Шілденің басында 11 млн отандасымыздың жеке деректерінің өзгелер үшін оп-оңай «олжалап» кетердей ашық қалғаны жайлы ақпарат тараған. 11 млн отандасымыздың аты-жөні, төлқұжат деректері, мекен-жайлары, жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) интернетте ашық қалыпты. Ал мұндай деректер қоры әдетте мемлекеттік органдарда ғана болатынын ескерсек, айыпты сол құрылымдардың өзі еді. Рас, қандай мемлекеттік органның деректер қоры ашық-шашық қалғанын білмейміз. Бірақ Қазақстанда 11 млн тұрғын тіркелген бірде-бір сайт жоқ. Атышулы Facebook-тің өзінде 2,5 млн адам ғана тіркелген. Демек, 11 млн-дық деректер қорын жинау мүмкіндігі тек мемлекеттік құрылымдардың ғана қолынан келеді деген сөз. Алайда, азаматтардың жеке деректерін интернетте ашық-шашық қалдырғанын мойындаған қандай да бір тұлға немесе мемлекеттік мекеме болған жоқ. Керісінше, біздің «қауіпсіздігімізді» ойлап шыға келгендер табылды. Сөйтіп отандастарымызға байланыс операторлары СМС жолдап, «қауіпсіздік сертификаты» дегенді орнатпасаңыздар сіздер интернетке кіре алмай қалуларыңыз мүмкін» деген сыңайдағы ескертулер жіберіп жатыр. Атышулы сертификатты мобильді құрылғыларға орнату тұтынушыны хакерлердің шабуылынан қорғайды екен-мыс. Ал байланыс операторларының мұндай қадамға баруына «Байланыс туралы» заңның 26-бабы себеп болған көрінеді. Заң 2016 жылы күшіне енген. Не себепті байланыс операторлары үш жылдан соң заң талаптарын орындағыш бола қалғанын білмейміз, әйтеуір соңғы бірнеше күнде олар қалың көпшілікті әуре-сарсаңға салып қойды. Бірақ біз бұл қадамның ақпараттық қауіпсіздікке қызмет еткенінен гөрі, кері әсері бар-ау деп қауіптеніп отырмыз.
Жалпы, интернетте «қауіпсіздік сертификаты» деген ұғым бұрыннан бар. Оны әдетте сайттар мен әлеуметтік желілерді даярлаушылардың өздері жасайды. Өйткені олар өз оқырмандарының, тұтынушыларының алдында азды-көпті жауапты. Әрі хакерлерден қорғаныс жүйесін де ұдайы жетілдіріп отырулары қажет. Сөйтіп әлгі қауіпсіздік сертификаттарын өз өнімдеріне орнатып қойған. Мұндай сертификаттары бар сайттардың интернеттегі мекен-жайы әдетте https:// деп басталады. Сертификаты жоқ сайттар http:// деп басталады да, әрмен қарай сайт атауы жазылады. Яғни, қандай да бір интернет ресурсқа кірер кезде азамат өз әрекетінің соңы қандай зардаптарға соқтыруы мүмкін екенін өзі бағалайды. Болды, мәселе осымен шешіледі. Ал біздің операторлар, олар емес-ау Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұсынған жол тым қарабайыр, тұрпайы көрінгені рас. Себебі әлгі сертификатты орнатсаңыз facebook, instagram, youtube тәрізді әлеуметтік желілерге кіре алмай қалу қаупі артады. Яғни, сіздің мұндай ресурстар қызметін пайдалану мүмкіндігіңіз шектеледі. Сөйте тұра, мұндай сертификаттарды хакерлер бұзатын болса, барлық дерек өзгенің қолында кетеді. Мәселен, бірнеше жыл бұрын хакерлер Нидерланд мемлекетінің қауіпсіздік сертификатын бұзып, мемлекеттік құжат айналымы, біраз құпия қаскөйлердің қолына түскен. Жаһанда интернеттегі қауіпсіздік сертификатын мемлекеттік деңгейде орнатып, табысты жүзеге асырған бірде-бір мемлекет жоқ. Ал бізде сондай сапасыз қызмет түрін енгізуге әуреленіп жүргендер бар. Шамасы, бұқараның ақпараттық сауаты төмен деп ойлайтындар жоғарыда әлі де бар-ау, әйтеуір, қисынсыздау бір науқан басталды. Іс жүзінде әлеуметтік және мессенджер медиа арқылы бұқара ақпараттық технологиялардың қыр-сырына үңіліп, көзі ашылып келеді. Өркениет көшіне ұмтылған мұндай жұртты тым тұрпайы амал-айла арқылы алдап-сулау мүмкін бола қоймас. Егер шынымен мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігі маңызды болса, тиісті құрылымдар өздерінен бастағаны жөн еді. Одан соң ақпараттық сауат ашу мүмкіндіктерін арттырғаны абзал. Ал мына «қауіпсіздік сертификаты» дегеніңіз интернетті бұғаттаудың балама түріне ұқсап тұр. Жаһандағы дамыған елдердің қатарына қосылмаққа ұмтылып жүрген мемлекетте мұндай тәсіл қисынсыздау көрініп тұрғандықтан үн қостық. Әйтпесе, ел қауіпсіздігінің маңызды екенін түсінеміз.