Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының көркі мен келбеті келіскен архитектуралық сәулетін айтпағанда, елордамыз жаһандық деңгейдегі саяси орталыққа айналды. Оған қоса, әлемдегі ең жас астаналардың қатарынан орын алды. Осы орайда арғы-бергі тарихты електен өткізіп қарар болсақ, астананы ауыстыру үдерісінің қыр-сыры жарқырап шыға келеді.
Ежелгі билеушілер өз резиденцияларының шаңырағын жаңадан басып алынған жерде тіктеп, уығын шаншып, керегесін керіп отырды. Бұл – жаңа иеліктегі билігін шегендеудің қарапайым тәсілі. Билеушілер көп жағдайларда сыртқы әлеуетті жаудан бас қаланы қорғау мақсатында ел астанасын шекарадан алыстау жерге орналастыруға тырысты.
Кейбір жағдайларда астаналардың шектен тыс үлкейіп кетуінен пайда болатын толассыз шу, былғаныш және ереуілдердің қаупіне байланысты да саяси орталық өзгеріп отырды.
Осы үдерісті зерттеуші саяси сарапшылардың пайымдауынша, астананы басқа қалаға көшірудің нақты себептері айқын.
Біріншіден, астаналарда халық тығыздана қоныстанып, үдере көшу үдерісі толастамай кетеді.
Екіншіден, астананы ауыстыру елдің бас қаласы атануға лайықты, тең құқылы қалалар арасындағы талас-тартыстарды шешу үшін қолданылады.
Үшіншіден, әскери қауіп төнген сәтте астана ауыстыру мәжбүрліктен туындайды.
Сонымен қатар бас қаланың географиялық және геосаяси жағдайы көңіл көншітпесе, мемлекетті басқарудағы және қоғамдық өмірдегі ескі дәстүрлерден арылу міндеті қойылса, жаңа астана ретінде таңдалған өңірдің дамуын жеделдету қажет болған жағдайда елдің саяси орталығы ауыстырылып келді.
Дәл осы себептер әлем картасындағы өзгерістердің бастауында тұр. Әдетте елдің астанасын ауыстыру бір ғана себепке байланып қалмайды. Бірақ осындай себептерді саралай қарасақ, басымдыққа ие дәйекті табуға болады.
Әскери және халықаралық жағдай. Кейбір мемлекеттер ел астанасын қалыптасқан әскери жағдайға байланысты уақытша және түпкілікті ауыстыруға мәжбүр болады. Мәселен, ІІ дүниежүзілік соғыс уақытында Анри Филипп Петеннің Франция астанасын Виши қаласына ауыстыруына тура келді. Өйткені Германия Парижді басып алған еді.
Тарихтың тағы бір сәттерінен соғыс немесе мемлекетішілік шиеленістерден соң мемлекеттердің екіге бөлініп кеткенін көреміз. Осындай кезде бір тарап өзінің астанасын жариялап жатады. Мәселен, қырғиқабақ соғыс кезінде Сайгон қаласы Оңтүстік Вьетнамның, Аден – Оңтүстік Йеменнің, ал Бонн – Германияның астанасына айналып шыға келді. Алайда, уақыт өте бұл қалалар астана мәртебесінен айырылды және қатардағы қалалардың сапына қосылды.
Саяси себеп. Вашингтон қаласы 200 жылдан астам уақыттан бері Американың саяси билігінің қонысы болып келеді. Ұлыбританиядан тәуелсіздік алу жолындағы күресте АҚШ өкілдерінің жиналыстары Филадельфияда өтіп тұрды. Кейін әскерилердің шабуылдарынан кейін үкімет жиналыс өткізетін орталыққа байланысты ережелер мен қағидалар өзгере бастады.
Келе-келе Потомак өзенінің жағалауындағы Мэриленд және Вирджинияның шекарасына таяу жер жиналыс өткізетін орын ретінде таңдалды.
1788-1789 жылдары аталған жоспар екі штаттың жиналысында мақұлданды. Сол кезде Ұлыбританиядан азаттық алуда, штаттарды бөлуде елеулі еңбек сіңірген әскери қолбасшысы Джордж Вашингтон президент болып сайланды.
