Көрмеге еліміздің белгілі этно-дизайнері, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты Ырза Тұрсынзаданың тігін және қолданбалы өнерді үйрету сабақтарына, тренинг-семинарларларына қатысқан көп балалы аналардың жұмыстары қойылды. Үш жылдан бері бүкіл республика бойынша тегін курстар өткізіп келген қолөнер шебері сан мыңдаған әйелге тігіншіліктің қыр-сырын көрсетті. Әсіресе көп балалы аналардың берекелі кәсіпті бастауына жол ашып жүрген ісмер жыл басынан бері мыңнан аса әйелге өз өнерін ақысыз үйреткен.
«Табысы төмен көп балалы аналар өз кәсібін ашып, оны табыс көзіне айналдырған еліміздің іскер әйелдерінен үлгі алуы керек. Өйткені, бұл тек өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін көп балалы ауыл тұрғындарына 505 мың теңгеге дейін гранттар беріледі. Сондай-ақ көп балалы отбасылар, мүгедек азаматтар мен жастарға 5 мың жеңілдетілген микрокредит беруге квота қарастырылған. Осының нәтижесінде биыл 15 мың көп балалы отбасы өз ісін ашып, табысын арттыруға мүмкіндік алады», деді көрмеге келген министр Бердібек Сапарбаев.
Жөргектегі баласын тербете жүріп тіккен көрпе-жастықтарын көрмеге әкелген 8 баланың анасы Әсия Оспанқұлованы сөзге тарттық. Ұстаздықпен айналыса жүріп, еңбек демалысында тегін курсқа қатысып тігіншілікті меңгерген «Алтын алқалы» ананың талпынысына таң қалдық. «Адамда ынта болса бәріне үлгеруге болады. Мына көрпелерді балалар ұйықтағанда отырып екі түн тіктім. Қолөнерге қыздарымның да қызығушылығы артып келеді. Бұл біз сияқты көп балалы аналарға таптырмас кәсіп деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы өнерді қосымша табыс көзіне айналдыру ойымда бар», дейді Нұр-Сұлтан қаласы №17 мектеп-гимназиясының мұғалімі.
42 жастағы 9 баланың анасы Әлида Отарбаева болса қаржыгер мамандығын меңгеріп, сол салада талай жыл еңбек еткен. Бала кезінен тоқыма тоқып, тігін тігуді әуес қылған алтын құрсақты ана маңындағылардың тапсырысымен ұлттық киім-кешектер де тігіп жүрген көрінеді. Өткен айда Ырза Тұрсынзаданың 4 күндік курсына қатысқан ол да құрақ көрпелерін көрмеге қойды. Әлида Отарбаеваның алдағы жоспары анық. Ол – цех ашып, қасына шебер қыз-келіншектерді жинау.
«Әйел – шаңырақтың шырақшысы, берекенің ұйытқысы. Жасыратыны жоқ, көптеген нәзік жандылардың нарықпен бірге келген болмысы бөтен кәсіппен айналысып кеткені рас. Әйел түзде жүрсе алтын ұясының жылуы азаяды, ұрпақтың тәрбиесі кемиді. Атаның дәстүрімен, ананың алтын саусағымен жеткен ұлттық қолөнеріміздің қасиеті де осында. Бұл – киелі өнер. Төл кәсібімізбен айналысқан қыздың қылығы түзеліп, болмысы өзгереді. Ұлттық құндылығымызды ұғынады. Тек өзіңіздің уақытыңыз бен шабытыңызға ғана тәуелді ететін бұл кәсіптің рызығы мол. Отбасы, ошақ қасынан шықпай-ақ ай сайынғы табысын 500 мың теңгеден асырып отырған көп балалы аналар бар», деді сөз алған «Алтын орда» дизайнерлік үйінің директоры Ырза Тұрсынзада.
Ақ желектілердің арасында тағдырын тарихи Отанымен байланыстырған қандастарымыз да болды. Қытайдан келгеніне екі жыл ғана болған Майра Жәйтінбек журналистика саласында 10 жылдан аса еңбек етіпті. «Анам он саусағынан өнер тамған кісі еді. Кестелі көрпе, оюлы сырмақтың түр-түрін тігетін. Соны көріп өссек те, үкімет жұмысын істеп, айлық алуды үлкен мәртебе сезіндік. Шынымды айтсам, құрақ көрпенің өзі құны жоғары кәсіптің көзі екенін ойлаған да емеспін. «Ана көрген тон пішер» дейді, бұл өнер маған жат болған жоқ, меңгеру де оңай болды. Біріншіден, бұл – біздің ұлағаттауға татитын ұлттық құндылығымыз. Екіншіден, біз – қыз тәрбиелеп отырған анамыз. Ұлттық өнердің олардың өсуіне тигізер септігі мол екені анық. Осыны көріп өскен бала ертеңгі күні отбасына мейірімді, икемді болады. Үшіншіден, ешкімге алақан жаймастан баламды бағып, отымды жағып жүріп-ақ табыс табуға мүмкіндік болады екен. Төртіншіден, бұл – өте көркем жұмыс. Телефоннан алыстап, жасампаздық, шығармашылық күйде боласың. Ондай адам ешуақытта басқа біреудің басындағы проблемаға назар аударуға мұршасы болмайды. Нақты мақсатпен уақыт өткізген кісінің көңіл күйі де тұрақты болады екен», дейді көп кешікпей кәсібін бастауды көздеп отырған Майра Жәйтінбек.
Көрме кезінде қасиетті өнердің қалпын бұзбауға уәде еткен белсенді аналарға министрлік пен қала әкімдігінің алғыс хаты беріліп, тігін машиналары тарту етілді.
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»