Бұл тұста ең басты назарда болатын дүние – жаңа алфавитті қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне негіздеу. Алфавит өзгергенді тіл өзгерумен бірдей көрудің қажеті жоқ. Алфавит – таңба ғана. Сондықтан қазіргі таңда жұртшылықтың талқылауына түсіп жатқан екі дыбыс И мен У-ды дауыстылар қатарынан аластатқан жөн. Ешбір тілде жоқ үндестік заңының қазақ тіліне ғана тиесілігін нақтылайтын – тоғыз дауысты дыбысымыз. Осы заңдылықтың аясындағы буын үндестігі, дыбыс үндестігі, ерін үндестігі әуез үндестігіне ұласады. Тілімізде кириллицаны қолданған сексен жылға жуық уақытта осы үндестік заңымызға кереғар келген екі жасанды дауысты дыбыс – И мен У болды.
Тіл білімі институтының түзген емле ережесі – ұжымдық ереже дегенге сайып, латын әліпбиіне көшкен тұста да И мен У-ды дауысты дыбыс ретінде көштен қалдырмайтын сыңай танытты. Сонда біз латын әліпбиіне орыс тілі арқылы келген «кірме сөздерді» (орысша емес, түпнұсқасы орысша өзгертілген) дұрыс жазу үшін қабылдаймыз ба? Буын үндестігін, дыбыс үндестігін, ерін үндестігін қамтитын үндестік заңының бұзылуын жалғастыра береміз бе? Тәуелсіз ұлттың тілін төл сөзінде болмаған дыбыстардың ырқына көндіреміз бе? деген сұрақтардан туындайтын мәселелердің шешімін табуға септігі тиер деген үмітпен «Egemen Qazaqstan» газетіне жүгініп отырмын. Аталмыш екі әріпті (дыбыс десек, дифтонг болып кетеді) дауысты дыбыс тұлғасында оқыту қияметін мектеп пен жоғары оқу орнында үздіксіз 35 жыл практикалық қазақ тілінен сабақ берген оқытушы ретінде басымнан өткергендіктен, олардан құтылудың оңтайлы тұсы – жаңа емле ережесінде дауыстылар қатарынан шығару ғана екенін білемін. Әйтпесе, тілді оқытудағы ереже қайшылығы мен тіл заңдылығын бұзушылық төмендегідей кереғарлық сипатта жалғасады да отырады:
Бірінші кереғарлық. Әріп таныған, дыбысты айтып үйренген баланы «жүргізіп оқуға» дағдыландырудың дәстүрлі әдісі – буынға бөліп оқытқызу. Қа-йы-рым, ме-йі-рім, құ-лы-ным үлгісінде буынға бөліп оқу – бала үшін әуезді, ырғақты. Мағынасын да оқу барысында қатар ұғады. Ал су-ық-тау, қи-ын-дық, қа-си-ет, ә-де-би-ет, и-іс үлгісіндегі буынға бөлу – «буынсыз жерге пышақ ұрумен» бірдей. Буындағы ырғақты шорқақтатып тұрған - И мен У-дың дауысты бола алмайтындығы, оның орнына тиісті ұу, ый, ій дыбыстарының жазылмағандығы. Егер сұ-уық-тау, қы-йын-дық, қа-сі-йет, ә-де-бі-йет, і-йіс үлгісінде берілсе, оқу ырғағы бұзылмас еді.
Екінші кереғарлық. Буындардың сөздің басында ғана дауыстыдан басталатыны бәрімізге белгілі. Сондықтан тасымалданған буын дауыстыдан басталмайды дейміз. Жалғыз дауыстыдан тұратын жалаң ашық буын да солай. Сондықтан жалғыз дауыстыны тасымалдамаймыз. Яғни, тұйық буын мен жалаң ашық буын сөздің ортасында, соңында келмейтінін оқушыға дәлелдеп тұрып түсіндіреміз. Сосын... И мен У-ды дауысты қылған сөздерімізді қалай буынға бөліп, тасымалдайтынымызды білмей қиналамыз (іштей күйзелеміз). Қи-ық, су-и-ды, әу-ли-е, жи-ын, ки-ік, та-су-ы секілді буынға бөлу өрескелдігі – жасанды және табиғи дауыстылардың қатар келуінен емес, ый, ій, ұу, үу дыбыстарының екіге бөліне алмағандығынан. Дұрысы: қы-йық, сұ-уый-ды, әу-лі-йе, жы- йын, кі-йік, та-сұ-уы. Й және У дауыссыздарының келесі буынға ауысу мүмкіндігі шектелген.
