Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров, «Ұлттық аграрлы ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев, «Адам құқығының хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының жетекшісі, ҚХА мүшесі Максим Споткай Ұлттық кеңесте қарастыруға ұсынатын мәселелерге тоқталса, «Мәскеу мемлекеттік университеті» ақпараттық-талдау орталығының бас редакторы Жанар Тулиндинова, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина, саясаткер Бауыржан Төлегенов Ұлттық кеңеске қатысты ұсыныстарымен бөлісті.
Ұлттық кеңестің мүшесі Ерлан Саиров жаңа Жарлыққа қатысты қоғамдағы резонансты еліміздегі қоғамдық-саяси процестерді либералдандыруға сұраныстың болуымен байланыстыратынын айтты. «Ұлттық кеңес билік пен қоғам арасында диалог құруға мүмкіндік беретін, демократиядағы плюрализмге қажетті алғышарттарды ұсына алатын алаңға айналмақ. Қоғамдық сенім деп аталуының өзі сенім арқылы ұлттық диалогтың жаңа форматы пайда боларынан үміт береді. Бұл кеңес арқылы қоғамдық саяси баланс түзеуге мүмкіндік аламыз. Елімізде әлеуметтік, еңбек, азаматтарды қорғау мәселелерінде шешімін таппаған сұрақтар көп. Олардың барлығы толық, бетпе-бет талқыланбақ. Мені мазалайтын сұрақтардың бірі – шекара жағдайы. Шығыстағы Катонқарағай, Марқакөл, Ақсуат, Мақаншы өңірлерінен халық үдере көшіп жатыр. Мысалы, бұрынғы Марқакөл ауданында осыдан 30 жыл бұрын 27 мың адам тұрған. Қазір аудандағы тұрғындардың саны 6 мыңға жетер-жетпес. Мұны гуманитарлық проблема деп те атауға болады. Дәл осындай жағдай Алматы облысында да бар. Бұл мәселені шешу үшін кезінде қысқарып қалған аудандарды қайта құру қажет. Содан кейін шекаралық аймақтарды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жасау керек. Ұлттық кеңесте бұл сұрақ та талқыланатын болады. Мемлекеттің саяси менеджментінде осы сынды өзекті мәселелерді шешу қарастырылған деп сенемін», деді кеңес мүшесі.
«Ұлттық аграрлы ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков Ұлттық кеңес шеңберінде талқыланатын мәселелер әлеуметтік-саяси реформаларға алып келетініне сенетінін жеткізді. «Тәуелсіздік жылдарында саясатқа қарағанда экономикаға ден қойдық. Ендігі кезекте заң жобаларын жаңартуды қолға алу керек. Бүгінгі қоғамда әлеуметтік мәселелер әлі де шешімін таппай келеді. Саяси реформалардың уақыты келді. Үкіметтің кеңейтілген отырысын Мемлекет басшысы азаматтардың жалақысын өсіру мәселесімен бастаған болатын. Бұл жерде мемлекеттік мекемелердің жұмыс өнімділігін арттыру, нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарастыру мәселесі де жатыр. Ең алдымен Ұлттық кеңес саяси реформалар үшін құрылғанын есте ұстаған жөн», деп сөзін түйіндеді Т.Рақымбеков.
