейді. Үшінші – биотехнология мен медицина қатты дамып жатыр, осы салада үлкен серпіліс болады. Та­сы­малдау, логистика. жасанды ин­­тел­лект, көлемді ақпараттар са­­ласы да қарқынды дамуда. Осы са­­ланы игеретін мамандар қажет. Ал елімізде шикізат өн­дірісі бол­ған­нан кейін энергетика саласы­ның ма­ман­дарына тап­шылық байқалады. 

– Талапкерлерге қандай кеңес бересіз?

– Әркімнің өз ерекшелігі бар. Соны неғұрлым ерте тапса, соғұрлым жақсы. Ол қарапайым болуы да мүмкін. Екінші­сі – уа­қытты сол ерекшелікті дамы­ту­ға жұмсау керек. Оған қоса, ата-аналар мен балалардың арасында байланыс болуы керек. Өйт­кені ата-ана баласының бар­лық сабақтан жақсы болғанын қалайды. Ал кей кезде бала бір салаға негізделіп, оны дамытса, жақсы нәтиже көрсетеді. Шә­кірт­терді кез келген жағдайда, кез келген уақытта өмірдің соққысына дайын болатындай тәрбиелеу керек. Бүгінде зейін адамға қажет қасиетке ай­нал­ды. Өйткені бүгіннің адамы­ бұл қасиетті жоғалтып алған. Қан­шама ақылды адамдар осы зейіннің жетіспеуінен көп нәрсе­ден қалыс қалды. 

– Әңгімеңізге рахмет.


Әңгімелескен
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, 
«Egemen Qazaqstan»