Үшінші кереғарлық. Біздің «қазақ тілінде екі дауысты қатар келмейді» деп жүргеніміз – екінші буыннан бастап жалаң ашық және тұйық буындарды айта алмауымыз. Сондықтан қосымшаларымыздың өзі дауыссыздан кейін дауыстыға, дауыстыдан кейін дауыссызға басталады. Бұл – дәстүрлі қағида. Осылардың дауыстыға басталғандары жалғанған сөздерінің соңғы буындарын өзгеріске ұшыратады. Не жылжытады, не кіріктіреді. Мысалы, алтын сөзі екі буыннан тұрады: ал-тын. Осыған тәуелдік жалғауы -ым, -ың, -ы қалпында тұйық және жалаң ашық буын болып жалғанады. Өйткені сөзіміздің соңғы бітеу буыны дауыссызға біткен: алтыным, алтының, алтыны. Енді буынға бөлсек, түбірдегі бітеу буын ашыққа, ал тұйық және жалаң ашық буын қалпындағы тәуелдік жалғаулары бітеу және күрделі ашық буынға ауысады: ал - ты - ным, ал - ты - ның, ал - ты - ны. Осы үлгіде жылу, күлу, Уәли сөздерін тәуелдеп көрейік: жылуым, күлуің, Уәлиі. Неге бұлай? Берілген сөздердегі У және И дауысты болса, тәуелдік жалғауы дауыссызға басталуы керек қой. Яғни дауысты емес. Біз осы күнге дейін жы-лу-ым, кү-лу-ің, Уә-ли-і тұлғасында буынға бөліп, оқушыға осылай бөлгізіп келеміз. Сонда буын алмасуын да (буын жылысуы) елемеген болып шығамыз. Қазақ тіліндегі тоғыз дауыстымен келген сөздің бәрі буын үндестігі, дыбыс үндестігі заңдылықтарына бағынып, ырғақ үндестігі қағидасын сақтайды. Ал аталмыш екі әріпті (и,у) дауысты дыбыс қызметінде қолданып жазылған сөздердің бәрі тіл заңдылығына қайшы келеді.
Төртінші кереғарлық. Біз сөздің соңындағы қатаң дауыссыз Қ,К,П дыбыстарының қосымша дауыстыға басталып жалғанғанда ұяң Ғ,Г,Б дауыссыздарына өзгеретінін білеміз. Бұл құбылыс есім сөздерге де, етістіктерге қатысты болып келеді: тақ - тағы, тек - тегі, тап- табы, тақ - тағыл, жек - жегіл, тап - табыл, тақ - таға, жек - жеге, тап – таба. Осы үлгідегі етістіктерге тұйық етістіктің жұрнағы У-ды жалғағанда да қатаң дауыссыздар ұяңданатынын айтамыз да, себебін түсіндірмейміз. Өйткені бұл жұрнақтың не дауысты, не дауыссыз екендігін ажыратып көрсеткен ешкім жоқ. Тұйық етістіктің бұл жұрнағы ашық дауыстыдан кейін дауыссыз болып жалғанады: қарау, санау, төлеу, бөлеу. Тұйық етістіктің жұрнағы қысаң дауыстыға жалғанғанда ол дауысты түсіріледі: тоқу, оқу, көку, жеку. Неге? Себебі дауыссыз дыбыстар мен қысаң дауыстылардан кейін дауыссыз У жалғанбайды. Сондықтан тоқы, оқы, көкі, жекі етістіктеріндегі ы, і дыбыстары ұу, үу тұлғасындағы қосымша жалғанғандықтан (екі дауысты қатар келмейтіндіктен) түсіріледі. Яғни, етістік соңындағы қатаң Қ,К,П дауыссыздарының ұяңдануы мен қысаң дауыстыларының түсіріліп жазылуы тұйық етістік жұрнағының жалаң дауыссыз У ғана емес, ҰУ,ҮУ тұлғасында да жалғануға тиіс екенін дәлелдейді. Әйтпесе, тоқуы, оқуы, көкуі, жекуі етістіктерін тағы да буынға бөле алмай, оқушының алдында ұятқа қаламыз (дұрысы: тоқұуы, оқұуы, көкүуі, жекүуі).
