Аймақтар • 24 Шілде, 2019

Жарылыс жаңғырығы ұзақ сақталады

464 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Арыс қаласының іргесінде орын тепкен әскери қоймадағы жарылыстан аман қалған оқ-дәрілер мен қару-жарақты түгелімен көшіру келесі жылдың мамыр айына дейін аяқталуы тиіс. Алдын ала жоспар бойынша қазір Қорғаныс министрлігінің Арыстағы қоймаларында 28 мың тоннадан аса қауіпті мүлік қалған. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың баяндауынша, бұл қару-жарақ пен оқ-дәрілер 817 вагонға жүк болады екен.

Жарылыс жаңғырығы ұзақ сақталады

Қойманы көшіру жұмыстары баяу

Қорғаныс министрлігінің бас­шылығы әскери қойманы көші­рудің қарқыны баяу болуын екі себеппен байланыстырып отыр.

Біріншісі – қауіпсіздік қағи­да­ларын мүлтіксіз сақтау. Оның ішінде оқ-дәрі салынған жә­ші­к­терді тексеру, тиеу мен тасы­­малдау кезіндегі қауіпсіздік шара­лары алғашқы орынға шы­ғады.

Екіншісі – сол жүк орналас­тырылатын жерді әзірлеу. Бұл кезде арнайы қоймалар салынып, олардың елді мекендерден аулақ орналасуы ескеріледі.

Ең бастысы, Арыстағы қой­ма­­ларды тұтас темір жол желісі­мен байланыстыратын шойын жол осыдан бірнеше жыл бұ­рын тар­қатылып алынып, әске­ри бөлімге едәуір қиянат жасал­ған. Қорғаныс министрінің баян­дауынша, бұрын темір жол өт­кен жерге қазір мек­теп пен тұр­ғын үйлер салы­­нып кеткен. Сон­дықтан да қой­ма­дағы қауіпті жүк алдымен авто­көліктерге тиеліп, теміржолға дейін жеткізіліп, одан әрі вагон­дар­мен тасымалдануда. Бұл – уақыт пен қаржы шығынан кө­бейт­кенімен, басқа амал жоқ.  Қаражат демекші, әзірге күні бү­гінге дейін жетпей келген және нақты іске қажетті қаражаттың көлемі айтылған жоқ.

Арыстағы қару-жарақ қой­масының қаупі жайында 2009 жы­лы Парламент депутаты ре­тін­де алғашқы болып дабыл қа­ғып, Үкімет басшысына сауал жол­даған ҰҚК ардагері, генерал-майор Ержан Исақұлов әскери қоймадағы қалған қару-жарақ пен оқ-дәрілер есептеліп, оларды қаладан тыс жерлерге шығарып, залалсыздандыру жұмыстары басталғанымен, босаңсуға болмайтынын айтады. Өйткені қой­мадағы барлық жарылғыш заттар түгел залалсыздандырылмай, қауіптің беті қайтты деу ерте.

– Ендігі кезекте барлық ауырт­­­палық әскерилерге түседі. Қоймадағы 28 мың тонна оқ-дәрі дегеніңіз өте көп нәрсе және оларды жатқан орнынан қозғап, басқа жаққа автокөлік пен вагондармен тасымалдау, содан кейінгі залалсыздандыру жұмыстары өте қауіпті. Ол үшін тәжірибелі саперлер мен озық технологиялар және арнайы құрал-жабдықтар қажет. Кез келген қателік апат­қа алып келуі мүмкін. Сондық­тан бұл жұмыс мұқият дайындық­пен, сақтықпен жүргізілуі тиіс. Менің ойымша, мемлекет тарапынан әскерилерге толық қолдау көр­сетіліп, мұндай қауіп бас­қа жердегі әскери қоймаларда болмау үшін алдын алу шара­лары іске асырылуы керек. Арыс­та­ғы жағ­дай баршамызға ескерту сияқты, оның салдарының бұ­дан да қауіпті болмағанына шүкір­шілік етіп, сабақ алу керек, – дейді Е.Исақұлов.

Қару-жарақтар әлі де ашық аспан астында сақтаулы

Еліміздегі әскери қоймалар­дағы қауіпсіздік пен қару-жарақ­тың сақталу тәртібіне байланысты Қазақстан Қарулы Күштері Қару-жарақты басқару бас басқар­масы­ның бұрынғы бастығы Геннадий Носоновскийдің пікірін білдік. Қазір құрмет демалысындағы генерал-майор әскери қоймалар­дағы оқ-дәрілер мен қару-жарақ­ты сақтау қағидалары, ереже­лері қатаң сақталуы тиіс деп есеп­тей­ді. Екіншіден, қару-жарақ қой­­ма­­ла­рында өрт қауіпсіздігі ере­же­лері мүлтіксіз орындалуы керек. Үшін­шіден, сақтау мерзімі өт­кен және жа­рам­дылық мерзімі тая­ған қауіп­ті қа­рулар мен оқ-дәрі­лер­­ден тезі­рек құтылуға асығу қажет.

– Әскери қоймалар ішінде сақталған мүліктің көлемі жағы­нан Арыстағы арсеналдан үлкені жоқ. Арыстағы оқиға Наган та­пан­шасының оқпантайы сияқты – қа­шан атыларын білу қиын жағдай еді. Бірақ көп жылдардан бері жинақталған жағдайлар осы оқиғаға ұрындырғаны анық. Қой­маны көшіруге ұзақ уақыт бойы ауқымды материалдық қиын­шы­лықтар тежеу болып келді. Сон­­дықтан әскерилер қолда бар мүм­­­­кіндіктеріне байланысты төтен­­­ше оқиғаның алдын алудың қа­мын жасауда аянып қалған жоқ, – дейді Г.Носоновский.

