Саясат • 10 Шілде, 2019

Сот жүйесінде елеулі өзгерістер бар

997 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асырудағы негізгі он бағытты жариялаған болатын. Қоғамның көптен бергі идеялары мен ұсыныстары көрініс тапқан осы жоспардың үшінші бағыты сот жүйесін қамтыды.

Сот жүйесінде елеулі өзгерістер бар

Білікті кадр – үлкен істердің бастауы

Қ.Тоқаев: «Сот – заң үстем­дігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адам­гер­шілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметтен үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаң­дату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қор­ғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу», деп аталған жүйенің алдындағы негізгі міндеттерді атап көрсетті.

Бұл саланы жаңғырту мен Мемлекет басшысы атап көр­сет­кен міндеттер Қазақ­станның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Қазақ­стан хал­қына арнаған әрбір Жол­дауы мен елімізде қабылданған мем­лекеттік бағдарламаларда көрі­ніс тауып келгені белгілі. Осы орайда, халық сеніміне ие болу мен әділ сот төрелігін жүргізу жолын­дағы істер Жоғарғы соттың күн тәртібінен түскен емес.

– Елбасының әрбір тапсыр­масын абыроймен орындау – біз үшін жауапкершілігі жо­ға­­ры парыз. Оның үстіне бұл мін­деттерді орындау сот жүйе­сіндегі  проблемалардың 80 пайызын шешетініне көз жеткізіп отырмыз. Бұл үдеден шығуымыз үшін алдымен заңнамаларды жү­йе­леп алуды жөн көрдік. Осы­ның нәтижесінде бүгінге дейін Президент Әкімшілігі және Жоғары Сот Кеңесімен бірге 15 заң жобасын әзірледі – 6 заң күшіне енді, үшеуі – Парла­ментте және алтауы Мәжіліске енгізілмек, – дейді Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асанов.

Осылайша, үдемелі қарқын­мен бас­талған жұмыстар­дың алғашқы нәти­желері де көп күт­тірген жоқ. Оның алғашқы ле­гінде судьялыққа білікті кадр­ларды іріктеу сатыларындағы жаңа­­шылдықтар тұр.

– Осы кезге дейін мықты заң­гер­лер судьялыққа ұмтылмай­тын. Неге? Өйткені іріктеу мен карьералық өсу ашық емес, жүк­теме ауыр, әлеуметтік қам­тылу әл­сіз деген себептер айтыла­тын. Мұ­ның бәрі іс жүзінде шешіл­ді. Ен­ді судьялыққа үміт­кер­лер үшін іріктеуді қатайттық – олар кейстік тапсырмаларды шеше­ді, эссе жазады, Жоғарғы сот судья­ларымен әңгімелесуден өтеді, пси­хо­тест тапсырады және тағы бас­қа сынақтар бар. Ал осы­ның нәтижесі қандай? Егер бұрын конкурстан әрбір төр­тін­ші кан­дидат өтсе, қазір тек әр­бір жиыр­масыншы ғана мүдір­мей өтеді. «Кездейсоқ» заңгер­лер­ге тос­қауыл қойдық, – деп Ж.Асанов қай істің де білікті маман арқылы жанданатынын еске салды.

Міне, осы өзгерістер ендігі конкурс­тарға мемлекеттік органдар мен бизнес саласынан мықты заңгерлер келе бастайды деген үміт отын ұялатты. Өйт­кені қазіргі уақытта сот жү­йесі жер қой­науын пайдалану, зият­керлік меншік, моно­полиелік заңнама, экология, қаржы, банк, салық салалары бойынша білікті мамандарға зәру.

Қызметінен босатылған судьялар қатары көбейді

Ж.Асановтың айтуынша, сот жүйе­сіндегі өзгерістер судья­лардың қызметтен өз еркімен кетуін тоқтатуға ықпал етіп, судья боламын деушілер санын 2 есе арттырған. Сәйкесінше, сала мамандарының жеке жауап­кершіліктері барынша күшей­тілген. Дәлірек айтсақ, егер жыл сайын теріс себептермен 6-7 судья лауазымынан босаты­лып келсе, биылғы 5 айда 20 судья қызметтерімен қош айтыс­қан. Сондай-ақ бұрындары жылына судьяларға қатысты әрі кетсе орта есеппен бір-екі қылмыстық іс қозғалып келсе, соңғы бес айдың ішін­де ғана 7(!) іс қозғалған. Бұл әрине, қу­а­нарл­ық дерек емес, алайда осы әрбір қыл­мыс­тық істің артында әділ сот төре­лігін жүзеге асыру мен адам тағ­дыры тұрғаны анық. Жақып Асановтың айтуына қарағанда, бұндай сорақылықтардың алдын алу үшін биылғы мамыр айында Сапа жөніндегі комиссия құрылған.

