Әулиетауға жиі шығатындар ғажайып энергия кейбір адамдарды тауға жібергісі келмейді дегенді жиі айтады. Кей кездері өзіне-өзі сенімді «қазір жүгіріп шығамын, оның несі қиын?» – деп ойлайтын жастар, тіпті спортшылар да түрлі себептермен жарты жолдан қайтып кетіп жатады.
Себебі бұл – ғаламшардың адам сенгісіз тылсым бөлігі. Беймәлім күштер мекені. Бұл – ежелден адамзат баласы Жаратушыға құлшылық етіп, құпия ілімді меңгеру үшін таңдап алынған орын. Данышпан білімпаздардың көңіліне шыңға жақындаған сәтте жан дүниеңіз өзгеше күйге бөленіп, тылсым құдіреттің шексіздігін сезінесің деген сенім ұялаған.
Қасиетті шыңға зиярат етушілердің көпшілігі тау басына шыққанда наным-сенімдеріне қарамастан, оның әсерін айқын сезінеді. Менің өзім де тау етегінде-ақ тау құдіретін талай мәрте бар болмысыммен сезінген жанның бірімін. Сондай сәтте сана-сезіміңде, өне бойыңда физикалық һәм рухани деңгейдегі тілмен айтып жеткізгісіз ғажайып толқыныстар болып жатады. Кейбір адамдар бәзбіреулермен сөйлесіп, есіней береді, бір құдіретке сыйынады, ал енді біреулері күліп те жатады. Көпшілігі үндемейді, өйткені бойын бір ғаламат сезім жайлайды.
Бұл тау өзінің тылсым құбылыстарымен де ерекшеленеді. Ықылым замандарда адамның белгілі бір шарттылықтарға сүйенген дайындығы болмаса, бұл тауға көтерілуге рұқсат етпеген. Шынымен де, шыңға шығу қандай да бір өзгеше әрекеттерді талап етеді. Бұрынғы адамдар энергияның осы күші мен олардың адамдарға тигізер әсері жайлы жақсы білген. Зиярат етушілер тылсым күштермен байланыс орната алатындай жағдайға жету үшін рухани тұрғыда дайындық жасаған.
Әулиетау бағдары басталатын Ембұлақ қайнары – тіршілік көзі, бағзы замандардағы көптеген ұлы өзендердің бастауы. Бұл жерде жүрер жолыңыз жазықтау болып келеді. Өзеннен өткен сәт бұл – дүние есігін ашуыңыз. Бұл жол да сіздің бұралаңы көп өміріңіз секілді: бұталар, ағаштар кездесіп, жүрген сайын күрделене түседі. Таудың етегіне жетіп, жоғары қарай өрмелейсіз, бұл сіздің жастық шағыңыз іспетті. Тауға шығу сәт санап қиындай түседі. Өтуі ең қиын жерге де жетесіз. Тау сізді кедергілерімен сынай түседі. Аяғыңыз ауыр тартып, әр қадамыңызды қиындықпен басасыз. Тіпті тау басына шыға алмаймын деген ой да келеді. Бірақ сүрлеу – өмір жолы және одан қалай болғанда да өту керек деген ой күш беріп, жолыңызды жалғастыра бересіз. Кейбір адамдар жиі тоқтап, демалып, ұзақ отырады, ал бәзбіреулері әрі қарай жүруден бас тартып, кері қайтып жатады.
Қысқасы барлығы да адам өміріндегі өзгерістер сияқты. Өйткені пенде ғұмырында мамандық таңдап, білім алып, отбасын құрып, мақсатқа жету сәттері болады емес пе?! Осы ретте әркімнің жолы да әртүрлі. Қиынды еңсерген соң, аздаған еңістіктері бар, жазық жер басталады. Бұл шамамен адам өмірінің 35-45 жас аралығы. Түйсігі терең жандар бұл жерде Жаратушының құдірет-күшін жете сезінеді. Әлдебіреу қолыңнан жетектегендей болады, жүру де оңайырақ. Бірақ босаңсымаңыз, алаңдамаңыз. Тек алға қойған мақсатыңызға жетуді ғана ойлаңыз. Сосын жаңа биіктіктер басталады, бірақ оларды бағындыру бұрынғылардан жеңілдеу. Бұл – адамның отбасының, туған-туыстарының және қызметі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі артатын кезеңіне сәйкес. Содан кейін күшке тиетін ауыртпалық екінші орынға жылжып, басқаша бір жаңа дүние пайда болады. Мұндай сәттегі жай-күйді сипаттап жеткізу қиындау. Өйткені, ол – пендешілік ұғымдардан алшақтауды ұғыну мен сезіну, ақиқаттың қандай да бір энергиясымен арпалысу сәті.
