Экология • 17 Шілде, 2019

Химиялық қалдықтардан қатер көп

1025 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көктемде туған жерге оралатын жыл құстары ел шетіне іліккенде қас пен көздің арасында қынадай қырылып қалды. ŽӨте аянышты хәл. Құстардың қолдан жасалған өлімін, оның обалын кімге артамыз? Ақтөбе облысындағы бұрынғы Алға химия зауыты аумағында жыл сайын осындай көрініс орын алып жүргені ешкімге құпия емес. Мәселенің мәнісі мынада. Бұл жерге сонау 1961 жылдан бергі аралықта 26 миллион тонна шлам үгінділері және 730560 тонна қатерлі химиялық және өнеркәсіптік қалдық жиналған. Қазірге дейін соның бәрі жойылмай, көмілмей, ашық аспан астында қоршаған ортаға үлкен залал келтіріп жатыр.

Химиялық қалдықтардан қатер көп

Көктемде қар суы еріген кезде осы улы заттар бейнебір көгілдір көл секілді күйге енеді. Соны оңтүстіктен мыңдаған шақырым жолды ұшып өтіп, қанаты талып келе жатқан құстар көл деп ойлап, тыныстап алуға жаппай қонады екен. Мұның аяғы құстардың тегіс қырылуына әкелетіні өкінішті-ақ. Шламның зиянды әсерін осыдан-ақ біле беріңіз. Көктем кезіндегі қайғылы көрініс осындай болса, жазда тұз секілді ақжемденген шлам шаңы Алға қаласына қарай көтеріледі. Сарапшы мамандар мұндай шлам бораны қайталана берсе, тұрғындардың ауыр дерттерге, соның ішінде онкологиялық ауруларға тап болуына әкеліп соқтыруы мүмкін екенін мәлімдеп отыр. 

Сондай-ақ ұзақ жылдардан бері ашық аспан астында ашық-шашық жатқан бұрынғы Алға химия зауытының зиянды қал­дықтары осы маңдағы жерасты және жер­үсті суларының ласта­нуына да әсерін тигізуде. Осы теріс фактор өз кезегінде транс­ше­­каралық Елек өзенінің эколо­гия­лық жағдайын да ушықтыра түсуде. 

Бұл келеңсіздіктің басты се­бе­бі – кеңестік кезеңде қызмет етіп, кейін жабылып қалған зауыт пен оның аумағының еш­кім­ге қажеті болмай, иесіз қалған­ды­ғында. Рас, елімізде Алға хи­миялық зауыты секілді осындай зиянды қалдықтарға толып тұр­ған иесіз нысандарды қамқор­шы­лыққа берудің тәртібі бар. Сондықтан бұл аумақ сот ше­ші­міне сәйкес республикалық мен­шіктің қа­тарына енгізілген. Атап айтқанда, Энергетика минис­трінің 2015 жылғы 20 наурыздағы бұй­рығына сәйкес мұндағы күр­делі жағдайды зерттеу жұ­мыс­­тары «Жасыл даму» АҚ-на тап­сы­рылған.

Сол уақыттан бері аталған рес­пуб­ликалық деңгейдегі құрылым зауыт аумағындағы зиянды заттар мен қалдықтарға тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Сөйтіп «Жасыл даланың» сарапшылары мен мамандары қоршаған ортаға қауіп төндіретін қалдықтардың паспортын жасап шығарған. Сонымен бірге қатты қалдықтарды жою мәселелеріне қатысты конкурстар өткізуге бас­тамашы болады. Әйтсе де, олар­дың бұл іс-әрекеттеріне құлақ асар ешкім табылмай, зиянды қалдықтар орнының ешкімге қажеті болмай қала береді. Соған қарамастан, «Жасыл даму» АҚ мұндағы зиянды қалдықтарды жою жолындағы іс-шараларын одан әрі жалғастыра береді. Әрі оны еліміздің экологиялық заңдылықтары мен қауіпсіздік нормаларына сәйкес атқарудың нақты жолдарын белгілейді. 

– Осыған орай біз С.М.Киров атындағы бұрынғы Алға химия зауыты аумағындағы зиянды хи­миялық, өнеркәсіптік жә­не шлам қалдықтарын жою­­дың жобалық-сметалық құжат­тарын жасадық. Бұл ретте біз оны жоюдың басты жолы ар­найы әзірленген орынға қауіп­ті қалдықтарды көму деп есеп­­тейміз. Жасалған жұ­мыс жос­парының басты қа­­ғида­сы осы шешімге сүйе­неді, – деді бізге тақырыпқа орай «Жа­сыл даму» АҚ Бас дирек­торы­­ның орынбасары Нұржан Қабдолданов. 

Мұндай күрделі істің жауап­кершілігі мен салмағы ауыр екені белгілі. Бұл бағыт­тағы жоба жергілікті тұрғындар мен көпшіліктің талқысына салынбаса, оның соңы өкінішті жайттарға соқтыруы да мүмкін. Сондықтан да жоба иелерінің қолданыстағы заңдарға сәйкес 2017 жылы қоғамдық тыңдаулар өткізуге бастамашы болғаны құптауға әбден лайықты қадам дер едік. 

