01 Тамыз, 2019

Қанда қандай құдірет бар?

1713 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Қазақтың генофонды осы­дан 500 жыл бұрын қан­дай өзгеріске түсті?» деген мәселеге қатысты ғылы­ми айналымда дерек көп. Бірақ жүйеленбеген. Гене­тик-мамандар жоңғар шап­қын­шылығы мен одан ары­дағы Шыңғыс ханның шеруі­нен кейін қазақтың гене­ти­калық портретін өзгер­тетіндей тарихи жағдайдың болмағанын айтады. Бірақ «Біз неге әртүрліміз?» деген мәселе әлі жұмбақ. Өзбек, түрік, қырғыз, орыс ұлт­тарының генетикалық портретін өзге ұлттардан бірден ажыратуға болады. Қазақта қысық көз де, бота көз де, аққұба да, сары да, қара торы да бар.

Қанда қандай құдірет бар?

Ғалымдардың бір тобы «біздің әртүрлілігіміз –ерекшелігіміз» дейді

Махамбет Өтемісұлы атында­ғы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­вер­­ситетінің доценті, тарих ғылым­­дарының кандидаты Жа­ңа­бек Жақ­сығалиев біздің «әртүр­лі­лігіміздің» бірнеше себебі бар екенін айтады. Еуропа мен Азия­ның арасында гео­графиялық орналасуымыз, арғы-бер­гі тарихымызда Ұлы дала төсін еркін жайлаған тайпалардың ерсілі-қарсылы қоныс аударып, бір-бірімен сапырылы­сып жатуы бет-бейнемізге өз таң­басын қал­дырыпты. «Жауынгер бабаларымыз солтүстікке, оңтүстікке жасаған толассыз жорықтарынан кейін табаны тиген елдерінің аруларын әйелдікке ала келген. Ол әйелдер ассимиляцияға ұшы­раған, бірақ олар халықтың гене­тикалық портретіне із қалдыр­ған. Бабыр сұлтанның Дели сұл­тан­дығын жаулап алған әйгілі жорығынан кейін Қобыланды батыр үнді әйелімен елге оралған. АҚШ ғалымдары жүргізген зерттеулер аналық тегі бойынша қазақ­тардың әртүрлі екені, оның 60 пайызы азиялық, ал 30 пайызы еуропалық болғанын айтады. Тағы бір назар аударарлық нәр­се, шетелдік ғалымдар ежел­гі ғұн­дардың өкілдеріне генетика­лық зерттеу жүргізгенде, қазіргі қа­зақ­­­тардың бір кездегі ғұндарға ұқ­­сас­­­тық­­тары көп екенін анық­­та­ған», дейді Жаңабек Жақсығалиев.

 Қазақ үшінші мыңжылдықты қандай келбетте қарсы алады?

Адамзат тарихында қолдан тәжі­рибе жасау арқылы генофондын жақсартпаққа талпынған әрекеттердің басым көпшілігі ХХ ғасырда жасалыпты. «Сингапур кереметінің сәулетшісі» Ли Куан Ю әр сала бойынша ең дарынды деген жоғарғы сыныптың ұл-қызын лагерьге жинап, ұлт­тың генофондын жақсартуға тал­пын­ған әрекеті әлемдік қауым­дастық тарапынан сынға ұшы­ра­ды. Америкалық генетик-ғалым Роберт Грекхэмнің зертхана­сына жиналған 70 пайыз донор­дың ұрығынан «Нобель» сыйлы­ғы­ның иегерлері шыққан. Мұнан кейін ол жер бетіндегі ең кемең­гер деген ұлы адамдардың шәуеті­мен данышпан ұрпақ сүйгісі келе­тін әйелдерді жасанды жолмен ұрық­тандыруға кіріскен. Он тоғыз жыл ішінде осындай тәсіл­мен 200 нәресте дүниеге келіпті. Бірақ олардың бойынан текті­лік­тің де, данышпандықтың да бел­­гісі байқалмаған. Ісінің нәти­же бермегенінен көңілі қалған ғалым сұлулық пен тектілікті жасанды жолмен қалыптастыруға болмайды деген байламға келген.

«Аралас некеге байланысты алапат тәжірибе кезінде Кеңес одағының аумағында жүзеге асты. Басқа ұлтпен некелескен 60 миллион дүбара, 60 мил­лион тірі жетім балалар қалғанын, қарым-қабілеті әлсіз ұлттардың өзінен әлдеқайда өктем ұлтқа жұ­тылып, мидай араласып кет­кенін айтсақ та жеткілікті. Бұл – өткен тарихтың талмауыр тұсы», дейді Ж.Жақсығалиев.

