Холдингтің қаржылық ахуалының нашарлауы 2013-2017 жылдардағы Қазақстанның қаржы нарығындағы тұрақсыздық пен теңге девальвациясына және еліміздің агроөнеркәсіп кешенін несиелендіруші бірқатар банктердің дефолтқа ұшырауына байланысты өрбіді. Холдинг мұндай жағымсыз жайтқа әзір емес болып шықты.
«Мемлекет басшысы ҚазАгроға қатысты әділ сын айтты. Президент оны түбегейлі реформалауға басымдық берді. Эрнст энд Янг аудиторлық компаниясы растаған холдингтің жинақталған борышы 2019 жылдың басында 399,1 млрд теңгені құрады. Бұл соманың жартысы – девальвация жоғалтқан қаражат болса, жартысы екінші деңгейлі банктердің дефолтқа ұшырауынан жоғалды. Бұл 2013-2018 жылдар аралығындағы ҚазАгро менеджментінің қабылдаған шешімдерінің нәтижесі. Мәселен, 2018 жылы бас холдинг 148,3 млрд теңгеге кем шықты», деді «ҚазАгро» басқарма төрағасы Ербол Қарашүкеев.
Бас холдингте қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан, холдингтің Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және ҚазАгроҚаржы сияқты үш ірі еншілес ұйымдары табысты компаниялар болып қалуда және жылдан-жылға ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін көбейтіп келеді. Аталған еншілес компаниялар тарапынан саланы қаржыландырудың жалпы көлемі былтыр 400 млрд теңгені құрады. Бұл холдинг құрылған уақыттан бергі ең жоғары көрсеткіш. Оның негізгі себебі, агроөнеркәсіп кешенін екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландыру үлесі жылдан-жылға төмендеп барады. Айталық, 2011 жылдан 2018 жылға дейін банктердің агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруы 6 есеге азайған, яғни 448 млрд теңгеден 76 млрд теңгеге дейін түсті. Осыған орай холдинг агроөнеркәсіп кешеніндегі жаппай күйреуге жол бермеу мақсатында қаржыландыру көлемін арттыруға мәжбүр болды. 2011 – 2018 жылдар аралығында несиелеу көлемі 4 есеге артып, 93 млрд-тан 400 млрд теңгеге дейін өсті.
«Жағдайды түзеу міндеті – өте күрделі және холдинг менеджменті мен Үкімет шешімін үйлестіруді қажет етеді. ҚазАгро ахуалы туралы айтқанда, оның еншілес компанияларында бүгінде 77 мың заем алушы бар екенін есте ұстауымыз қажет. Олар – қазіргі уақытта ҚазАгроның қолжетімді несиесін пайдаланып отырған ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, шаруа қожалықтары және фермерлік шаруашылықтар. Сондықтан жақын келешекте қабылданатын кез келген шешім ең әуелі олардың жағдайына нұқсан келтірмеуі тиіс», деді «ҚазАгро» басқарма төрағасы Ербол Қарашүкеев.
Жаңа топ-менеджмент құру аясында холдинг зиян шекпеу және тиімділікті төмендетпеу мәселесін шешуге арналған үш негізгі бағдарды жариялады.
Бірінші, холдингтің қаржылық жағдайын тұрақтандыру бойынша жедел шаралар қабылдау. Аталған жұмыс аясында биылғы мамыр айының соңында бүкіл валюталық қарыз түгелімен өтелді. Теңге бағамының тербелуі енді тақырға отыруға бастамайды. Алдағы 15 жылға арналған қаржылық даму моделі әзірленді. Бұл холдингтің күрделі жағдайдан шығуына мүмкіндік береді.
Екінші, холдингті оңтайландыру. Оңтайландыру аясында еншілес компанияларды жою, олардың санын 7-ден 3-ке дейін қысқарту көзделіп отыр. Оңтайландыру жетекшілерді, артық құрамды, тиімсіз компаниялар мен бөлімшелерді қысқартуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, холдинг қазіргі кезде штат бірлігін 20 пайызға азайтты. Жақын арада 25 пайызға кезең-кезеңімен қысқарту көзделіп отыр.
Үшінші, барлық үдерісті автоматтандыру. Заем алушылардың 70 пайызы – өз қажеттіліктері үшін 4 млн теңгеге дейін қарыз алатын фермерлер. Холдингтің жаңа басқармасы барлық өтінімді қарау уақытын 30 күннен 3 сағатқа түсіруді алдына міндет етіп қойды. Басты міндет – заемшылар әртүрлі анықтамалар үшін инстанциялар бойынша жүгірмеуі қажет. Фермер ҚазАгро құрылымы бөлімшесіне жеке куәлігімен ғана келуі тиіс. Сонымен бірге несие алуды мақұлдауды 3 сағаттан артық созбауы керек.
Естеріңізде болса, 15 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкіметке ҚазАгро холдингін жедел реформалау бойынша екі ай мерзімде ұсыныстар әзірлеу керегін тапсырған болатын.