Саясат • 15 Шілде, 2019

Парламент Мәжілісінің депутаттары Солтүстік Қазақстан тұрғындарын қабылдады

252 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірге жұмыс сапармен жүрген Парламент Мәжілісінің депутаттары қоғамдық қабылдау ұйымдастырды.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Солтүстік Қазақстан тұрғындарын қабылдады

Олардың қабылдауына келген адамдар өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікірлесті. Солардың бірі Жібек Сейітова мектеп жасындағы немерелерінің жағдайын айта келіпті.  Күйеу баласы осыдан  бес жыл бұрын қайтыс болып,  үлкені  5 жаста, кішісі 7 айында қалыпты. Қызының алатын жалақысы мардымсыз. Оның үстіне медколледжде ақылы түрде оқиды. Қолға тиетін жәрдемақы 42 мың теңге ғана. «Екі бірдей мектеп жасындағы баланы оқу құралдарымен, киіммен қамту оңай емес», деді мұңын шаққан әжей.

Халық қалаулылары  «Нұр Отан» партиясы өткізетін «Мектепке жол» акциясы, басқа да шаралар арқылы көмектесетіндерін жеткізді. «Мектепке барар сөмкесін, қаламын, дәптерін алып береміз. Мектепке барғаннан кейін білім ошағы тарапынан да көмек болады. Өтініш жазып, құжаттарды көрсеткеннен кейін немерелеріңіз арнайы тізімге енгізіледі», деді  Зәуреш Аманжолова.

Жамбыл ауданынан ат ізін салған Александр Фролов ұлы отан соғысына қатысушыларға арнап ескерткіш тұрғызуды жоспарлағанымен, тізімді аудандық военкомат бекітпей қойыпты.

Кәрібай Мұсырман құптарлық бастамаға қолдау көрсетілетінін қадап айтты. Мәселенің мән-жайы толық баяндалған хат түссе, қалған істі  депутаттар өздері тындыратын болды. Тек тізімнің анық та нақты болуы өтініш иесіне ескертілді.

Қоғамдық қабылдауға келгендердің бірі  қалада жатақхана жетіспейтінін алға тарта келіп, баспанасындағы  бос бөлмелерді студенттерге  жалға берудің қаншалықты заңды екенін сұрады.

«Артық аумаққа  адамдарды тұрғызу үшін алдымен құжаттарды рәсімдеп, заңдастырып алу қажет. Бұл–Еуропа елдері мен Америкада кеңінен таралған тәжірибе», деді мәжілісмендер.

Солтүстік Қазақстан облысы