Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысу үшін еріктілер барды. Бұдан бөлек мұнайлы аймақтың көмегімен Арыста 482 үй қалпына келтіріледі. Соның ішінде 24 үй тұруға мүлде жарамсыз деп танылған. Терезелері сынып, төбелері құлаған, іші қираған басқа тұрғын үйлер қазір жөнделіп жатыр. Арысқа жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Асқар Маминге Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осы жұмыстар жөнінде баяндады.
– Облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін ведомствоаралық топ тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін Арыста болады, – деді Нұрлан Ноғаев. – Жөндеу жұмыстарына техникалар мен 500-ге жуық адам тартылды. Қазір облыс үлесіндегі секторда жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекемелердің басшыларымен кеңес өткізген облыс әкімі ең алдымен сапаға көңіл бөлу керектігін ескертті. «Арыс, біз біргеміз» акциясына қатысушы ретінде жағдай толық реттелгенше көмек беру шараларын жалғастыра береміз», деген өңір басшысына Арыс тұрғындары ризашылықтарын білдірді. Қала тұрғыны Бибіхадиша Момын: «Сын сәтте шет қалмай, қолдау көрсеткендеріңізге рахмет. Үйлеріміз жөнделіп, қоныстанғаннан кейін атыраулықтарды қуана қонаққа шақырамыз», деді.