Аймақтар • 24 Шілде, 2019

Солтүстік Қазақстанда бір тоннаға жуық спирттік өнім тәркіленді

311 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кезекті рейд барысында өңір полицейлері бір тоннаға жуық спирттік өнімді заңсыз әкетіп бара жатқан көліктің жолын кесті.

Солтүстік Қазақстанда бір тоннаға жуық спирттік өнім тәркіленді

Оқиға шалғайдағы Ғабит Мүсірепов ауданында орын алған. Тәртіп сақшылары  Рузаевка-Возвышенка автожолында  суыт жүрісті  ГАЗ-330210 көлігін тоқтатты. Автокөлікті тексеру барысында  5 литрлік пластик бөтелкелерге құйылған 900 литрден астам спирттік өнім табылған. Көлік жүргізушісі  қажетті жүк құжаттарын көрсете алмаған.

«Алкоголь өнімдерін сату барысында көптеген заңбұзушылықтарға жол беріледі. Ең жиі кездесетіні – 21 жасқа толмағандарға және  түнгі сағат 23.00-ден кейін ішімдік сату. Сондай-ақ  қолдан жасалған спирттік өнімдерді белгіленген бағадан төмен сатқан деректер  де анықталды. Осындай заңбұзушылықтарға жол бергені және алкогольді тиісті құжаттарсыз сатқаны үшін 12 адам әкімшілік жауапқа тартылды.  369 шөлмек спирттік өнім айналымнан алынды», дейді Ғ.Мүсірепов ауданы полиция бөлімінің бастығы Айдос Ыдырысов.

Облыс  бойынша жыл басынан спирттік ішімдіктерді сатуда 218 заңбұзушылық тіркелген. Оның 136-ы заңсыз саудаға қатысты. Нәтижесінде 615 литр өнім айналымнан алынды.


Солтүстік Қазақстан облысы