Қаржы жүйесіндегі немесе жаһандық экономикадағы жағымсыз салдар орын алуы мүмкіндігіне қарамастан монетарлық билік нарық алдында артқа шегінеді ме немесе беріктік таныта ма, мәселе осында. Егер ірі орталық монетарлық реттеуді одан әрі күшейтетін болса, онда Қазақстанның валюта мен қаржы нарығына, бюджеті мен шаруашылық жүйесі үшін биылғы және келер жыл оңайға соқпайды.
Бұл шешім шетел валютасы салымдарының тартымдылығын арттыру мақсатында қабылданды. Сарапшылардың пайымдауынша, шетел валютасы мен ұлттық валюта салымшыларының ұстанымдары арасындағы айырмашылық жыл өткен сайын тереңдеп барады. Алғашқы топ үшін көтерме пайыз маңызды емес, тек жиған-тергенін девальвациядан қорғауға ғана басымдық береді екен. Олар үшін депозиттен көретін табыс тек қосалқы рөл атқарады.
Екінші деңгейлі банктердің бәрі бірдей Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының бұл ұсынысын бірден құп көре қоймағаны байқалып қалды. «Екінші деңгейлі банктер арасында «Халық банк», «БанкЦентрКредит», «Нұрбанк» және «AsiaCredit Bank» маусым айынан бастап шетел валютасындағы депозитті 2 пайызбен, «Bank RBK» 1,5 пайызбен қабылдай бастады», дейді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының баспасөз қызметі.
Шетел валютасымен сақталған депозит пайызының өсімі, теңге депозитінің пайызына әсер ететіні белгілі. ҚДКҚ шілде айынан бастап ұлттық валюта түріндегі депозит пайызы 10,5 пайыздан 9,5 пайызға дейін түсетінін айтып отыр. Бұл шешім барлық банктерге қатысты болмақ. «Халық банк» қазірден бастап екі түрлі банк өнімі «Оптималды» депозитінде теңге салымының пайызын 1,3 (9.5), «Максималды» депозитіндегі теңге пайызын 0,5 пайызға дейін төмендетті.
«EXANTE» инвестициялық компаниясының Қазақстандағы сарапшысы Валерий Давыдовтың пайымдауынша, «АТФБанк» банктің теңгемен салынған депозит салымдарында да айтарлықтай өзгеріс бар. Долларлық депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін маусым айында алты банк көтерді. «Теңгедегі депозиттер бойынша мөлшерлемелер шілдеде төмендетіледі. Бұл параллельді процестер. Теңгедегі мөлшерлеме төмендейді, себебі маусым айының басында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ағымдағы жылдың үшінші тоқсанына теңгелік салымдар бойынша шекті мөлшерлемелерді бекітті. Мерзімді салымдар бойынша сыйақы ставкалары – 10,5 - 12,5 пайыз, жинақ салымдары бойынша 11,5-13,5 пайыз. Аталған шешім мерзімінен тыс салымдар бойынша «постфактум» қабылданған, нарықтық мөлшерлемелер әлдеқашан жылдық 9,4-9,8 пайыз дәлізінде болған», дейді В.Давыдов.
«EXANTE» сарапшысының пайымдауынша, банктер бірқатар себептер бойынша долларлық депозиттердің ставкасын арттыруға асықпай, әліптің артын бағып отыр. «Осы күнге дейін долларды қайда орналастыруға болатыны түсініксіз еді, өйткені доллармен несие берілмейді, своптарға орналастыруға болады, бірақ небәрі 4 пайыз және аса үлкен көлемде емес. Облигацияларды 2-2,5 пайызбен береді. Екінші деңгейлі банктер коэффициент талаптарына байланысты Ұлттық банкте қаржыны шетел валютасымен ұстап отыр. Соңғы шешімге дейінгі мөлшерлеме 0 пайыз көлемінде болды. Тек жақында ғана реттеуші 1 шілдеден бастап 0,5 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады», дейді В.Давыдов.
Қазақ теңгесі мен АҚШ долларының ойын ережесі мысық пен тышқанның ойынына көбірек ұқсап барады. Бұл – қаржы сарапшысы Ерлан Ибрагимнің пікірі. Жаз маусымында қазақ теңгесінің жағдайының күрт нашарлап кететіні қалыпты жағдайға айналып үлгерді. «Ұлттық банктің экс-төрағасы Данияр Ақышев банк секторында консервативті саясатқа басымдық берді. Шетел валютасындағы депозит салымдарының табыстылығы төмендеп кетті. Жаңа төраға Ерболат Досаевтың келуімен жағдай өзгерді», дейді Е.Ибрагим.
Оның айтуынша, банктер несиені ұлттық валютамен ғана береді. Ал шетел валютасы шетелдік несиелерді өтеу үшін ғана керек. Сол себепті шетел валютасына сұраныс жоғары емес. «Бұл ұсыныс Үкімет тарапынан қолдауға ие болса, доллардың ықпалынан тазару үшін қабылданған шешімдер күшін жояды», дейді Е.Ибрагим.
Сарапшылар салымшылар валюталық бағалауға басымдық беру арқылы табыс табудың жолын меңгеріп алғанын айтып жүр.
«ALPHALUX Consulting» сараптама орталығының сарапшысы Сергей Полыгаловтың айтуынша, депозиттердегі шетел валютасы, соның ішінде USD –ның теңгемен есептегендегі табыстылығы 4 пайыз, теңгемен сақталған депозит табыстылығы 6,5 пайыздың дәлізінде болды.
