Сұхбат • 12 Шілде, 2019

Арақ-шарап саудасы бақылауды қажет етеді

773 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне қарағанда, еліміз алкоголь өнімдерін ішу көрсеткіші бойынша әлемде алғашқы он елдің қатарына нық орналасқан. Ал Орталық Азия аумағында ащы суды тұтыну бойынша ұзақ уақыттан бері бірінші орынды бермей келеміз. Бұл – мақтанарлық емес, қынжыларлық көрсеткіш. Соңғы кездері жастар имандылыққа бет бұрып келеді, қоғамда алкоголь құмарлар азайды деп өзімізді қанша жұбатқанымызбен, ол тажалды литрлеп санағанда ешкімге дес бермей келеміз. Сонда қайтпек керек? Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов аталған мәселеге байланысты дабыл қағып, Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдады. Анығын айтсақ, Үкіметтен алкоголь өнімдері саудасын реттеуді талап етті, ұсынысын білдірді. Мәселенің анық-қанығын толық түйсіну үшін сенаторға бірер сауалымызды көлденең тарттық.

Арақ-шарап саудасы бақылауды қажет етеді

– Сәрсенбай Құрманұлы, алкоголь өнімдерінің зардабын біздің халық аз тартып келе жат­қан жоқ. Сонда да болса іш­­кіліктің есесін әлі жібермей отыр­ғанға ұқсаймыз. Сіз де­путат­тық сауалыңызда мас күйін­­де жасалған қылмыстар бо­йынша қандай деректер кел­тір­діңіз?

– Расымен де елімізде тәуел­сіздік жылдарында мас адам­дардың қатысуымен 330 мыңнан астам қылмыс жасалған. Ішімдік ішумен байланысты қылмыс нәтижесінде 30 мыңнан астам адам көз жұмған, 14 мыңдай жасөспірім мен әйел зорланған. Осындай себеппен жол-көлік оқиғасынан 5 мың адам қайтыс болған. Әрбір бесінші өз-өзіне қол жұмсау мас күйінде жасалған. Орташа есеппен күн сайын мас қылмыскерлер қолынан 3-5 адам қаза болады деген ақпарат бар.

Осы жаншошытарлық құрғақ сандардың артында мыңдаған адам мен отбасының қайғы-қа­сіреті жатыр. Бірақ, оны тек жеке­леген адамдар немесе отбасы­ның мәселесі деп қарау – үлкен қа­телік. Бұл – саламатты өмір сал­тын қалыптастыру, дені сау ұр­пақ тәрбиелеу мақсатына жетуге ке­дергі келтіретін қауіпті жағдай. Оған қоса, алкоголь өнімдерін өндіру мен айналымына либе­рал­дық көзқарас экономика үшін­ де зиянды. Мас күйінде қылмыс жасап сотталғандарды ұстау үшін мемлекет жыл сайын бес миллиард теңгеден астам қаржы жұмсайды. Олардың өзін және мас адамдардан зардап шеккендерді емдеуге, әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаржы бұдан көп болмаса, аз емес.

Сондықтан да осы қалып­тас­қан жағдайда алкоголь өні­мі­нің айналымын реттеуге байла­нысты қосымша шаралар қарастыру қажет деп санаймын. Бірінші кезекте қолданыстағы заңнаманы жетілдіру керек. Ол үшін халықаралық тәжірибені терең зерделеп, тиімді тетіктерін енгізу маңызды.

– Шет мемлекеттерде алкоголь өнімінің айналымын реттеудің тиімді тәжірибелері бар ма? Әдетте өзгелердің тәжі­рибесін қолдануға бүйрегіміз бұрып тұрады емес пе... 

– Еліміз әр салада үлгі қылып, қатарына кіруге ұмтылып отырған дамыған елдердің кейбірінде, мысалы Швеция, Финляндия, Норвегия, Түркия, Канадада алкоголь өнімдерін сатуға мемлекеттік монополия орнатылған. Ал ұлт­тық, мемлекеттік және діни мере­ке күндері арақ-шарап өнім­дерін сатуға тыйым салу да дамы­ған елдерде кеңінен таралған. Бізде де арақ-шарапты арнайы ма­мандандырылған дүкендерде сату немесе адамның жеке басын куәландыратын құжаттар негі­­зінде өткізу осы бағыттағы жұ­­­мыс­­­тың тиімділігін арттырар еді. Мұн­дай тәртіп Еуропа­ның көп­теген елдерінде қарастырылған.

