Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Малайзияның Мемлекет басшысына жылы құттықтауларын жолдап, еліміздің Малайзиямен өзара тиімді ынтымақтастықты әрі қарай кеңейту мен нығайтуға қызығушылығын растады.
Салтанатты рәсімінен кейін өткен екіжақты кездесу барысында Б.Иманбаев Қазақстан мен Малайзия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастары жоғары деңгейімен ерекшеленетінін атап өтті. 2019 жылдың 4 ай қорытындысы бойынша Қазақстан-Малайзия арасындағы сауда көлемі 2018 жылдың кезеңімен салыстырғанда 6 еседей артқанына назар аударды.
Малайзияның мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалап, екі ел арасындағы өзара тиімді, дәстүрлі достық байланыстарды одан әрі нығайтуға әзірлігін растады.
Малайзияның мемлекет басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және жаңадан сайланған Президенті Қ.Тоқаевқа өзінің ыстық сәлемі мен ықыласын жолдап, Қазақстан халқына одан әрі өркендеу мен жоғары жетістіктер тіледі.