Тау шыңына жетіп, айналаға құмарлана көз салған сәтте өзіңізге тұтас әлем сыйға тартылғандай сезім күйінде боласыз. Төңіректің барлығы алақандағыдай көрінеді және оның барлығы өзіңе ғана тиесілі. Шексіз кеңістік. Барлық тарапқа жолдар ашық. Таңдау өзіңізде. Тибет ламалары: «Тауға шыққан сәтте әрі қарай да жүре беріңіз, тоқтамаңыз...» дейді. Осылайша шыңнан әрі шырқауға ұмтыла бересіз.
Жапонияда Фудзи тауына шығу рухы мықтылардың ғана қолынан келеді дейді. Тауға жай ғана көтеріле салуға болмайды. Оған бастар сүрлеу – киелі шыңға жеткізетін құпиясы мол жол, рухани жол, кармалық міндеттерді шешу жолы, өзгеру жолы, шешімдер қабылдау жолы екенін ұғыну қажет.
Таудан түсіп келе жатқанда міндетті түрде Зердеш баба (Зарастустра) үңгіріне кіріңіз. Бәлкім сәтін салып, тау сіздің көне заман даналығының сырына үңілуге мүмкіндік берер. Осы үңгірге қанша данагөйдің келіп-кеткенін санамалап шығар мүмкіндік болса ғой, шіркін!
2011 жылы белгілі қазақстандық археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зайберт Әулиетау мен оның етегін зерттеп, Ұлытау қола дәуірінің, яғни, біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мың жылдықтың өзінде-ақ киелі орын болған деген қорытындыға келді. Шынтуайтында, Ұлытаудың түркілер заманында және одан кейінгі кезеңдерде де қасиетті мекен болғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Көшпенділердің ауыз әдебиеті киелі жер жайлы аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды ықылым заманнан рухани асыл қазына ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, бүгінгі күнге жеткізген. Біз үшін Зердеш бабаның заманында, қола дәуірі кезеңінде бұл жердің зиярат етушілер үшін Тәңірге сыйыну мекені болғаны маңыздырақ. Әрине болашақ Дала Пайғамбарының алғашқы аянды осы арада алғаны анық.
2014 жылы Иранға барған сапарымда бірнеше зороастризм орталықтарын араладым. Сол кезде мен ондағыларға «Зороастризмнің Даладан бастау алғанын, оған Жаратқаннан аян сол жерде түскенін және өз ілімін сол жақтан әкелгендігін білесіздер ме?», деген сұрақ қойдым. Ирандықтар зороастризмнің Ұлы Тұран жазығынан, яғни, солтүстік өңірлерден келгенін растады. Ежелгі парсылар әрдайым Оңтүстік Сібір мен Қазақстанды өздерінің солтүстік аумағы деп санаған. Түптеп келгенде, археологиялық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, бұл шындыққа жанасады.
Рухани тұрғыдан қарағанда зиярат етудің басты міндеті – өмірдің мәнін, айқын мақсатыңды түсіну. Егер зиярат еткеннен кейін, әлемдегі бір адам рухани тазаратын болса, бұл – ұлы іс. Әулиетаудың күш-қуаты ойыңызды, санаңызды өзгертеді. Бәлкім бұдан кейін сіз игілікті істермен кемелденіп, өміріңізді өзгертерсіз. Ең бастысы, бақытты болу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ екенін сезіне бастайсыз. Өмірдегі ең маңызды нәрсе – өзің үшін ғана өмір сүру емес екенін түсінесіз. Табиғатты қорғау, әлемді қорғау – міне осы ең маңыздысы. Үйден шықпай, мұны сезіну, оған қол жеткізу мүмкін емес.
Сондықтан аз уақыт болса да, дүние тіршілігін тастап, Ұлытауға зиярат ету қажет. Бұдан кейін әлемге, айналаңыздағының барлығына сүйіспеншілікпен қарай бастайсыз. Ал сүйіспеншілік дұрыс шешімдерге жетелейді.
Бақтияр ҚОЖАХМЕТОВ,
саяхатшы, өлкетанушы