Генерал-майордың айтуынша, еліміздің аумағында орасан зор қару-жарақ жинақталып қалған. Бірақ жергілікті атқарушы орындар қауіпті нысандарға жақын аумақтан жер телімдерін оңды-солды бөліп келеді. Ал іс жүзінде мұндай қауіпті құрылымдардың маңайында тұрғын үй салу түгілі, мал жаюға рұқсат етілмейді.

Г.Носоновский 2001 жылы Балқаш қаласынан 45 шақырым­дай қашықтықта орналасқан Тоқырау әскери бөлімінің қойма­сын­дағы жарылыстың салдарын жоюға қатысқан. Ол кезде жары­лыстың қуаттылығы сонша, әскери бөлім орналасқан маңай тып-типыл болған екен.

Маманның айтуынша, әдетте әскери қоймалардағы жарылыс­тың нақты себебін анықтау оңайға соқпайды. Өйткені қойманың айналасы түгел қопарылып, астаң-кестең болатындықтан, ілік табу қиындап кетеді. 

Әскери маман әрбір әске­ри бөлімнің жанында болатын оқ-дәрі мен қару-жарақ қоймаларының да қауіптілігін жоққа шығармайды. Сондықтан да қорғаныс саласына жауапты тұлғалар әлемдегі озық технологиялармен танысуы қажет.

– Әлемде, оның ішінде батыс елдерінде қару жарақты қауіп­сіз сақтаудың үлгілері жетер­лік. Біздің әскерилер соны барып көруі керек. Реті келсе, елі­міздің орталығынан жаңадан сатып алынған қару-жарақтар сақталатын заманауи қойма салған дұрыс. Жарамсыздарынан құтылу керек. Біздегі қоймалар­дың көпшілігі Кеңес Одағының Қытаймен қа­рым-қатынасы шие­леніскен тұс­та көбіне-көп уақыт­ша сақтау ор­ны ретінде салын­ған. Ондағы ар­тил­лериялық және инженерлік қару-жарақ пен оқ-дәрілердің көбі жер­ге жай текшеленіп қала­нып орна­лас­­тырылған. Сондық­тан оларды қауіпсіз деп айту қиын, – деп ойын қорытты Г.Носонов­ский.

Халықаралық сарапшылар: жарылыстан сақтану оңай емес

Қазір Арыстағы оқиғаға байланысты сырттай тон пішіп, тіпті кінәлілерді де долбарлап анықтап, әлеуметтік желіде үкім кесіп қойғандар жеткілікті. Бірақ мұнд­ай жағдайларды кәсіби әс­керилердің, тіпті болмағанда осы салаға маманданған сарап­шы­­лардың пікірі құнды болаты­ны анық. Мәселен, polit-asia.kz интернет-порталында Тәжік­стан­ның әскери шолушысы Абдул­маджид Давлатов  Арыста болған жағдайға қатысты пікір білдірген.

– Арыстағы жағдайды бақы­лай отырып, бейбіт тұрғын­дар ара­­сындағы зардап шеккен­дер­дің саны анағұрлым көп болуы мүм­кін еді деген қоры­тын­дыға кел­дім. Бірін­шіден, жары­лыс өте жойқын болды. Ол, тіпті жа­ны­нан ұшып өткен ұшақ­тар­дың терезелерінен көрін­ді. Екін­ші­ден, қазақстандық бас­пасөз беттерін ақтара отырып, арсе­­нал маңындағы таяу жерде же­ке­меншік үйлер ғана емес, соны­­мен бірге, негізінен халық ме­кен еткен көп қабатты үйлер орна­­лас­­қанын білдім, – дейді сарапшы.

Ал Қырғыз Республикасы Қа­ру­лы күштері Бас штабының бұ­рынғы басшысы Жаныбек Ка­паров CApress интернет порталына сұхбатында мұндай төтен­ше жағдайдың туындауынан әлемнің бүкіл армиясы сақтанды­рыл­маға­нын атап өтті.

– Қару-жарақ пен оқ-дәрі­­ле­рді сақтауды ұйым­дастыру про­­цесі күрделі. Арсенал­дар­да­ғы, қойма­лар немесе зауыт­тар­да­ғы оқ-дәрі­лердің жары­лы­сы біраз уақыт бұрын Ресейде, Ук­раи­нада бол­ған. Тіпті, батыс мем­­ле­кет­­терінде де мұндай жағ­­­дай­лар тір­келген. Әрине, осын­­дай төтен­­ше жағдайға жол бер­меу керек. Дегенмен мұн­дай жағдай орын алса, ел билігі зардап шек­кен­дердің санын азай­туға және оқиғаның бақылаудан шығып кетпеуіне жол бермеуі үшін барынша күш-жігерін жұм­сауы қажет, – деді әскери маман.

Жалпы әскери арсеналдар мен оқ-дәрілерді сақтау қойма­ларындағы төтенше жағдайларға негізінен жоғары температураның салдарынан өздігінен тұтану, өрт­ке қарсы қауіпсіздік шара­лары­ның бұзылуы, оқ-дәрілерді сақтау талаптарының бұзылуы, немқұрайлылық, адам факторы, диверсия себеп болып жатады. Дәл осы нұсқалардың қай-қай­сысын да Қорғаныс министр­лігі жоққа шығармайды. Осы­ған бай­ланыс­ты қазір өзге қойма­лар­­дағы жағ­дай да мұқият тексерілуде.