Төле би ауданы, Қасқасу елді мекені, «Еco Village Кaskasu» демалыс аймағында «Қасқасу» тау-шаңғы курортын дамыту бойынша халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен «дөңгелек үстел» де жобаның «қағазда қалмайтынын» аңғартады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары М.Мырзалиевтың басшылығымен өткен «дөңгелек үстелге» мемлекеттік органдар, «Dianeige France», «STEM International France», «MND Group France» сияқты халықаралық компаниялардың сарапшылары, Ресей және еліміздің халықаралық шаңғы федерациясының инспекторлары қатысты. Жиынға қатысқан компаниялардың тау-шаңғы курортын құру және дамыту бойынша үлкен тәжірибесі бар. Мамандардың пікірін білуді мақсат еткен жиында «MND Group France» компаниясының директоры Фрере Эдди жобаның техникалық - экономикалық тұрғыдан тиімді жасалынғанын және өңірдің дамуына зор үлес қосатынын айтты. Ал халықаралық шаңғы федерациясының инспекторы Андрей Обыскаловтың айтуынша, жоба жүзеге асқанда шаңғы спортынан құрлықтық және халықаралық іс-шаралар өткізуге мүмкіндік пайда болады.
Бүгінгі таңда «CG Group» компаниясы қонақ үй кешендерін салуға қызығушылық танытып отыр. Жалпы тау - шаңғысы курорт аумағы жоба бойынша 2 негізгі аймаққа бөлінген. Оның бірінде 1 910-ден 3 200 метрге дейінгі биіктікте инфрақұрылымы бар шаңғы трассалары, арқан және дөңес жолдар, көтергіштер, сервистік ғимараттар салу көзделсе, екіншісінде 1600-ден 1900 метрге дейін биіктікте қонақ үйлер, мейрамханалар, аквапарк, спорт және жаттығу орталықтарын салу жоспарланған. Мамандардың мәлімдеуінше, қазіргі заманғы тау-шаңғы курортының құрылысы өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға, отандық туризм индустриясы қызметінің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде келушілер саны 110 мыңнан 140 мың адамға дейін артады деп болжануда.