Қазақстан • 19 Шілде, 2019

Қазақстандық үлес көбейгенде өндіріс өрге басады

649 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған көптеген мәселелер айтылды. Әрине, Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің экономикасы дамыды, өндіріс те алға басты. Даму үшін же­рі­міздің асты-үстіндегі бай­лықтың арқасында мол қар­жы салынды. Көптеген мемле­кеттік бағдарламалар жасал­ды, оған шаш етектен қаржы жұмсалды. Өндірісте шикі­заттық үлес басым болып келгені белгілі. Кейінгі жылдары қайта өңдеу саласы да алға басты. Үкімет отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканың салаларын дамытуда ақсап жатқан көптеген жайларды ашық айтқаны өте дұрыс бағыт деп білемін. Аурудың диагнозын ашық, дұрыс қойғанда ғана оған қарсы емнің шипасы болады.

Қазақстандық үлес көбейгенде  өндіріс өрге басады

Президент ең алдымен елді индустрияландыру мәселесіне көңіл бөлді. Индустрияландыру жылдары елде 1250 кәсіпорын ашылып, 120 мыңнан астам адам жұмыс орнын тапты. Бұл саладағы биік белес еді. Қайта өңдеу секторының үлесі көбейді. Қостанайда да қайта өңдеу кәсіпорындары ашылды. Мысалы, осы жылдың бірінші жартысында облыс экономикасының негізгі салаларын дамытуда жақсы нәти­желер бар. Өнеркәсіп өнді­рісінің нақты көлем индек­сі 112,3 пайызға, негізгі капи­талға салынған инвестиция­лар көлемі 117,5 пайызға арт­қан. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіп­орындары машина жасау өн­дірісін 64,9, металлур­гия­ны 25,4, дайын металл бұ­йымдарын өндіруді 17,1, же­ңіл өнеркәсіпті 8,7, сусындар шығаруды 7,7 пайызға ұлғайту есебінен 18,5 өсімді қамтамасыз еткенін біліп отырмыз.

Облысқа инвестиция тарту ісі жақсарды. Қостанай қаласында индустриялық аймақ салынды. Бірақ Президент Қазақстандағы экономикалық салалардың сыртқы және ішкі бәсекеге төтеп беруі төмен екенін бекер айтып отырған жоқ. Қостанайда машина құрастыру зауыттары бар, бір емес екеу. Онда кореялық Ssang Yong, жапондық Toyoto брендтері құрастырылды. Бірақ көп ұзамай олардың өнді­рілуі тоқтады. Өзгенің өнді­рісін өзімізге әкелмес бұрын оны өндірудің тиімді­лігін барынша есептеу керек еді. Бізде өндіріске халықтық ба­қылау жоқ. Өндіріске бөлі­нетін бюджет қаржысы тиім­ді жұмсала ма? Ол шағын және орта бизнесті бастап жатқандарға берілетін гранттай бір-екі миллион теңге емес қой, ауқымды қаржы жел­ге ұшқандай болмай ма? Шет елдік брендтерді құрас­тыр­ғанда қазақстандық үлесті барын­ша көбейтпей болмайды. Ал қазақстандық техника­лардың өндірілуі болашақтың арманы болып тұр, әрине.

Тағы бір айтарым, ха­лық­тың ауылдан қалаға ағылуы қашан тоқтар екен? Қалалар өсуде, ал ауылға барсаң жүрек сыздайды. Шағын фермерлерді қалыптастыру индустрия дәрежесінде қолға алынса деп ойлаймын. Сонда ауыл да, ауыл шаруашылығы да дамиды. Жұмыс бар жерден ешкім де кетпейді.

 

Сергей БОГАТЫРЕВ,

облыстық медиаторлар қауымдастығының президенті

ҚОСТАНАЙ