Бесінші кереғарлық. Жаңа емле ережесін жасау үдерісінің басы-қасында жүрген белгілі ғалым Нұргелді Уәли ағамыз: «...Қазіргі кирилше әліпбидегі 42 әріптен бес-алтауы ғана қысқартылыпты деп, жаңа латынша әліпбиімізді қомсына бермейік дегім келеді. Қысқартылған бес-алтау емес, 9 әріп: ë, й, ц, щ, ь, ъ, э, ю, я», – дейді («Ана тілі» газеті, 24. 04. 2019). Қысқартылғандардың қатарында Й әрпі жүр. Кириллицаның дәуірінде де осы әріптің жолы болмай қойды. Төл сөзіміздегі қысаң Ы мен І дауыстыларынан кейінгі орнын сол дауыстылармен бірге жоғалтып, орнын қазақ тілінде болмаған И әрпіне берді: бійік - биік, қыйық - қиық, ійрек - ирек, жыйна - жина. Қысаң Ы мен І дауыстыларына біткен етістіктерге көсемшенің Й жұрнағы ретінде жалғанамын деп, тағы да сол дауыстыларымен бірге И әрпіне жол ұсынды: байый - байи, оқый - оқи, бекій - беки, кейій - кейи. Бұдан соң А әрпімен қосақтап Я-ның, У мен қосақтап Ю-дың құрамына сіңіріп жіберді. Енді сол құрамына сіңген әріптерімен бірге әліпбиден алып тастағанын естіп отырмыз. Бірақ жаңа әліпбидің түзілуінде Я-ның орнына йа, Ю-дың орнына йу деп қолданамыз делінеді. Қазір кейбір басылым беттеріндегі латын алфавитімен жазылған мәтіндерде жаңа үлгімен жазылып жүр: sɪɪаqty (сийақты), qɪɪanat (қийанат), gruzɪɪalyq (грузийалық), qɪɪý (қийу), kɪɪý (кийу), jɪɪý (жийу). Сонда не өзгерді? Неге сыйақты, қыйанат, грузыйалық, қыйұу, кійүу, жыйұу деп жазудан қашқақтаймыз? Тағы да И мен У- ды дауысты қылуға бүйрегіміз бұрады. Бірақ си - йақ - ты, қи - йа - нат, гру - зи - йа - лық, қи - йу, ки - йу, жи - йу түрінде буынға бөлінбейтінін ескергіміз келмейді.
Алтыншы кереғарлық. Әр оқытушы ережені нақты мысалдармен түсіндірген тұста өзінің білім деңгейін, біліктілік дәрежесін толық пайдаланып, шәкіртінің дұрыс әрі толық қабылдауын қадағалайды. Сондықтан осы күнге дейін И мен У әріптерінің дауысты дыбыс бола алмайтындығын дәлелдеп оқыта алмаған мұғалімге, олардың басқа тілдің ырқына көндігу үшін жасанды түрде дауыстылардың қатарына енгізілгенін анықтап бере алмаған мұғалімге бала оқытудың да қажеті шамалы. Күні бүгінге дейін ғылыми-зерттеу еңбектері мен оқулық атаулының бәрінде үстеулер мен сын есімнің шырайларында кездесетін күшейтпелі буындарды сөздің алғашқы дауысты дыбыстарынан кейін (Ережеде алғашқы буыннан кейін дейді. Қате пікір. Жақсы деген сөздің алғашқы буыны – жақ) -П жұрнағын жалғау арқылы жасалатынын ереже түрінде ұсынып келеді: жап-жақсы, сап-салқын, жеп-жеңіл, әп-әдемі, сұп-сұр, жұп-жұмсақ. Ал алғашқы дауыстылары И және У күйінде берілген сөздердің күшейтпелі буындары «табиғи дауыстылары» арқылы жасалады: биік – біп-биік, жинақы – жып-жинақы, суық – сұп-суық, қисық – қып-қисық, қу – құп-қу, жуан – жұп-жуан, типыл – тып-типыл. Сонда күшейтпелі буындағы ы, і, ұ дауыстыларының қайдан пайда болғанын түсіндірмеуіміз керек пе? Әлде И мен У-дың дауысты бола алмайтындығын айтпауымыз керек пе? Бұл екі әріптің дауысты дыбыстың қызметін атқара алмайтындығын тіркес сөздердің аралығынан да байқауға болады. Тіркес сөздердің аралығында екі дауысты қатар келсе, алдыңғысы түсіріліп айтылады: бара алмады (айтылуы – баралмады), келе алмады (келалмады), қайта аламын (қайталамын). Бұл – төл тілімізге тән құбылыс. Бірақ оқи алмады, ғылыми екен, оқу озаты, көру арқылы... секілді үлгідегі тіркес сөздерде кейінді ықпалдың жоқтығын әрі болмайтындығын түсіндіруге тура келеді. Ал түсіндірудің бір-ақ жолы бар. Ол – И мен У-ды дауысты дыбыс ретінде қабылдамау.
