Қол-аяғын қимылдата алмайтыны, аяқ-қолы шынтақ пен тізеден төмен қарай дамымай қалғаны өмірге келе салысымен белгілі болған. Ата-анасы: «Орталықта жүрсе қатарға қосылып кете ме?» деген үмітпен Газни провинциясынан Кабулге қоныс аударады.
«Кабулдегі медицина тағдырға мойынсұнудан басқа амалың жоқ» дегеннен әрі аса алмады. Ал мен мойынсұнғым келмеді. 5 жасымнан бастап қарындашты тісіммен тістеп, ерніммен басқарып аяқ-қолым жете алмаған айналамдағы көріністерді қағаз бетіне түсіре бастадым. Алғашқы кезде тіс пен ернім еркіме бағынбады. Кейін бәрі қалыпқа түскені, менің еркіме бағынғаны соншалықты, Құдай ауыз, ерін, тіс көз алдымдағы жарық әлемді қағаз бетінде зерделеу үшін жаратқандай болып көрінеді», – дейді Робаба бізбен әңгімесінде.
Робаба қылқаламның құдіреті оны шарасыздық пен үмітсіздіктің шырмауынан алып шыққанын, өміріне жарық сәуле сыйлағанын айтады.
«Қазір мен өмірімді суретшілікке дейін және суретшіліктен кейін деп екіге бөлемін. Қылқалам құдіреті арқылы денем көтеріле алмайтын биікке көтерілдім. Өзімнің қол-аяғын қимылдата алмайтын шарасыз екенімді ұмыттым», – дейді Робаба.
Робаба Кабулде отырып, Батыс әлемінің терезесін ашуға ықпал етіпті. «АҚШ-тың, Жапония және Германияның журналистері келіп жағдайыммен, шығармашылығыммен танысты, мен туралы дүниелерді басылымдарында жариялады. Мені қазір Азия емес, Еуропа, Батыс елдері көбірек біледі. Қазір сол елдерде достарым көп. Сол достарымның қаржылай, ақпараттық қолдауымен «Робаба» мәдени-эстетикалық орталық аштым. Ауғанстанның әлемдік өркениетке деген интеграциясына мен басқаратын орталық ықпал ете алса, еңбегімнің жанғаны. Ал Азиядан, Орталық Азиядан, тіпті мұсылман мемлекеттерінен сіз бірінші болып байланысқа шығып тұрсыз», – дейді Робаба.
Робабаның портреттік стильдегі авторлық шығармаларының арасынан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бірден көзге түсті. «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің суретін үш ай бұрын аяқтадым. Алты ай бойы салдым. Қаламды тіспен тістеп, ерінмен басқарып еркіңе бағындыру оңай емес. Мен картинаны бітірген күні президенттеріңіз отставкаға кетті. «Қазақстан Президентінің суретін салуға не себеп болды?» деген сұрағыңызға жауап беру маған қиын. Шындықты айтсам – мақтау болып көрінеді. Аумалы-төкпелі заманда Қазақстанды қақтығысқа жол бермеген, шекарасы шегенделген мемлекет ретінде сақтап қалған Президенттеріңіз қандай құрметке болса да лайықты», – дейді Робаба әңгіме арасында.
Робаба сөз арасында Қазақстанды түсінде көретінін айтты. Себебі айналасында өзі құралпылас жолдастарының арасында Қазақстанда оқып жатқандар көп екен. Біздің ел жайлы түсінігі солардың әңгімесімен қалыптасыпты.
Ұзақ жылдарға созылған қақтығыстар, қайыршылық мүгедек ауғандардың өз мақсаттарына жетуіне жол бермейді. «Әлемді аяқ-қолмен емес, салқын жүрек, мимен басқарады. Сол сияқты жүрегің сүзгіден өткізген құндылықтарды қағаз бетінде түсіруге аяқ-қолдың болмауы кедергі емес екен», – дейді Робаба.
Робабаның үш сіңлісі бар. Өзінен 3 жас кіші сіңлісі Шакила Мохаммади апасына суретті ернімен басқарып, тісімен салуға Құдайдың өзі мүмкіндік бергенін, дарыны табиғаттан дарығанын айтты. «Біз оның талантына күмәнданған емеспіз. Ол мүмкін еместердің бәрін сәтті орындап шығады. Робабаның Ауғанстанға қатысты салған картиналарының бәрінде мұң бар. Басқаша салуға жүрегі рұхсат бермейді. Жүректі алдау мүмкін емес қой», – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Робаба сіңлісінің айтқанына келіскендей үнсіз қалды. «Менің Ауғанстаныма қатысты тақырыбым өзгереді. Әлі біздің ауылда да той болады. Мен алдағы уақытта қақтығыстар мен соғыстардан қалжыраған Ауғанстанды емес, шайқалған тұнығы бастапқы қалпына келген, бірлігі мен берекесі жарасқан Ауғанстан туралы суреттерімді көретін боласыздар. Қазір-ақ салғым келеді. Бірақ оған жағдай мүмкіндік бермейді ғой. Атыс пен жарылыстардан адам емес, қалам да селк етеді екен. Селк еткен қалам тек мұңды ғана көреді», – деп сөзін түйіндеді Робаба.
Біз де онымен қалам да, жүрек те селк етпейтін жақсы күндерде кездесейік деп тіледік.
АЛМАТЫ