Сол сияқты басқа мемле­кет­­­терден алкоголь өнімдерін әкелуге, былайша айтқанда спирт­тік ішімдіктерді сырттан тасы­малдауға әртүрлі шектеулер қойылған. Олардың қатарында арнаулы импортер институтын сақтау, алкоголь өнімдерін тасымалдайтын көліктерді сүйемелдеу (конвой қою), тасымалдауды лицензиялау, тағы да басқа шаралар Беларусь, Ресей Федерациясы мен тағы басқа елдерде тиімділігін көрсетіп келеді.

– Бізде сонау бір жылдары алкоголь өнімдерін білім беру мекемелерінен 100 метр қа­шық­тықтан аспайтын дүкендерде са­туға тыйым салынған еді. Қа­зір бұл норма өзектілігін жой­ды ма? 

– Кезінде арақ-шарапты саудалауда қажетті ара қашықтықты анықтау, жұмыс істеп тұрған сауда орындарының қызметін реттеу жөніндегі нұсқаулықтың болмауы жоғарыда аталған норманың тиімді іске асуына бірден-бір кедергі болғаны белгілі. Ал кейбір дамыған елдерде білім беру мекемелерінен, соның ішінде жоғары оқу орындарынан 200 тіпті 500 метрден жақын жерде алкоголь өнімін сатуға мүлдем тыйым салынған. 

Ал біздің елде алкоголь өнімін өткізу жөніндегі заңнамалық шектеулер кәсіпкерлер тарапынан үнемі бұзылуда. Егер 2015 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы, яғни алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу бойынша 2095 әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, ол жыл сайын өсіп, 2018 жылы үш мыңға жеткен. Сол сияқты, тиісті тіркеусіз, рұқ­сатсыз сатуға байланысты әкім­шілік құқық бұзушылық жылдан-жылға еселеп өсуде. Мысалы, 2015 жылы осындай 374 жағдай анықталса, 2018 жылы оның саны 1623-ке жеткен немесе төрт жарым есе көбейген. 

Бұл саладағы заңсыздықтар бұдан да көп екені күмәнсіз. Оны толық анықтауға кейбір шектеулер мүмкіндік бермейді. Жалпы, қолданыстағы тәртіп бойынша алкоголь өнімін сағат 23.00-ден келесі күнгі сағат 8.00-ге дейін, этил спиртінің көлемді үлесі отыз пайыздан асатындарын са­ғат 21.00-ден келесі күнгі сағат 12-00-ге дейін бөлшек саудада сатуға тыйым салынған. Бірақ бұл норманың сақталуын тексеру үшін Кәсіпкерлік кодексінің талабына сәйкес алдын ала хабарлама жіберіп, рұқсат алу қажет. Бұндай қарама-қайшылықтар тез арада түзетуді қажет етеді.

Сонымен бірге тексеруші органдарға алкоголь өнімдерін бақыланатын сатып алу мүм­кін­дігін беруді, мейрамханаларда, барларда және дәмханаларда алкоголь өнімдерін өткізудің уа­қыт­тық шектеуін енгізуді қарас­тырған абзал. Осы орайда мы­наны естен шығармаған дұрыс – Кәсіпкерлік кодексінің 3-ба­бына сәйкес мемлекет пен кәсіпкерлік субъектілерінің өзара іс-қимылы кәсіпкерлікті дамыту ғана емес қоғам үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталады деп белгіленген.

– Алкоголь өнімдерін өндіру мен өткізу қоғам үшін қолайлы жағдай жасайтын кәсіп түрі еместігі анық. Осы орайда кәсіп жүргізу мен қоғам мүддесінің аражігін ашып алу қажет шығар? 

– Өндіріс, сауда қызметін толық тоқтату да дұрыс шешім болмас. Бірақ оның айналымына қатаң бақылау орнату және жауапкершілікті күшейту – қо­ғамдық, мемлекеттік қажет­тілік. Бұл мәселеде кәсіпкерлікті қолдау керек деген желеу, төніп тұрған қауіптен қоғамды құтқаруға кедергі болмауы тиіс. Осы тұр­ғыдан алғанда, кәсіпкерлік субъек­тісіне қатысты реттеушілік әсер­ді талдау туралы талапты алко­голь өнімінің айналымына бай­ланысты қолданбау жөнінде заң­намаға толықтыру енгізу жөн деп есептеймін. Міне, осы ұсы­нысты Үкімет басшысына жолдадым, енді жауабын күтеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.


Әңгімелескен 
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»