Әлем • 13 Шілде, 2019

Данияда танымал блогерлердің жазбалары қадағаланатын болады

548 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Данияның Балалар істері және білім министрі Пернилле Розенкрантц-Тайль әлеуметтік желілерде танымал блогерлердің жазбаларын реттеуді ұсынды деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.

Данияда танымал блогерлердің жазбалары қадағаланатын болады

Бұл ұсынысты Данияда 336 мың оқырманы бар танымал блогер Фие Лаурсен Instagram парақшасында өз-өзіне қол салу туралы жазба қалдырғаннан кейін жасады. Жазба желіде екі күн бойы тұрған. Кейін оны блогердің отбасы өшіріп тастаған. Оның отбасы Ф.Лаурсеннің ауруханада екенін, денсаулығы дұрысталып келе жатқанын растады. «Біз әлеуметтік желілердегі балаларымыз бен жастардың, жалпы барлығының қамын жеуіміз керек. Сондықтан біз БАҚ этикасы әлеуметтік желілердегі ірі профиль иелеріне де қатысты болуына ұмтылуымыз керек. Ал парақша иелеріне редакторлық жауапкершілік артылуы тиіс», - деп жазды Пернилле Розенкрантц-Тайль Twitter-дегі парақшасында. 

Лаурсеннің жазбасына 30 мыңнан астам адам «лүпіл» басып, 8 мыңнан астам адам пікір қалдырған. 

«Адамдардың әлеуметтік желілердегі оқырмандар саны белгілі бір деңгейге жеткен кезде, олардың жауапкершіліктері газеттің редакторы немесе дәстүрлі БАҚ өкілдерімен бірдей болуы керек», - деді министр. 

Егер танымал блогер ережені бұзса, оның жазбасы өшірілуі қажет. Оқырмандар саны белгілі бір деңгейге жеткен танымал адамдардың профильдерінің бірнеше администраторы болуы тиіс.