– Ол «өсемін» деген судья­лардың жеке және кәсіби қабі­летін егжей-тег­жейлі зерттейді. Комис­сия биыл әрбір бесінші судья­ны жаңа, «талапшыл» форматта бағаламақ. Жұмысында елеулі кемшіліктерге жол берген судьяның бұл сыннан табысты өтуі екіталай, ал ол қызметтен босатуға әкеп соғуы мүмкін, – деп ой қорытты Ж.Асанов.


Ақтау үкімі сенімге бастайды

Иә, сот жүйесінде ақтау үкімі­нің көбейе түскендігін ресми статистика көрсетіп отыр. Соны­мен, сандарды «сөйлетейік». Ж.Асанов келтірген деректерге қарағанда, елімізде өткен ғасыр­дағы 80-жылдары түрмедегі­лердің саны 100 мыңнан асқан. Бүгін одан 3 есе аз – 30 мыңдай. Жоғарғы сот төрағасы мұның екі себебін айтады.

– Бұрын жеке адамға қарсы қыл­мыстар жиі болатын. 80-жылдары 100 мың қазақстандық­қа 10 кісі өлтіру келсе, қазір 100 мың азаматқа 5 адам өлтіру. Екі есе аз. Екіншіден, құқық қор­ғау органы кімге айып тағады, сот соны кінәлі деп жазалайтын. Кінә жоқ бол­са да ақтауға батылы жетпейтін. Әрбір 2-ші сотталушыны бостандықтан айы­ратын. Кеңестік дәуірде сотты құқық қорғау жүйесінің бір бөлігі, жалға­сы деп есептейтін бәрі. Сөйтіп бізде «айып­тауға бейімділік» ауруы пайда болды, – дейді Ж.Асанов.

Алайда, соңғы жылдары ақтау үкім­дері барынша көбейген. Бұл ілгері­леу ел ішінде судьяларды Прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің «нотариусына» айналды деген пікірлерден құтқаратыны анық. Мәселен, 2017 жылы ақтау үкімдерінің үлесі 1,4 пайыз болса, 2019 жыл­дың 4 айында ғана бұл көрсеткіш 7,5 пайызға жеткен. 111 тұлға сот залында кінәсіз деп танылған. Міне, нақты көрсеткіш осы.

Енді, өткенге аз-кем көз жүгір­тер болсақ, бұрынғы кездері аза­маттық істер деген ұғым ха­лық­тың санасына сіңіспеген еді. Меншіктің бәрі мемлекетке тие­сілі, ал азын-аулақ дау­лар ар­битраждан аспайтын. Жеке адамдардың шағымдары партия органдары, атқару комитет­тері мен прокуратура жілікше шағатын. Бұл – сотқа сұраныстың аздығының айғағы.

Ал еліміз егемендік алғаннан кейін на­рықтық жүйеге ойыстық. Тиі­сінше, мен­шік даулары көбейді. Бірақ бас­тап­қыда мұн­дай істер қылмыс әлемінің сер­ке­лері мен рэкеттердің «еншісінде» бол­ғаны есте. Сол кезде Елбасы «Құқық­тық мемлекетте адамды әкім емес, министр емес, Прези­дент те емес, сот қорғауы тиіс» деп шегелеп айтты. Міне, сол сәт­тен бастап сот жүйесіне баса мән беріліп, маңыздылығы арта түсті.

Қазір соттар істерді тез қа­райды. Бұрын соңғы нүкте қой­ғанша 2,5 жыл өтетін болса, қазір 1 жылдан аспайды.

Тағы бір атап өтерлігі, судья­лардың тәуелсіздігіне қатысты әлем­дік рейтингте еліміз 139 елдің ішінде 73-ші орында. Ха­лық­аралық қоғамдастықтың бұл ор­таңқол бағасы судьялар бас­шылыққа тәуелді деген қоры­тындыдан шыққан. Сондықтан да Жоғарғы сот бұл мәселені заңнамаларға өзгеріс арқылы шешпек ниетте.