Аймақтар • 29 Шілде, 2019

Құмда жайқалған бақ

1306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазалы ауданының орта­лы­ғынан шалғайда, Қызыл­құмның ішінде табиғаты қатал Кәукей ауылында жай­­қалған жасыл бақты көр­­генде өз көзіңізге өзіңіз сен­беуіңіз мүмкін. Алайда Кәукей ауылының тұрғыны Бөрі­бай Ізімқұлдың үйі­нің жанын­дағы бау-бақша жайқалып тұр.

Құмда жайқалған бақ

Көп жылдар мемлекеттік қыз­метте жүріп, жақында ғана зей­не­т­керлікке шыққан ағамызға таңырқай қарап, бірден ойымдағы сауалды жеткіздім.

– Бөке, күндіз-түні бітпейтін жұмыста жүріп, аулаңызды жасыл желекке қалай малындырып қойғансыз?

Ағамыз әдемі бір жымиып алып, әңгіме тиегін ағытты. «Рас ай­т­асың. Қарбалас қауырт жұ­мыс­тан қолы­мыз тимейтіні шындық. Сол үшін де әдейілеп көк­тем шыға салысымен өзімнің ең­бек демалысымды алатын едім. Осы уақытта мына жерге бақ­ша да­қыл­дарын егіп, жаңа же­міс түр­лері­нің көшеттерін де отыр­ғы­за­мын. Жыл сайын бақ­ша­ға қыза­нақ, қияр, қызылша, сәбіз, жуа тұқымдарын себемін, күз болғанда бала-шаға рахатын көре­ді. Бұл біріншіден отбасымды та­би­ғи өніммен қамтамасыз етсе, екін­ші­ден немерелерім еңбектің наны тәтті екенін көзбен көріп жүр», дейді Бөкең ағынан жарылып.

Еңбек десе жанып түсетін азаматтың ауласында бүгінде 400 түп тал, 100-ге жуық жеміс ағаш­тары жайқалып өсіп тұр. Олардың қатарында сары өрік, шие, алма, алмұрт, жүзім, грек жаңғағы, киви, інжір, айба, шабдалы, қарақат бар. Барлығы да көктеп, жеміс берген.

Саналы азаматтың өмірде алдына қояр мақсаты – үй салып, ағаш отырғызып, ұрпақ өсіріп, олар­ды дұрыс тәрбиелеу болса, Бөкең де осы үш міндетін то­лық орындаған. Ол 5 бала тәрбие­леп, қазір 5 немересінің қызы­ғын көріп отыр. Әманда игі баста­ма­ның басы-қасында жүретін Бөкең­нің шаңырағы жыл сайын бау-бақша егуді игі дәстүрге айнал­дырып, жалықпай еңбек етудің нәти­жесінде ауласын бау-бақша­мен жайнатып отырған үлгілі отбасылардың бірі.

 

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ

Қызылорда облысы,

Қазалы ауданы