Қазақ тілі – әдеби тіл болып жоғары деңгейде қалыптасқан ғылым тілі. Әр дыбысы, әр буыны, әр сөзі ғылыми негізде тұжырымдалып оқытылуы тиіс. Ережемен оқытып, ережесіз жаздыра берсек, басқа тілден орыс тілі арқылы енген сөздердің «шаужайын көтеріп», латын алфавитіне солар үшін көшкендей боламыз. Егер дауыстыларымызға ұлт тілінің сипатын қайтарсақ, біріккен сөздердің жазылуы, тіркес сөздердің жазылуы, қысқарған сөздердің жазылуы, сөздердің тасымалдануы сияқты ережелерді тиянақтау ешқандай қиындық туғызбайды. Тіліміздің жалғамалы тіл екені рас. Алайда жалғайтын қосымшаларда не И, не У дауыстылары болмаса, неден қауіптенетініміз белгісіз де түсініксіз. Ал түбірдегі ый, ій, ұу, үу дыбыстарының қатар келуі тілдің жалғамалығын сипаттамаса керек.
«Үш тұғырлы тіл» бағдарламасын меңгеруді бірінші сыныптан бастап кеткен ұрпағымыз орыс тілін де, ағылшын тілін де қазақ тілінде қабылданып жатқан латын алфавитімен оқитын болғаны ғой. Әйтпесе, ана тілінде оқып, ана тілінде жазатын азаматқа И мен У-ды дауысты қылудың қажеті қанша?! Халықаралық мінберлерде не ағылшын, не орыс тілдерінің ережелеріне сүйеніп сөйлемеуші ме еді?! Қазақ тілінің күнделікті қолданысында жиі ұшырасатын он шақты сөздің жазылуы үшін бүкіл тіл заңдылығымызды бұрмалаудың түбі – қиянат. Ондай сөздердің жазылуын оңтайландыратын жол табуға болады. Ол үшін қазақ тілін зерттеуші ғалымдарға қоса, қазақ тілін оқытатын мамандардың құнды пікірлері қажет. Жалпы, Емле ережесі, «Орфографиялық сөздік», «Синонимдер сөздігі», «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» тәрізді ой ауқымдығы мен қол күшінің молдығын қажет ететін істерді жоғары оқу орындарының оқытушыларына міндеттеген орынды. Атқарылған істің нәтижесіне бақылау жасайтын түрлі сатылық деңгейдегі жауапты басшылары болады. Бір ғана әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тіл мамандығына қатысты бірнеше факультет, мыңдаған студент, жүздеген магистрант пен докторант бар екен. Қазақ тілінің барлық саласын қамтитын ғалым-ұстаздарының емледегі әр қағиданың, сөздіктердегі әр сөздің дұрыстығын қадағалауға мүмкіндіктері жеткілікті. Әйтпесе, емле ережесіндегі қағида мен қолданыстағы кереғарлық, қолдағы бар сөздіктердегідей «мазмұны атына сай келмеу үдерісі» жалғаса береді.
Қайсар ҚАДЫРҚҰЛОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты