Аймақтар • 04 Шілде, 2019

Үздіктер анықталды

447 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімі базасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік тіл - менің тілім» және «Үздік маман» атты байқаудың жеңімпаздары анықталды.

Үздіктер анықталды

«Орталық» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар (ТжӘҚЖ) басқармасының жоспарына және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері  арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оқып-үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру мақсатында  өзге ұлт қызметкерлері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты іріктеу байқау өткізілді. 

Екі күнге созылған байқауға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6 әскери бөлімінен 6 әскери қызметші қатысты. Байқау аясында қатысушылар мемлекеттік тілдің маңыздылығына тоқтала отырып, бірінші олар өздерін жиналған көпшілікке өзі, отбасы және қызметі туралы таныстырды. «Өрлеу» номинациясы бойынша Отан, патриотизм, отбасы, ерлік тақырыбында патриоттық тақырыпта мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді жатқа айтып, қазақтың ғұламалары мен батырлары жайында сахналық қойылым көрсетті. Баяндау айналымында олар патриоттық тақырыпта еліміздің Ата Заңы, «Қазақстан көпұлтты мемлекет», «Ұлттық ұлан ел айбынды», «Қазақстан республикасының рәміздері», тағы басқа тақырыптарда фото және бейнемен сүйемелдеу арқылы баяндамалар жасады.  Аталмыш байқауға қатысқандар қазақ тілінде сөз саптап, ойларын көпшілікке жеткізе білді. Сондай-ақ олардың бойынан мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілік пен құрмет те байқалды.

Сонымен қатар байқауға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының аға офицері, запастағы подполковник Ботагөз Рыспаева, Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының аға маманы Диана Қадырова, «Тіл дарын» оқу орталығының директоры Жұлдыз Ербатырова, Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінің журналисі, ақын Нұрқанат Құлабаев және Қостанай облыстық «Qostanaı» телеарнасының редакторы – тележүргізуші Зарина Нұрғазинова қазылық жасады. 

Қазылар алқасы қатысушылардың тілді мүмкіндігінше еркін меңгергендігіне, тіл байлығына, тіл мәдениетіне, дауыс мәнеріне, сахнада өзін өзі ұстау мәдениетіне, киім кию үлгілеріне баса мән берді. Сонымен, қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған 3 әскери қызметші жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, бірінші орынды Қарағанды қаласындағы 5451 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальоны жауынгерлік қамтамасыз ету взводының аға маманы (топ бастығы) аға сержант Евгений Бердников, екінші орынды Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің автобронды танк қызметінің аға маманы, ефрейтор Елена Гречушникова алса, Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімі медицина пунктінің маманы Наталья Исаева үшінші орынға ие болды. Сайыс жеңімпаздары байқау қорытындысы бойынша бағалы сыйлықтармен және Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының арнайы дипломдарымен марапатталды. Байқауда сахнаның сәнін келтірген, әні мен биін паш еткен Қостанай облысы «Достық» үйінің және «Өлкетану» мұражайының басшыларына алғысымыз шексіз.

Оқу – әдістемелік жиынының жалғасы Қостанай облысы әкімдігінің «Тіл дарын» оқу орталығында жалғасты. Өңірден келген тіл мамандары –  Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту орталығы тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Бақыткүл Сүлейменов, «КазТест» жүйесі бойынша және Қостанай облысы «Тіл дарын» оқу орталығы директорының орынбасары Гүлнар Талапова «Латын әліпбиінің емлесі» тақырыбында дәрістер өткізді. Екінші күні өңірден келген тіл мамандары әдістемелік сабақтар жүргізді. Әдістемелік сабақты өткізу барысында жақсы жетістік көрсеткені үшін 6505 әскери бөлімі ТжӘҚЖ бөлімше бастығының аға көмекшісі, майор Шынар Айткенова үздік деп танылып, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бұйрығымен «Үздік маман» атауына ие болып, диплом және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Ұлттық киесі тілінде. Тіл – адамды өркениетке жетелетін рухани күш екенін біз ешқашан естен шығармауымыз керек.


Мұратбек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

майор, 6697 әскери бөлімі ТжӘҚЖ бөлімше бастығының  аға көмекшісі