Премьер-Министр А.Мамин 2019 жылғы 20 шілдеде Қоянды су қоймасында бастаған акцияға 1,2 мыңнан астам адам қатысып, 10 тоннадан астам қоқыс жиналған-ды. Ал елордадағы сенбілік барысында Есіл және Қарасу өзендерінің, Вячеслав су қоймасы мен Майбалық көлінің жағалаулары тазартылды. Аталған іс-шараға 5 мыңнан астам адам қатысты. Экологиялық акцияның қатысушылары Есіл және Қарасу өзендерінің жағалауын әуежайдан Қарағанды трассасына қарай, Майбалық көлін, Вячеслав су қоймасының жағалау маңындағы аумағын тазалап, 16 тоннаға жуық қоқыс жинады.
Сенбілікке елордадағы министрлік, қалалық әкімдік және басқармалардың өкілдері, еріктілер де көптеп қатысты. Нұр-Сұлтан қаласындағы экологиялық акцияны қолдаушылардың қатарында Үкімет басшысы Асқар Мамин, Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкімет мүшелері бар.
Атап айтқанда, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетов болды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов аталған шараға белсенді қатысқан барша астаналықтарға алғыс айтты.
Сондай-ақ Үкімет басшысы барлық облыс әкімдерін экологиялық бастаманы жалғастыруға шақырған болатын. Айта кетейік, бүгінде ЭКО-Челлендж қозғалысына өңір тұрғындары жаппай атсалысуда. Мәселен, Атырауда Жайық өзенінің жағалауын қоқыстан тазарту науқаны өтті. Санитарлық тазалыққа 8 мыңға жуық қала және қала маңындағы ауылдық округ тұрғындары, соның ішінде мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын, өнеркәсіп ұжымдары, сондай-ақ еріктілер тобы қатысып, 37-ден астам техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 17 тонна қоқыс жиналды. Сонымен қатар Ақмола облысында 44 мыңнан астам адамның қатысуымен өткен акция аясында Қопа көлі мен Қылшықты өзенінің жағалауы және өңірдегі басқа да тоғандар мен су арналарының маңы қоқыстан арылды. Шығыс Қазақстан облысындағы 19 қала мен ауданда бір мезетте өткен акцияға 33 мыңнан астам тұрғын жиналып, демалыс орындарының аумағын тазалады. Осылайша 800 тоннадан немесе 3 206 текше метрден астам қоқыс шығарылды. Ал алматылықтар Көкжайлау шатқалын тазарту бойынша #TazaAlmaty экологиялық акциясының алғашқы кезеңін бастады. Челленджге қатысушылар ұзындығы 5 шақырым болатын шатқалға соқпақ жолмен көтеріліп, жол бойындағы қоқыстарды жинады. Айтулы шараға Қарағанды облысының 20 мыңнан астам тұрғыны қатысса, солтүстікқазақстандықтар да 200-ден астам көл жағалауын қоқыстан тазартты. Теріскейдегі экологиялық акцияға 14 мыңнан астам облыс тұрғыны қатысты. Облыстық экология департаменті жетекшісінің міндетін атқарушы Азамат Бектасовтың айтуынша, акция аясында 126 мың тонна қоқыс жиналды. Нәтижесінде 350 мың шаршы метр аумақ тазаланды.
Айта кеткен ләзім, алдағы уақытта Қазақстан мектептері мен балабақшаларында экологиялық тәрбиеге арналған қосымша сабақ енгізілмек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, барлық мектеп пен балабақшада экологиялық сағат енгізуді жоспарлап отыр. Еліміздің бас экологы М.Мырзағалиевтің айтуынша, тазалық ұғымын санаға бала жастан бастап сіңіру керек.