Қоғам • 26 Шілде, 2019

Қыз таба беретін әйел...

16323 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Перзент күтіп жүрген жандардың барлығы да алдымен дүниеге келетін сәбидің бақ-денсаулығымен туылуын тілесе де, пендешіліктің жеңіп кететін кездері аз емес.

Қыз таба беретін әйел...

Медицина дамып, жария да құпия және адамның ақылына сыймайтын небір ғылыми сынақтар мен зерттеулер жүргізіліп жатқан заманда жарық дүниенің есігін ашатын шарананың жынысы тек әкесіне байланысты екендігі түпкілікті дәйектелген.

Бірақ осыған қарамастан том­пиған төрт қызын тастап, яки өзінен айнымаған бес ботасының көзін мөлдіретіп, «ұл табатын» әйел іздей­тін азаматтар әлі де жеткілікті.

Әйтпесе, әлеуметтік желіде жуыр­­да ғана көзі ашық, бірнеше тілге­ жүйрік, тіпті шетелде білім ал­­ған бір зиялы азамат: «Ойлап қа­ра­ңызшы, сіздің 4 қызыңыз бар де­лік. Күйеуіңіз де және оның бүкіл ту­ған-туысқаны ұл тапқаныңызды күтіп отыр. Ал сіздің тағы да аяғы­ңыз­ ауыр, тағы да толғақ қысып, пер­­зентханаға бара жатырсыз. Тағы да қыз... Сіз бұл жағдайда жолдасыңыз­дың қайғыдан қайтадан ішкілікке са­лынып, туысқандары қыз таба беретініңіз үшін сыртыңыздан сыпсыңдап, ал қыз баланың аты Ұлбосын, Жаңыл немесе Ұлдай болатынын анық білесіз. Бір сөзбен айтқанда, перзентханадан шыққаннан кейін сізді күлімдеген қуаныш күтіп тұрған жоқ. Кенеттен көрші палатада жатқан келіншек сізге ұлын қызыңызға айырбастауға ұсыныс жасайды. Өйткені оларда осы жағдай айнадай керісінше. Төрт ұлдан кейін тағы да ұл... Ал мұны екеуіңізден басқа ешкім де білмейді. Сіз не істер едіңіз!».

Бұл оқыған және көп оқыған жігіттің осы заманда жұртқа қойған сауалы...

Әдетте, бұл әлмисақтан келе жатқан адамның өзін өзі алдауы ғой. Әйтпесе, медицинаны былай қойғанда Құран Кәрімде бұл туралы нақты мағлұмат беріліп, сәбидің жынысы құрсаққа құйылған аталық ұрықтан жаратылатыны айтылмай ма?!

«Алла тағала ер мен әйел жұбын тамызылған бір тамшы шәуеттен жаратты» («Нәжім» сүресі, 45-46).

Құранда баяндалған бұл дерек­тің растығы генетика мен микробиология ғылымдарының дамуы нәтижесінде дәлелденіп отыр. Жы­ныс еркектен келетін аталық жасуша тарапынан айқындалады, ал әйел ағзасы бұл жерде ешқандай рөл ойнамайды.

Жыныс – адам ағзасындағы хро­мо­сомаларға байланысты. Ағзадағы барлығы 46 хромосоманың екеуі – жыныс хромосомалары деп аталады. Қалған 22 жұп бұлар аутосомалар. Қалған 2 хромосома «гоносома» деп аталады. Бұл екі хромосома еркектерде ХҮ, әйелдерде ХХ ретінде белгіленеді. Ү хромосома тек еркектікі, ал, Х хромосомасы әйелдік гендерді тасиды.

Адам баласының түзілуі жұптала жүретін осы хромосомалардың еркек пен әйелдің бір-бір жұптарының бірігуі арқылы жүзеге асады. Әйелдегі бұл жұптың екеуі де Х болса, еркектерде біреуі Х, екіншісі Ү болады. Демек, жаңа жаратылған сәбидің еркек немесе әйел болуы – ана ағзасындағы Х хромосомасының аталық клеткадағы Ү немесе Х хромосомасымен бірігуіне байланыс­ты болмақ. Түсінікті де қысқа тіл­мен қайырғанда, егер шәуетпен құрсаққа Х хромосома барса, онда әйелдің Х хромосомасымен қосы­лып (ХХ) қыз туылады. Егер Ү хромосома барса онда Х пен Ү бірігіп (ХҮ) дүниеге ұл бала келеді. Сондықтан да болашақта туатын баланың жынысы шешеге емес, әкеге байланысты болуы аңыз емес. Бұл – ақиқат.

Акушерлік, гинеко­логия және перинатология ғылыми орта­лы­ғының дирек­торы Динара Мырзах­ме­това: «Био­логиялық тұрғыдан, баланың жынысы тек әкесіне байланысты. Ол қандай хромосоманы береді – Y немесе X? Егер, ол Х берсе, онда қыз болады, ал егер
Y – ұл туады.

