Қоғам • 17 Шілде, 2019

Шомылу сақтықты қажет етеді

207 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл суға шомылу маусымы басталғалы еліміздің су айдындарында 154 адам (2018 жылы-141), оның ішінде 58 бала (2018 жылы – 46 бала) суға батып кетті. Бұл жөнінде арнайы ұйымдастырылған брифингте Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді.

Шомылу сақтықты қажет етеді

Оның айтуынша, бұл 154 адам­ның 141-і (оның ішінде 53 бала) суға түсуге жабдықталмаған орындар­да, 13 адам (оның ішінде 5 бала) жабдықталған орындарда суға кеткен. 

Комитет төрағасы адамдардың қаза болуының негізгі себептері ретінде суға шомылу кезінде өз күштерін жете бағаламау (121 адам, оның ішінде 42 бала), балаларды ересек адамдардың қарауынсыз қалдыру (14 бала су қоймаларына, арықтарға, каналдарға құлау салдарынан қайтыс болды), 17 адам мас күйінде суға батып, 2 бала жүзе алмау салдарынан қайтыс болғанын атап өтті. 

– Өткен жылмен салыстырғанда суға кеткен адамдар санының өсуі Ақмола (+12), Алматы (+9), Батыс Қазақстан (+9), Түркістан (+7), Қос­танай (+6) облыстарында бай­қалады. Мәселен, 8-14 шілде ара­лы­ғында еліміздің су айдындарын­да 61 адам, оның ішінде 22 бала суға кетті. Ал өткен демалыс күн­дері, яғни 13-14 шілде күндері елі­міз­дің су айдындарында 22 адам (оның ішінде 7 бала) қаза бол­ды, олар суға шомылу кезінде жабдық­тал­маған жерде және суару арналарында суға батып кетті, – деді В.Беккер. 

Ресми мәліметке қарағанда, елімізде халықтың шомылуы, демалуы және балық аулауы үшін пайдаланылатын 50 мыңнан астам су қоймасы бар, оларда биылғы жылы 607 ресми жағажай (107 коммуналдық және 500 жеке жағажай) құрылып, жұмыс істейді.

– ТЖК құтқару бөлімшелері 607 жаға­жайдың тек 27-і (комму­налдық жағажайлар) суда құтқару стансасының есебінен, сондай-ақ 113 қауіпті су айдындарының учас­­кесі (табиғи жағажайлар) қо­сымша мобильді құтқару бекет­терін (2-3 құтқарушы және 1 жүзу құралымен 53 бекеті) қою арқы­лы бақыланады, – деп атап өтті Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы. 

Су айдындарын және судағы демалыс орындарын қамтуды арттыру үшін ТЖК аумақтық бөлім­ше­лері жыл сайын құтқарушы-жасақ­шыларды ақысыз негізде оқыту­ды жүзеге асырып келеді. Биыл 880 құтқарушы-жасақшы­лар дайындықтан өткен, олардың есебі­нен жеке демалыс аймақ­та­рында 335 объектілік құтқару бекеті құрылған. 
Сонымен қатар қоғамдық орындарда болу және ортақ су пайдалану ережелерінің талаптарын сақтау бойынша бірлескен рейдтік іс-шаралар белсенді жүргізілуде.