Жер бетіне алғаш саналы жаратылыс иелерінің ізі түскен уақыттан бері әдебиетте оқырман деген асыл қауым бар. Талғамы биік оқырманның классикалық өнерге қызығуымен әдебиеттің салқар көші қазіргі межеге жетті. Техниканың оза дамыған дәуіріне аяқ басқан әдебиет те, оны сүйер оқырман да шапқын жорға жүрісінен жаңылып, жол жорғалап келеді. Оның негізгі себебін ғаламторға балап жүргендерге әсте қосылуға болмас. Керісінше, ғаламтордың кітап оқуға тигізер пайдасы орасан. Өкініштісі сол, мәселе ғаламторда емес, адамның өз еркінде болып отыр. Көркем дүниеге қажеттілік болмаған соң, оқырман өз аяғымен шығармаға келмеген соң, қобыз сарынға салып, «оқымайдылап» атқа теріс мінгізіп, ұлардай шулаған біздікі не әуре осы?.. Жұрттың бәрі жапатармағай кітап оқып жатса, әрине, қуаныш. Бірақ... Лев Толстойдың: «Келешекте жазушылар біз сияқты том-том шығармалар жазбауы мүмкін. Тіпті, көркем нәрселерге бару да бірте-бірте тыйылуы мүмкін. Мақалалық нәрселермен шектеліп, соны әдебиет деп есептеп, сондай бағытқа ауып кетуі мүмкін» деген сөзі расқа айналып келе жатқан қоғамда кітапқұмар қауымның азаюы заңдылық секілді.
Осы күні кітап ұстағандарға қызыға қарайтын көзқарас пайда болыпты. Өзі де оқығысы келіп, бірақ мойны жар бермейтіндіктен қызығуы мүмкін немесе кешегі кеңес заманының сарқыншағын көріп, «сен әлі тірі ме едің» дегендей мүсіркей қарайды. Расында, ешкімді кітап оқуға мәжбүрлей алмайсың. «Кітаби даналықтан ақымақтың топастығы екі есе танылады» деген Ж.Мольер сөзінің кері келуі әбден мүмкін. Оқырманның да, шығарманың да шынайы болғаны құба-құп. Өйткені табиғилықтан асқан құдірет жоқ.
Баспадан жарық көріп жатқан кітаптардың тираж саны мың данадан аспайтынына уақыт өте көзіміз үйреніп келеді. Мәселен, жақында ғана тұсауы кесілген «Алтын тұғыр» ІІІ томдығы 1000, «100 томдық Жетісу кітапханасы» жобасымен жарық көрген қырық бір автордың кітабы жалпы 22020 (әр кітап, орта есеппен, 500 данадан), «Рух» әдеби бәйгесінің жүлдегерлері кітабы 1000, Қанат Тілеуханның «Қараштың әңгімелері» 500 данамен шықты. 5000 данамен шығатын кітаптар жоқ емес, ара-тұра бой көрсетеді. Айналасы мың кітапты республикадағы он мыңға жуық кітапханаға үлестіргеннен шығатын қорытындыны бағамдай беріңіз.
Қазір бізге кітап оқығанның бәрі сұлу һәм қадірлі. Кітап о бастан мәдениеттің бастауы саналғандықтан, кітап оқу – мәдениеттің белгісі һәм кітап оқыған адам әрқашан мәдениетті. Осы бір ақ-адал ойымыз ақталып, азғана әдебиетсүйер қауым көбейсе екен дейсің. М.Горький айтпақшы, «өз бойымыздағы жақсы қасиеттеріміз үшін кітапқа борышты» болайық.