Ал «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың айтуынша, Ұлттық кеңесте білім беру мәселелерін талқылау арқылы білім беру сапасын жақсартуды жолға қоймақ. «Еліміздегі білім беруге жұмсалатын қаражат ІЖӨ-нің 5 пайызынан аз болмау керек. Бұл ақшаны Ұлттық қордан да алуға болады. Ұлттық қор – келешек ұрпақтың қоры. Оны білім беру жүйесін жаңғыртуға жұмсаудан дұрыс шешім жоқ. Қазір бөлініп жатқан қаражатқа қоса, қосымша 2 млрд АҚШ доллары көлемінде ақша бөлген жөн. Бұл білім беру сапасын жақсартумен қатар, мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін маңызды. Барлық шешім бюджеттің жетіспеуіне тіреледі. Ал мұғалімдердің жалақысы еңбек нарығындағы басқа мамандықтарға қарағанда ең азы екені барлығына белгілі. Былтыр педагогикалық мамандықтарға бөлінген 8 мың гранттың 4 мыңын ҰБТ-дан 50-51 ұпай жинаған түлектер иемденгеніне куә болдық. Бұл – функционалды сауаттылықтың шегі. Мемлекетіміз үшін маңызды істі, болашағымызды, балаларымыздың білімін үздік емес студенттерге бермекпіз. Бұл тек жалақыны көтеру арқылы ғана шешілетін мәселе», деді сарапшы.
Жеміс Тұрмағамбетова өз кезегінде кеңес мүшелерінің ұсынысы тек кеңес түрінде болуы керегін еске салып өтті. «Кеңес мүшелері талқылайтын мәселелердің барлығы кеңес екенін ескерген жөн. Менің ойымша, қоғам мен билік арасында диалог түзу – бүгіннің ең маңызды мәселесі. Бір-бірімізбен әлеуметтік желі арқылы байланыс орнатамыз деген ойдамын. Сұрақтарды жеткізіп, саралап отыратын хатшылық болады. Бұл алаңда кез келген мәселе, кеңес тыңдаусыз, талқылаусыз қалмайды. Бәрінен бұрын жұмысты бастау керек, қалғаны сол кезде белгілі болады. Кеңес мүшелері әлеуметтік-экономикалық мәселелері шешімін таппаған ауыл-аймақты аралайтынына да сенімдімін. Мән-жайды өз көзімізбен көріп, анықтап, кейін талқыға салып, кеңес берілуі керек. Өзім кеңес жұмысын осылай елестетемін», деді ол.
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина Еуропадағы мемлекеттердің, АҚШ-тың, Малайзияның тәжірибелеріне талдау жасағанын айта отыра, кеңес жұмысын жүйелей түсетін үш бағытты ұсынды. «Біріншіден, азаматтардың арыздарының, шағымдары мен сауалдарының нақты жүйесін жинақтау қажет. Кез келген мемлекеттік органдарға түсетін арыз-шағымдарды да осы топқа жинаған жөн. Екіншіден, ашық және жабық тыңдаулар өткізуді ұсынамыз. Үшіншіден, жұмыс топтары мен жұмыс органы «азаматтық жюри» сияқты жаңа технологияларды пайдаланғаны абзал. Төртінші кезекте әлеуметтік желі арқылы диалог жүруі керек. Осы төрт форматқа Президент Әкімшілігі назар аударып, кеңес мүшелерінің жұмысын қамтамасыз етуі керек. Кеңестің құрамы өте жақсы іріктелген. Тек енді сол құрамның жұмысын қамтамасыз ету қажет», деді саясаттанушы.
Сонымен бірге халық арасында Ұлттық кеңес туралы толық пікірдің қалыптаспағанын, қоғамның әлі де түсінбейтін тұстары барын ескертіп өтті. «Жалпы БАҚ пен әлеуметтік желідегі пікірлерге зер салсақ, ел арасында Ұлттық кеңес туралы нақты түсінік жоқ. Ұлттық кеңесті әкімдіктер мен мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестермен шатастырып жатқандар да жетерлік. Ұлттық кеңестің мақсаты мен міндеті елге айқын емес. Бұл кеңестің республикалық деңгейде жұмыс істейтінін, оның Ұлттық мәртебесі бар екенін түсіндіру қажет. Қоғамдық кеңестердің саяси партиямен емес, тек қана азаматтық сектормен жұмыс істейтінін айтып өту керек. Яғни, билік пен азаматтық сектор арасында делдал болып жұмыс істейді. Міне, елге екі кеңестің екі бөлек орган екенін, міндеттері мен қызметтері де бөлек екенін түсіндіру қажет», дейді Алуа Жолдыбалина.