Қазақстан • 26 Шілде, 2019

Мемлекеттік қызметкерлер қауіпсіздік сертификатын 1,5 жылдан бері қолданады - Министр

394 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұялы телефонға қауіпсіздік сертификатын орнатудың маңызы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтып берді.

Мемлекеттік қызметкерлер қауіпсіздік сертификатын 1,5 жылдан бері қолданады - Министр

«Қауіпсіздік сертификаты не үшін қажет деген сұраққа келсек. Себебі бүгінде интернетте түрлі құқыққа қарсы контенттер көп, одан бөлек бір күнде мыңдаған кибершабуыл жасалады. Интернет қауіптердің қатарына суицидке насихаттау, экстремистік, террористік қимылдарға насихаттау және басқа да ҚР заңнамасына кері әсерін тигізетін контенттер жатады», - деді Асқар Жұмағалиев.

Оның айтуынша, қауіпсіздік сертификаты интернеттегі түрлі кибервирустардан қорғайды.

«Мемлекеттік қызметкерлер қауіпсіздік сертификатын 1,5 жылдан бері қолданып келеді. Соңғы бір ай ішінде қауіпсіздік сертификаты 8 млннан астам вирус белсенділігін анықтап берді. Сонымен қатар 130 мыңнан астам мемлекеттік органдар мен мекемелерді кибершабуылдан қорғады», -деді ол.

Ведомство басшысы қауіпсіздік сертификатын  ұялы телефонына орнатқанын көрсетіп, интернетпен ешқандай қиындық туындамағанын атап өтті.

«Байланыс сапасына келетін болсақ, біз қауіпсіздік сертификатына байланысты жабдықтарды қалыпқа келтіру жұмыстары басталғаннан кейін, интернет қол жетімділігінде кейбір проблемалар болуы мүмкін деген ақпаратты дереу орналастырдық, бірақ олар уақытша сипатқа ие. Өзіме келетін болсам, мен сертификатты орнаттым, ешқандай қиындық туындаған жоқ», - деді министр.

Министр Асқар Жұмағалиев қандай да бір сұрақ туындаса, Мемлекеттік техникалық қызметке хабарласуға кеңес берді.

«Менің ойымша, Мемлекеттік техникалық қызметке жүгіну керек, сонда туындаған сұрақтар шешімін табады», - деді ол.