Әлем • 15 Шілде, 2019

Ресей-Грузия: санкциясыз қысым қандай болмақ?

461 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы 20 маусымда Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Сергей Гавриловтың Парламентаралық православие ассамблеясы сессиясының ашылуы кезіндегі іс-әрекеті Грузия халқы мен оппозициясының шамына тиіп, екі ел арасындағы шиеленістің үдей түсуіне алып келді.

Ресей-Грузия: санкциясыз қысым қандай болмақ?

Тарата айтар болсақ, атал­ған дау-дамай 20 мау­сымда Парламентаралық пра­вославие ассамблеясының жалпы отырысында Ресей Мемлекеттік думасының депутаты С.Гавриловтің Грузия парламенті спикерінің орнына отырып алуынан басталған-ды. Ресейлік депутаттың айтуынша, Грузия тарапы бұл орынды өздері белгілеп берген. Әйтсе де бұл жағдай гру­зиялық оппозиция депутат­тары­ның шамына тиіп, олар жиналыс залынан кетіп қал­ған еді. Сондай-ақ Грузия хал­қы да осы жайтқа қатысты нара­зылық танытып, көп ұзамай қалада митингілер басталды. Митингіге шыққандар үкі­меттің отставкаға кетуін талап етті. Наразылықтар нә­ти­ж­е­сінде 300-ге жуық адам ұста­лып, 240 адам зардап шеккен.

Ресей депутаттары өз кезе­гінде Грузиядан әкелі­не­тін шараптар мен минерал­ды сулар импортын, ақшалай аударымдарды тоқтатуды ұсын­ды. Грузия ұлттық валю­­тасының бағасы соңғы күн­дері күрт төмендеді. Бұл Гру­зия тарихындағы ең төмен бағам көрінеді. Дегенмен, Грузия президенті Саломе Зурабишвили ресейлік әріптестерін бейбіт келісімге шақырды. Оның айтуынша, екі ел арасындағы түсі­ніс­пеу­шілікті грузиялық радикалды күштер өз пайдаларына асыруға ниетті. «Кремль мұндай арандатушылыққа жауап берсе, олардың жаман ойларының жүзеге асуына мүмкіндік жасамақ. Тұрақ­тылықты сақтаудың бір жолы – бейбіт келісім», деді Саломе Зурабишвили.

Екі ел арасындағы шиеле­ніс көптеген салаларға кері әсе­рін тигізбей қоймады. Ре­сей­лік және грузиялық өнер­паз­дар арасында алдағы уа­қыт­қа белгілеген шара­­ларын ө­т­кізуден бас тартқандар бол­­ды. Олардың қатарында «А-Студио» тобы да бар.

Грузияның туризм секторы да әлсіреді. Статистикаға сүйенсек, 2018 жылы Грузияға келген демалушылардың 21 пайызы – Ресей азаматтары. Яғни, бұл әрбір бесінші турис­тің ресейлік болғанын көр­сетеді. Ұлттық туризм әкім­шілігінің басшысы Ма­риам Квривишвили 2018 жылы Грузияға 1,4 млн Ресей азаматының келгенін мәлім­деді. Биылғы алты айда Ресей­ден 700 мың турист келіп үл­гер­ген. Болжам бойынша 2019 жылы 2,7 млн Ресей азаматы келеді деп жоспарланған еді.

Ресей мен Грузия ара­сын­дағы шиеленістің өршуін тежеп тұрған тағы бір мәселе – үлкен тауар айналымы. 2018 жылдың нәтижесі бойынша, Грузияның Ресейге экспорты 1,35 млрд АҚШ долларына бағаланған. Бүгінде Ресей Федерациясы – Грузияның бас­ты сауда серіктестерінің бірі. Сонымен бірге Ресей газы Ар­менияға Грузия арқылы тасымалданады.

Соңғы жаңалықтардан бел­гілі болғандай, Ресей пре­зиденті 8 шілдеден бастап ресейлік әуекомпанияларға Грузияға жолаушылар тасымалына тыйым салған болатын. Ресейдің Грузияға бағытталған әуе қатынасын тоқтатуы бірін­ші рет емес. Еске сала кетсек, 2008 жылдың 9 тамызында Оңтүстік Осетиядағы қарулы қақтығыс нәтижесінде осындай жағдай болған-ды. Сонымен бірге туристік агенттіктерге Грузияға жолдама сатпауға кеңес берілді.

Ресей Мемлекеттік дума­сының Грузияға қарсы санкция жариялау туралы ұсынысын мемлекет басшысы Владимир Путин қабылдамады. Ресей президенті мұндай анти­ресей­лік науқанды тарихтан хабары жоқ, ең соңында Грузияға кесірі тиетін топтардың ұйым­дастырып жатқанын айтты. «Грузия халқын сыйла­ған­дықтан санкциялар жарияланбайды», деді В.Путин.

Қорыта айтқанда, екі ел арасындағы әлі де түйіні шешілмеген мәселелер әлем назарында тұр. Саясаткерлердің шешімі екі елдің экономикасына қалай әсер ететінін, қандай бітімге келерін уақыт көрсетеді.