Аймақтар • 15 Шілде, 2019

Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет гибридті операциялық зал ашылды

524 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасында гибридті хирургиялық операциялар үшін жаңадан ашылған зал жоғары технологиялық зал республикадағы жалғыз кешен болып тұр. Бұл гибридті операциялық залдың ерекшелігі сонда, бұнда мәселен, жол апатына түскен науқасты бірден бірнеше операция түрін жатқызуға болады. Науқастың жүрегіне және басындағы миына ашық тәсілдермен ота жасауға мүмкіндік толық бар.

Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет гибридті операциялық зал ашылды

Семейдегі жаңа медициналық нысан JCI стандарты бойынша жобаланып, жабдықталған. Гибридті залды Ұлттық Нейрохирургия ғылыми орталығы басқармасының бастығы, еліміздің үздік нейрохирургы, профессор Серік Ақшолақов ашты.  Және бірден операция жасауға беттеді. Серік Ақшолақов нейрохиругия орталығындағы қан-тамырлы нейрохиругия бөлімінің меңгерушісі Ербол Махамбетовпен және Семейдегі жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасындағы эндевоскулярлы хирургия және гибридті операциялық бөлімінің меңгерушісі Айбол Маралбаевпен бірге төрт сағат бойы осында шұғыл келіп түскен науқастың басындағы қатерлі ісікке күрделі  операция жасап, оны әрі қарай ашық түрде алып тастау тәсілін қолданды. Ісікті нәрлендіріп тұрған тамырларды жойды. 

- Бұндай операция біз үшін бұдан бұрын бірнеше күнге созылған екі бөлімнен тұратын еді,-деді еліміздің бас нейрохирургы Серік Ақшолақов,-мысалы біріншісінде, ісікті өсіріп бара жатқан тамырларды эндосвоскулярлы түрде алып тастаймыз, екіншісінде бірнеше күн өткен соң, сол қатерлі ісіктің өзін алып тастайтынбыз. Ол аралықта науқасты да халы қиындап кетуі мүмкін. Ал бүгін, мына гибриді операция жасау залының ашылуына орай, мен шағын инвазивті түрде, науқасқа көп зиян шектірмей екі операцияны бірден жасадым. Шыны керек, Қазақстанда ешбір жерде әзірше жоқ гибридті операцияны жасау барысында, жаңа құрал-жабдықтың көмегімен науқастың өмірін алып қалғаныма ерекше қуаныштымын. Гибридті операциялық зал жергілікті облыс тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алады. Науқастар шетке шықпай-ақ, өз елімізде, Семейде емделіп шығады. Бұл әрине, облыс әкімі Даниал Ахметовтың қолдауы арқылы жүзеге асып жатқан жоба. Облыс басшысы медицина дәрігерлерінің әлемдік деңгейде жаңа жетістіктерге жетуіне мүмкіндік жасап отыр.

Шынында да облыстың денсаулық сақтау саласындағы кешенді даму жобаларына орай 2018 жылы Өскемен қаласындағы облыстық медициналық мамандандырылған орталықта Роботохирургия және трансплантология Орталығы ашылған еді. Ал Аягөз бен Алтай қалаларында Ұлттық нейрохирургия орталығының әдістемелік көмегі арқылы екінші деңгейлі инсульт орталықтары іске қосылды. Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем орталығында  Ұлттық Травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп Политравма және ортохирургия Орталығы да тұсауын кесті. 

Ал жаңа жобаға келсек, бұл гибридті операция залы хирургия саласының көптеген салаларының басын біріктіреді. Бұл операция жасайтын классикалық бөлмеден ерекшелігі арнайы үлкен зал екендігінде. Көп жүйелі блокта жаңа деңгейлі технологиялар мен құрал-жабдықтар ашық және шағын инвазивті лапароскопиялық түрдегі магнитті-резонанстық томография, хирургиялық рентген жүйелері, УДЗ саласы, бейнебақылау жүйесі арқылы күрделі операцияны сапалы жасау мүмкіндігі толық қамтылған.

Семейдегі гибридті операцияның өту барысына тікелей қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпованың айтуынша, бұндай жаңашыл технология Семей өңірін, қала тұрғындарын жоғары медициналық көмекпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

- Семейдегі Жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасы Семей өңірінің 700 000 тұрғынына медициналық көмек көрсетеді,-деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова,- осылайша бұл аймақтың стационарлы көмегінің 40 пайызын жабады. Жыл сайын 24 000 тұрғын емхананың қабылдау, диагноз қою бөлімінен тексерілуден өтіп, оның 14 000 науқасы ауруханаға жолданады. Бұндай көп мөлшердегі сырқаттар жаңа гибридті операциялық залдың жұмысының керек екендігін растайды. Адамдарға шұғыл түрде кешенді медициналық көмек көрсетуге толық мүмкіндік бар. Әсіресе, қан тамырлары жүйесінің бұзылуы кезінде, түрлі көп деңгейлі жарақаттарда, инсульт пен инфаркттерде жаңа технологияларды іске қосу арқылы емдеуге болады. Гибридті операция жасау залының жобасы 2,3 млрд.теңге бөлінсе, ал бұл залдың құрал-жабдығын алуға 1,7 млрд теңге жұмсалды. Бұл қаржы облыстық бюджеттен және бюджеттен тыс қорлардан беріліп отыр.  Құрал-жабдықтар  еуропалық және америкалық сапа көрсеткіштерінің соңғы үлгісі. Бұл жабдық арқылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен біз Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына кепілді медициналық көмек көрсету бағдарламасы арқылы тегін түрде емдеу, операция жасау, сауықтыру шараларын жасай аламыз.

Қазіргі уақытта ауруханада гибридті операция жасау бөлмесінде жұмыс істеу үшін маман дәрігерлер тобы дайындалған. Операциялар жасауға орай алдын ала дайындалған 20 шақты дәрігер өз ісіне тез арада кірісе алады. Жылына 3000 операция өтеді деп жоспарлануда. Себебі бұл зал ашылмастан бұрын дәрігер мамандар дайындау едәуір  ертерек қолға алынды. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Илияс Мұхамеджанның айтуынша, Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасы 2017 жылдан бастап, дәрігерлердің біліктілігін көтеру үшін үш деңгейлі оқыту жүйесін қолға алып отыр. 2017 жылы облыс әкімшілігі бұған 3,2 млрд теңге бөлген. Осы жоба аясында Англияда 3 ай бойы 19  маман мульти тәртіп тобы бағытында білімдерін көтеріп келді.  

Бұған  рентгенді хирургия, анестезиология, травматология,  неврология,  кардиология және сәулемен емдеу мамандары да кірді. Және республикаляқ орталықтарда нейрохирургия, интервенциялық кардиология, рентген-зертханашы мамандары да оқытылды. Жалпы гибридті операцияға жұмыс істеуге 43 маман даярланған. Биыл шетелдерде оқыту бағдарламасы жалғасын табады. Соған орай қыркүйек айында   біліктіліктерін көтеріп, білім алу үшін Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем көрстеу ауруханасынан шетелге 12 маман аттанады.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,                  

«Еgemen Qazaqstan»

суретті түсірген автор

СЕМЕЙ