Аймақтар • 15 Шілде, 2019

Солтүстік Қазақстан мен Ауғанстан: әріптестік ынтымақтастық нығаяды

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов өңірге жұмыс сапармен келген Ауғанстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Фархат Мухаммад бастаған ресми делегацияны қабылдады.

Солтүстік Қазақстан мен Ауғанстан: әріптестік ынтымақтастық нығаяды

Кездесу барысында екі ел арасындағы экономикалық, сауда-саттық әріптестіктік байланысты  арттыру жолдары  талқыланды.

«Солтүстік Қазақстан  – аграрлы облыс. Экспорт көлемі ұлғайып келеді.  Биыл  ауыл шаруашылығына тартылған сыртқы инвестиция  54 процентке өсті. Майлы дақылдар 1 миллион гектарға жуық алқапқа егілді. Ресейдің алты миллионнан астам тұрғыны бар Түмен, Қорған және Омбы облыстарымен шекараласамыз. Еуропадан Қиыр Шығысқа, оның ішінде Қытай бағытындағы жүк ағынының 70 проценттейі  Петропавл арқылы тасымалданады. Ауғанстан – облыс тауарлары экспортталатын елдердің бірі. Сондықтан бізде бұл елдің нарығына қызығушылық бар», деді Құмар Іргебайұлы.

Фархат Мухаммад  бұл кездесудің Ауғанстан үшін де маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша,  Қазақстан Ауғанстанға әрқашан гуманитарлық көмек көрсетіп, білім беру, кәсіпкерлік, сауда салаларында қолдау білдіріп тұрады. Облыстан бидай сатып алып, жеміс, көкөніс экспорттауға дайынбыз. Сондай-ақ сіздердің қолдауларыңыз арқылы өнімдерімізді Ресейдің сіздермен көршілес үш облысына да жеткізсек дейміз. Алдағы уақытта Алматыда екі мемлекеттің тауар өндірушілері қатысатын алқалы жиын өтеді. Бұл шарада екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз, деді елші.

Жиында  Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инвестиция салуға болатын салалары туралы слайд көрсетілді. Еліміз Ауғанстанмен  сауда-саттық бойынша  төртінші орында тұр. Былтыр екі ел арасындағы өзара сауда 520,6 миллион долларды құраған. Ауғанстан нарығында бидай, зығыр және жасымық жоғары сұранысқа ие. Бұл ел жылына 1,6 миллион тонна астық тұтынады.

Биыл өңір бойынша Ауғанстанға 13 миллион доллардың өнімдері сатылған.

«Тимирязев ұн үгу комбинаты» ЖШС-нің  бас директоры Иса Аллахяров делегация мүшелерінің назарын дайын өнімдерді сатып алуға аударды.