Уақыт өте саяси орталыққа айналған өңір Колумбия автономдық ауданы болып аталып, Вашингтон елдің бас қаласына айналды. 1800 жылы жаңа қала бой көтергеннен кейін ел астанасы Филадельфиядан ресми түрде көшірілді.
Ел астанасының саяси себептермен көшірілуін Жапония, Үндістан, Ресей мен Аустралия да бастан өткерді.
Айталық, қазір Сидней мен Мельбурн Аустралияның ең ірі қалалары болып есептеледі. Ал ХХ ғасырдың басында екі қаланың арасындағы астана мәртебесін иеленуге байланысты талас-тартыстар өршіп кетуі себепті «Аустралияның астаналық аумағы» деп аталған жаңа қаланы жобалау мен салу туралы шешім қабылданды. Қазіргі астана – Канберра «кездесу орны» деген мағынаны білдіреді және құрылыс жұмыстары 20 жылға созылды.
Экономика және әлеуметтік сала. Бразилияның халқы тығыз қоныстанған Рио-де-Жанейро қаласы жағалауға жақын қоныс тепкендіктен әскери қауіп-қатерге ұрына беруі себепті ел астанасы мәртебесі 1960 жылы құрлықтың қойнауында жаңадан салынған қала – Бразилиаға берілді.
Бұл қадам елдің жағалау бойы қоныстанған халық санын азайтуға бағытталған еді. Елдің сол кездегі президенті Жуселину Кубичеканың айтуынша, ол жарты ғасырға шамаланған құрылысты бес жылдың ішінде жүзеге асырып тынған.
Бразилиа қаласын тұрғызуға шамамен 2 трлн АҚШ доллары жұмсалған. Осының себебінен үкімет алдағы жылдардың бюджетін жасақтауда көптеген қиындықтарға тап болды.
Бастапқыда жаңа астанада әлеуметтік тепе-теңдік сақталып, Бразилияның өзге қалаларындағыдай көшеде ұйықтаушылар болмайды делінгенімен, байлар мен кедейлер қатар бой көрсетті. Қаладағы құрылыс жұмыстары бітпей-ақ Бразилиада кедейлер ауданы пайда болды.
Дәл осындай әлеуметтік себептерге байланысты, атап айтқанда бас қаладағы халықтың тығыз қоныстануынан Пәкістан, Нигерия, Малайзия мемлекеттері астаналарын өзгертуге мәжбүр болды.
Экология. Астана ауыстырудың жоғарыда аталған себептеріне экологиялық күрделі ахуалдың да қатысы бар. Мәселен, біздің еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшірудің басты себептерінің қатарында дәл осы экологиялық ахуал айтылады. Әрине Елбасы астананы ауыстыру туралы бастамасын жариялап, депутаттар алдында жасаған тарихи баяндамасында Ақмола қаласының тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы болып таңдалуының 32 негізгі өлшемін атап көрсетті. Олар: әлеуметтік-экономикалық, геосаяси, көлік инфрақұрылымы, инженерлік-коммуникациялық, құрылыс, еңбек ресурстары және басқа да қолайлы мүмкіндіктер болатын.
«…Сіздердің қарауларыңызға республиканың өміріне, әсіресе алдағы болашағы үшін аса маңызды мәселені – еліміздің астанасын көшіру туралы мәселені қойғалы тұрмын. Алматы тәуелсіз мемлекеттің талаптарына қазірдің өзінде-ақ жауап бере алмайды, – деді сонда Мемлекет басшысы. – Сондықтан менің тапсырмам бойынша мемлекеттің жаңа астанасының орналасатын жерін анықтау мақсатында республиканың күллі аумағы егжей-тегжейлі тексеруден өткізілді. 32 параметр бойынша жүргізілген сараптама барлық нұсқалардың ішінде ең дұрысы Ақмола екенін көрсетті», деген еді Елбасы депутаттар алдында.
Қазір бұл шешімнің дұрыстығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы айшықты астаналардың алдыңғы легінен орын алады.
Сонымен қатар біздің еліміздің ізімен Әзербайжан, Боливия, Ұлыбритания, Мысыр, Испания, Мексика, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония, Индонезия, Таиланд, Аргентина, Иран және басқа да мемлекеттер астаналарын ауыстырудың тиімді жағын қарастыруда.