Қазақстан • 12 Шілде, 2019

Ақтау үкімдері көбейіп келеді

396 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында сот төре­лігін жүзеге асырудың қорытындысы бойынша судьялардың кеңейтілген ке­ңе­­сін өткізді. Кеңес жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әлия Рақышева, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақов және Қазақ­стан­дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров қатысты. Кеңес интернетте он­лайн режімінде көрсетілді және оған бейнебайланыс арқылы жергілікті соттар да қосылды.

Ақтау үкімдері көбейіп келеді

Кеңеске Жоғарғы соттың судьялары, жекелеген мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары мен өкілдері, облыстық және оған теңестірілген сот­тар­дың төрағалары, Жоғарғы сот депар­таменті мен оның құрылымдық бөлім­­шелерінің, сондай-ақ Сот төрелігі акаде­мия­сының басшылығы да қатысты.

Ж.Асанов кеңес жұмысын аша келе, «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы аясында ондаған қанатқақты жобаларды іске асыру нәтижелері: «Түнгі» және «Отбасылық» соттар, «Татуластырушы-судья», «Судья көмекшісі», соттан тыс татуласу орталықтары, фронт-кеңселер туралы айтып берді.

– Біз бұл жобалардың адамдарға шыны­мен пайдалы екендігіне көз жеткіздік, осы­лайша ең түйткілді мәселелерді еңсер­дік. Сондай-ақ шектен тыс жүктеме бойынша жағдай тұрақтанды. Кешенді әрі жүйелі жұ­мыс атқарылуда, оның мақсаты – сот төрел­і­гін сапалы жүзеге асыру, – деді Ж.Асанов.

Кеңес барысында Жоғарғы сот төр­ағасы соттарға қойылатын ыңғайсыз сауал­дарға жауап берді. «Судьялыққа «таныс­тық» немесе ақша арқылы барып жатады, судьялар құқық қорғау орган­дары­ның жетегінде жүр, соттар мемлекет­тің мүддесін адамнан жоғары қояды», деген си­паттағы пікірді Ж.Асанов жөнсіз деп санайды. Ол соттардың атына жиі қойы­латын жүйелі сынға жауап бере келе, оларды үш топқа бөлді: қылмыстық сот төре­лігі, мемлекеттік органдармен арадағы жеке адамдар мен бизнестің дау­лары және судьялық кадрлар.

Жоғарғы сот төрағасы 2020 жылы сот төрелігі саласында сапалық өзгерістер орын алатынына және алдағы 2 жыл ішінде ақтау үкімдері санының 6 есеге артатынына сенім білдірді. 

Ж.Асанов айыптаушылық бағыттан қалай құтылуға болатынын, Әкімші­лік әділет кодексінің жобасы, судьялық кадр­ларды іріктеудің жаңа жүйесін құру, сондай-ақ судьялар корпусын кәсіби емес, сыбайлас жемқорлыққа ұшыраған судьялардан тазартудың жаңа әдістемесін енгізу туралы айтып берді.

– Жалпы, сот жүйесінің ең басты бір ғана проблемасы бар деп айтатын болсақ, ол – судьялық кадрлар. Биылға дейін судьялыққа мықты заңгерлер ұм­тылмайтын. Неге? Өйткені біздің бар қиыншылығымызды, жалақымыз төмен екендігін, жүктеме көп екендігін біледі. Тіпті прокурорлар да, адвокаттар да, басқа заңгерлер де сот қызметіне келгісі жоқ. Сонда «судья боламын деп конкурсқа қатысып жатқандар кімдер?» деген сұрақ туады. Олардың басым көпшілігі соттағы техникалық қызметкерлер – сот хатшылары. Жоғары Сот Кеңесінің отырысында азаматтарды өз еркімен жұмыстан шығару мәселесі қаралады. Біз сонда одан «себебі қандай?» деп сұраймыз. Негізінен екі себеп айтады: «Алдымен жалақы аз, одан кейін жеке өмірге уақыт жоқ». Өйткені күніне әрбір судья 10 шешім қабылдайды. Бұлардан бөлек үшінші себеп те бар. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына, облыс орталықтарына ауысу, басшылық қызметке тағайындалу бойынша сот жүйесінің ішінде әділдік болмағанын алға тартады, – деді Жоғарғы сот төрағасы. 

Жиын барысында Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденов, Жоғар­ғы соттың мамандандырылған алқасы­ның төрайымы Айгүл Қыдырбаева сөз сөйледі.

Облыстық және оған теңестірілген сот­тардың бірқатар төрағалары да есеп берді.

Кеңес соңында Ж.Асанов судьялар корпусына бірқатар міндеттер жүктеді. Әріп­тес­терін сот төрелігін жаңа жағдайда ат­қаруға дайын болу қажеттігін ескерте оты­­рып, ол судьяларды сот төрелігін жүзеге асы­руда жоғары сенімді ақтауға шақырды. 

Жоғарғы сот төрағасы еліміздің жо­ғар­ғы сот органының әділ сот төре­лі­гіне, құқық үстемдігі мен қоғам­дағы тұрақтылыққа қол жеткізуге бағытталғанын атап өтті.