Сонымен тек қыздар немесе ұл­дар ғана туады деген мәселеге ке­летін болсақ, бұл жерде мүмкіндік тек 50\50 болса да, баланың жыны­сы толығымен ер адамға байланысты.­

Дегенмен, жүктілікті әрқашан жоспарлаған дұрыс. Әрбір адам – бі­регей. Әр адамның, әр отбасының өз ерекшеліктері бар, оларды да ма­ман­дарға барғанда кеңес беру-алу кезінде ескеру қажет. Ерлі-зайып­ты­ларға аку­шер-гинеколог, генетик сияқты ме­дициналық мамандарға барып әңгімелесу қажет және дәрігерлер де сөзсіз медициналық кеңес бе­реді» дейді.

Ал енді адам баласы ұлды немесе қызды болу жолында Тәңірді де табиғатты да алдамақ болып, түрлі қадамдарға барады. Осыдан кейін ниетіне қарай бұйырғанын бағады.

Мәселен, ықылым замандардан бері адамдар іште жатқан баланың жынысы ерлі-зайыптылардың өмір сүру салтына да байланысты деп білген. Аяғы ауыр әйелге қатысты барлық халықтарда ырым-нанымдар да көп. Ұлды, яки қызды болу арманы кез келген ұлттың басында бар жағдай. Мәселен, жүктілікті жос­парлайтын, тиімділігі түп­кі­лік­ті дәлелденбеген қытай немесе жапон кестелерін алыңыз. Бұл кесте­лерде адамның қанының жаңа­­рып отыруына байланысты әйел­­дің жасы, балалы болатын айы есептелініп отырады. Бірақ ұлды болуға 100 пайыз кепілдік ешқашан болмаған.

Сол сияқты баланың жынысына әсер етеді деп есептелетін арнаулы диеталар да бар. Бұл аз десеңіз отбасында кім көш бастап, күштірек болса, соған байланысты ылғи ұлдар немесе тек қыздар туады деген болжамды табуға болады.

Алайда осы арада аттап өтпейтін тағы бір мәселе бар. Соңғы жылдарда жасанды жолмен жүкті болуға жүгінетін жұптар саны көбейіп ба­рады. Мәселен, Қазақстанның өзінде әрбір бесінші отбасы «ЭКО» көмегімен сәбилі болуға мәжбүр. Ал мамандар мұның барлығы өмір сүру салтымыздың өзгеруімен, экология­мен, ең бастысы жүйкеге түсетін салмақтың ұлғайғанымен, яғни күйзелістермен байланыстырады.

Мұның барлығын баяндап отыр­ған себебіміз, ғылыми-зерттеулерге қарағанда, бола­шақта туатын бала­ның жынысы күйзелістік күй­ге де тәуелді болуы ғажап емес. Өйткені үлкен қырғын мен со­ғыс­ты бас­тан кешкен елдердің бар­лы­ғында шайқас басталар алдында, болмаса одан кейінгі жылдарда дүниеге ұл балалардың көптеп келу мысалын тарихи деректерден табуға болады. Оны біз үлкен кісілердің аузынан да талай естігенбіз.

Осы мәселені зерттеп жүрген мамандар керісінше, 1991 жылдардағы Берлин қабырғасындағы эко­но­ми­ка­лық хаос кезеңінде де дүниеге тек қыз балалар келгенін алға тартады.

Мәселен, Қытай ғалымдары да қызды немесе ұлды болудың не­гізінде түрлі факторлар жатқанын алға тартып, күйзелістен бастап, жай ғана таңғалу әрекеттері ерлі-зайыптылардың ұрпақ өрбітуіне тікелей әсер етеді, дейді.

Лондон экономикалық және саяси ғылым мектебінің докторы Сатоши Каназава қандай еркектен тек қана ұл туатынын анық­тап көріпті. Оның зерттеуіне сәй­кес, дөрекі, қатал, бар ашуын әйе­лінен алатын, қабағынан қар жау­ып тұратын ер адамдарда кө­біне ұл бала болады екен. Тіпті, агрес­сивтілік ұрпақ дамуының бір­ден-бір кепілі екенін ғылымда да дәлелденген дейді. Ал дене бітімі ке­ліскен, қатты арық та, аса толық та емес әйелдер қыз бала тууға бейім келеді-мыс.

Ғалым мұны нақты дерек деп есептемейді, алайда агрес­сив­тіліктің ер адамға айрықша әсер ететінін атап өтті. Ер адам ашу­лан­шақ болса, ер адамдардағы Y-хро­мо­сомасын таситын сперматозоиды күштірек болады.

Сондықтан барлығының да сырын білу мақсатында адам баласы ақылға сиятын да сыймайтын да неше түрлі зерттеулер жүргізуін әлі де тоқтатқан жоқ.

 

АЛМАТЫ