Осындай ашық жиналыс түрінде аймақта өткізілген бас­қосуда жергілікті тұрғындар «Жасыл даму» жасаған жоба­ға қолдау көрсетіп, оң пікір­лер білдірген. Әрі оның қор­ша­ған ортаны сақтауға тигізе­тін әсерін атап көрсеткен. Кейіннен осы материалдар 2017 жылдың желтоқсанында №01-0653/17 сан­ды мемлекеттік сарап­та­ма­ның оң берілуіне себепші болғанын да айта кету керек. 

Зауыттың зиянды қалдық­тарын атмосфераға зияны ти­мейтіндей етіп жою, яғни оны арнайы әзірленген шлам жинау қоймасына көму – өте күрделі іс. Ең бастысы, жер қойнауына түскен улы заттар жерасты су көздеріне залалын тигізбеуге тиіс. – Жаңа шлам жинау қоймасының құдығын әзірлеген кезде бұл мәселелердің бәрі де ескерілген. Ол үшін белгіленген екі шлам көму қоймасына әрі осы маңайдағы аумаққа жоба бойынша биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Әрі жобаға сәйкес қос шлам көму қоймасы жасылдандырылып, бейне бір жасыл футбол ала­ңы іспеттес күйге енеді, – дейді жоба авторларының бірі Нұржан Қабдолданов.

Оң мемлекеттік сараптаманы алған «Жасыл даму» жана­шырларының жобасы зиянды қалдықтарды жоюдың тиімді тәсілін негізге алатыны талас туғызбайды. Әйтсе де, Ақтөбе аймағындағы «ЭКО Қамқор» қоғамдық бірлестігі аталған жобаның кемшін тұстары да бар деп есептейді. Олардың айтуынша, қалдықтарды тасымалдау мен төгу кезінде қауіпсіздік шараларының бұзылуы әбден мүмкін. Әрі улы қалдықтарды тасымалдау мен төгу кезінде зиянды заттар ауаға таралып, жұмысшылардың денсаулығына зиян келеді. Жобада мәселенің осы жағы ескерілмеген деп мә­лім­деп отыр. 

«Жасыл даму» АҚ бас дирек­­торының орынбасары Нұр­­жан Қабдолданов: «Бәрі де эко­­ло­гиялық заңдылықтар мен нор­мативтерге сәйкес қарас­тырылған. Егер бұл іске қоғам­дық бірлес­тік өкілдері күмән келтірсе, олар өз тарапы­нан арнайы ко­мис­сия құрып, келешекте атқа­ры­­латын қалдықтарды қауіп­сіз жерге көму үдерістерін бақы­лау­лары­на болады», деген жауап қайтарды.

Осы орайда біз жобада бел­гі­ленген қалдықтарды қоршаған ортаға зияны тимейтіндей етіп көму тәсілі табиғатты қорғаудан туындаған оң қадам екеніне сенім артқымыз келеді. Осы ар­қылы ауаны ластаудың жаңа көздері пайда болмайтын болса, жоба жасаушылардың мақсаты орындалғаны. Рас, бұл жоба экономикалық тұр­ғы­дан алғанда қомақты шы­ғын­ды қа­жет етеді, оның то­лық­ іске асуы үшін 7,5 мил­лиард тең­ге көлемінде қара­­жат керек. Бұл – әжептәуір сома. Ал экологиялық және әлеу­мет­тік тұрғыдан қарас­тыр­ған­да, сондай-ақ қалдық­тар­дың қауіп­сіздік деңгейін тө­мен­дету мен аймақтың эко­ло­гия­­лық жүйесін қалпына кел­­ті­ру қырынан келсек, оны көп­­сіну­ге болмайды. Бұл есеп­пен қарағанда жо­ға­рыда көр­сетіл­ген қаражат мөл­шері өзін-өзі толық ақтай­тыны анық.

Қазір бұрынғы Алға химия зауытының зиянды қалдық­та­рын тазалау жөніндегі мәсе­ле ор­талық мемлекеттік құры­лым­дар құзырынан өңірдің өзіне қарай ойысып келеді. Оның жай-күйіне тиісті бақылау мен мониторингтік зерттеу жүргізу ісі де жергілікті атқарушы ор­ган­дардың еншісіне ауыстырыла бастады. 

Сондай-ақ 2018 жыл­дың 15 қазанында Тұңғыш Пре­­зи­дент – Елбасы Нұр­сұл­тан На­зар­баевтың төраға­лы­ғы­­мен өткен кеңесте қа­был­­дан­ған хаттамалық ше­шімді оқыр­мандар назарына ұсынғанды жөн көреміз. Осы кеңесте Елба­сы өңірдің эко­логиялық жағ­дайын жақсарту үшін Үкі­метке Ақтөбе облы­сы­ның әкім­ді­гіне тиісті қара­жат бөлу мүм­кін­дік­терін қарас­тыру­ды тап­сыр­ған. Кеңес хаттама­сына кірген тапсырма ең алды­мен бұрынғы Алға химия зауы­ты аумағында ұзақ жылдардан бері жиналып қалған зиянды қал­дық­тарды жою үшін қаржы­лық ресурстар бөлуге қатысты берілді. 

Ақтөбе облысы,
Алға ауданы