«Мұндай жағдайда қазақ теңгесі девальвацияның ықпалында қалып қоюы мүмкін. Теңгенің әлсіреуі мен күшеюі шетел валютасымен конвертация кезіндегі бағамның айырмашылығын жойып жіберуі мүмкін», дейді С.Полыгалов .
Ол банктердің шетел валютасындағы депозиттерінің табыстылығын арттыру туралы шешім қабылдауды кешіктіруі брокерлік компаниялардың оң жамбасына дөп келгенін тілге тиек етті. Нарықта банк депозиттеріне балама болатын қаржы құралдарының қатары өскен. Қазақстанның қор нарығы бірқатар көрсеткіш бойынша Аустрия, Венгрия, Румыния мемлекеттерін басып озды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасы шетелдік инвесторлар тартуда әлем бойынша 51-орынға дейін көтерілді. Былтыр ел Парламенті қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіп, құнды қағаз нарығындағы шектеулерді 20 пайызға азайтқан. Осыдан кейін отандық қор нарығына инвесторлар көптеп келе бастады. Квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларының табыстылығы 3 пайыз мен 8 пайыздың айналасында.
«Қазақстанның ішкі нарығында инвестициялық жобаларды қаржыландырудың тамаша мүмкіндігі калыптасты. Тіпті мұндай мүмкіндікті болжауға оптимист сарапшылардың тәуекелі жетпей келді. Біздің елде қор нарығын тежеуші фактор – халық көбіне қор биржасына салған ақшам қайтпай қала ма деп қорқады. Сондықтан бұл арада мемлекет, егер акция құны құлдырап, тіпті құнсызданып жатқанда оны мини-акционерлерден сату кезеңіндегі бағасымен сатып алатындығы жөнінде кепілдік берсе, күдіктер бір демде жойылар еді», дейді С.Полыгалов.
«Фридом финанс» инвестициялық компаниясының бас директоры Тимур Турловтың пайымдауынша, Қазақстандағы инфляция деңгейін Ұлттық банк белгілеп берген мөлшерлемеден 0,5-1 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік туып тұр. Осы үрдіс жалғаса берсе, 2019 жылдың аяғына дейін инфляция деңгейін 7 пайыз емес, 3-4 пайыз дәлізінде ұстап тұруға мүмкіндік бар. «Мұнай бағасындағы өзгеріс қана емес, Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме деңгейін төмендетуге деген талпынысы да инфляция деңгейіне ықпал ете алады. Қазақстандағы инфляция шегі осы деңгейге жақындап қалды. Бұл инвест жобаларды қаржыландырамын деген инвесторлар үшін тамаша мүмкіндік», деді Т.Турлов.
Ол осы тұста қазақстандық инвесторлар басымдық беріп келген қаржы құралдарының классикалық түрі бұрынғыдай тартымды болып қала беретінін айтты.
Себебі жылжымайтын мүлік бағасы соңғы 10 жылда арзандаған жоқ, керісінше өсті. Банк салымдары мөлшерлемесі де ішкі нарықтың ыңғайына жығыла бастады. Валюталық депозиттің пайыздық мөлшерлемесі 1 пайыз болса, теңге пайызы 10 пайыз. «Алдағы екі-үш айда теңге депозиті 10 пайыздан төмен болмайды. Бұл банктердегі теңге түрінде сақталған депозиттің үлесін арттырады. Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын 10 жыл бұрынғы деңгеймен салыстыруға болмайды. Тұрғындардың инвестиция салуға деген қызығушылығы Қазақстанның қаржы нарығы тарихында бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті», деп атап өтті ол.
Тимур Турловтың айтуынша, қазақстандық қор нарығының арзан және тиімді бола түсуіне осы факторлар әсер етіп отырған көрінеді.
Қор нарығына қатысуға ниетті 1% қазақстандықтар – Алматы, Астана және Ақтау тұрғындары.
«Бұл көрсеткіш АҚШ-та – 60 пайыз, ЕО елдерінде – 10-20 пайыз. Түркиялықтардың 15 пайызы қор нарығы арқылы инвестжобаларды қаржыландыруға басымдық береді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 пайыздық деңгейде. Бұл қазақстандықтардың мүмкіндігімен салыстырғанда өте аз. Қазақстандықтардың басым көпшілігі әзірге банк салымдарына басымдық береді», дейді Т.Турлов.
Қазақстандықтарға қор нарығының тартымдылығын арттырудың кезі енді келді. Бірақ оның тартымдылық шекарасы Алматы мен Астанадан әріге аса алмай тұр. Алыс аудандардағы инвесторлар үшін KASE-нің сауда алаңдары әзірге қолжетімді емес.
Сарапшылардың пайымдауынша, бұл – уақытша құбылыс. Қор нарығы басшылары, инвестициялық компаниялар 2016-2018 жылдар арасында конференциялар өткізіп, Қазақстанның барлық аймағындағы инвесторлармен онлайн-трансляция арқылы байланысқа шықты. Нәтижесінде қазақстандықтардың басым көпшілігі ШОБ өкілдері ұсынған жобаларға инвестор болуға дайын екенін байқатты. Демек, «темірді қызған кезде соғу» мүмкіндігін уыстан шығарып алмау қажет.
АЛМАТЫ