Аймақтар • 29 Шілде, 2019

Ордан ортекедей орғып өтеміз бе?

268 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының іргесіндегі Бәйтерек ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері құрылысқа қажетті құм өндіретін карьерден үлкен жапа шегіп отыр. Терең етіп қазылған орға құлаған малдардың мертіккені жайлы оқиғалар да кездескен.

Ордан ортекедей орғып өтеміз бе?

«Севимсталькон» құрылыс компаниясы елді мекенді айналдыра құм карьерін қазып, әрлі-берлі желдей жүйткіген 40 тонналық жүк көліктері шаң-тозаңнан көз аштырмайды. Күн өткен сайын терең жар баспаналарға жақындап, балалар ойнайтын жер қалмады деуге болады. Тұрғындардың шағымданбаған мекемелері қалмапты. 2006 жылдан бері көрген құқайы осы. Бір-біріне жақын орналасқан екі карьердің тереңдігі адамның үрейін ұшырады. Прокуратураға жолданған арыздан ешқандай нәтиже шықпағанға ұқсайды. Соны арқаланды ма екен, ке­рісінше мұнда жұмыс қыза түскен секілді.

Жеке кәсіпкер Сұлтанбек Газдиевтің жетекшілігімен игеріліп жатқан «Бескөл» карьері мен ауылдың арасы 100-200 метр ғана. Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №237 бұйрығына сәйкес құм шығаратын карьерлер елді мекеннен кем дегенде 800 метр қашықтықта орналасуы керек. Заңды жалпағынан басқандарға аудан әкім­дігінің көз жұма қарауы түсі­ніксіз. Бір қауым елді әбігерге салған қазу жұмыстарының жүргізілгеніне 13 жылдан асып барады.

– Карьер мен жолдың мәсе­лесін айта-айта шаршадық. Қазба орны ауылға өте жақын орналасқан. Мешітке таяп қалды. Бәрінен бұрын ойын балалары үшін алаңдаулымыз. Жазатайым құздан құлап кетсе, кім жауап береді? Бізге айнала қазылған ордан ортекедей орғып өту ғана қалды, – дейді ауыл ақсақалы Қайролла Сүлейменов.

Карьердің орнында бұрын шабындық болған. Енді жайылым тарылып, бұл аумаққа мал жаймақ, шөп шаппақ түгілі өзеннің арғы бетіне өту мүмкін емес. Сани­тарлық-эпиде­мио­логиялық, экологиялық, қор­шаған ортаға қауіпсіздік талап­тары­ның өрес­кел бұзылып отыр­ғаны айтпаса да түсінікті.

Осы сауалды облыстық экология департаменті бастығының орынбасары Азамат Бектасовқа қойғанымызда, тұрғындардың шағымы ескерусіз қалмайтынын, тыңғылықты тексерілетінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, карьерге қатысты реніштер көп көрінеді. Өзен-көлдер, ауа ластанбай тұрмайды. Күл-қоқыстардың қайда төгіліп жатқаны бел­гі­сіз. Бір таңғаларлығы, аталған ве­до­мос­твоның мамандары үш жыл бұрын тек­се­ріс жүр­гізіп, көптеген кем­ші­ліктерді анықтағанымен, жабулы қазан жабулы күйінде қала берген сияқты. Индустриялық-инно­вациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қай­рат Жаналиновтың айтуынша, «Севимсталькон» ЖШС-і 2006 жылдың желтоқсан айын­дағы №48 келісімшартқа сәй­кес, Қызылжар ауданындағы «Бескөл» карьерін пайдаланушы болып табылады. Қазба жұмыстары басталғанға дейін серіктестік уәкілетті және жер­гілікті ат­қа­рушы органдар­дан келісім және сараптама құжаттарын 20 жылға алған. Бұл қаншалықты заңды, мәселе осында!

Айта кететін бір жайт, ауыр жүк көліктері ауыл жолда­рын бүлдірген. Күні-түні қаты­нағандықтан жарамсыз күйге түсірген, ой-шұң­қырлардан аяқ алып жүру қиын. Негізінен сырттан келген ағайын­да­рымыз тұратын ауылдың бү­гінгі сиқы әбден қашқаны бай­қалады. Мәселеге құзырлы органдар араласпай болмайды. Ауылдың дәл іргесінен карьер қаз­дыруға қалай рұқсат берілгенін тұрғындар түсінбей дал.

 

Қанат АТАМАНОВ,

 журналист

Солтүстік Қазақстан облысы,

Қызылжар ауданы

Соңғы жаңалықтар