инфографика

 Ұлыларға келгенде табиғат демала ма?

Қазақстың классик жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Көш­пенді­лерін­де» Абылай хан­ның серік­тері­нің бірі Олжа­бай батыр жан­тәсілім етіп жатып Абылайға «Жеті ұрпағым жалғыздықпен жа­лғасады. Жетінші ұрпағымда үзілетін болар» деген сөз бар. Ақын­ның жетінші ұрпағы, ақиық Олжас Сүлейменовте ат ұс­тар перзент жоқ. Ақынның азан шақырып қойған есімін баба­сы­ның құрметіне Олжабай деп қой­ғанын, анасы Фатиманың еркелетіп Олжас деп атағанын ақын 2009 жылы бізбен әңгі­месінде айтқан болатын. Мұн­дай мысалдарды оқыған кезде «Ұлыларға келгенде табиғат демалады» деген мистикалық пайымды санаға тоқып қоясың.

Осы ретте, Ж.Жақсығалиев Жара­ту­­шыға қанша жалбарын­ғаны­мен мырза Құдай тілекті бер­­месе текті­ден де тұқым үзіле­­тін­дігін дәлел­дейтін дерек­тер жеткілікті екенін айтты. «Пәлен­шенің ұрпағы жоқ», «Түгеншенің тұқымы осымен бітті» деген сөз қазақтың ең ауыр қасіреті.

«Бұл – жаратылыстың адам санасы жете қоймайтын көп тылсымдарының бірі һәм пенделерге жұмбақ тектілік фено­мені­нің ашылмаған құпиясы. Бір кем дүние. Осы орайда, пайғам­барлық қасиет қонған жанның соңынан ұрпақ ермейді деген аңыз-әпсана бар екені еске түседі. Қазақ мұндайда «тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұң­қар жоқ» деген. Сайып келгенде, мұның бәрі тектіден ұрпақ қалудың оңай нәрсе емес екенін аңғартады», дейді ғалым ойын әріден сабақтап.

Жеті ата ауыспай қыз алыспайтын қазақтың дәстүрі – экзотика

 Ғалымдар қазақтың текті­лі­гі өзгеден кем де, артық та емес екенін айтады. Қазақта «жеті атаға дейін қыз алыспай­ды, тек­­­­­ті­­лігіміздің негізі сол – деген экз­о­­­гамиялық шектеу бар. Та­рих­­­шылар мұндай шектеу­лер қан тазалығы үшін емес, көр­ші ру­лар­мен араластықты, одақ­тас­­тықты ұстау үшін керек бол­ғанын да айтады. Қазақ генофонды құпиясының тамыры тереңде жатыр. Бұл – аз зерттелген тақы­рып. Мысалы, «Жұлдызы жан­ды» деген қазақы ортада кең қол­данатын сөз тіркесінің ғылы­ми негіздемесі бар екенін енді біліп жатырмыз. «ДНК құра­мын­дағы «C-3 starclaster» генінің қызметі жайлы ғалымдар әртүрлі айтып жүр. Қазақтың «жұлдызы жанды» деуінің астары «С-3 starclaster» генінің оянған сәтіне тура келетіні ғалымдар тарапынан ішінара мойындалды.

Жұлдызды жасуша – адам­затқа ортақ. Қазіргі ғылым оның құрамын 11 пайыз, араға уақыт салып ояну мүмкіндігін 6 пайыз деп отыр.

АҚШ генетигі Роберт Грек­хэм­нің зерттеулерінде ген­дегі ерекше құбылыстың осы­лай аталатынын айтады. Оған сенсек, геннің жылдар бойы ұйық­тап жатуы, үш-төрт ұрпақ ауы­са оянуы, тіпті оянбауы да мүмкін. Қазақтар бұл құбы­лыс­ты «жұлдызы жанды» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. «С-3 starclaster» генінің оянуына сыртқы фактордың әсе­рі белгісіз. «Француз ғалымы Анна Шутценберг «Ата-баба синд­ромы» кітабында «қандағы қасі­рет» ұғымына назар аударып, ата-бабасы мен әке-шеше­сінің өмірінде болған келеңсіз­дік­тер мен күйзелістер кейін ұрпақ­тарының бойында дәл сол жас­та қайталанатынын байқа­ға­нын жазады. Ата-бабасы кие­лі құс аққуды атқандықтан ұр­па­қтары «аққу атқан» ауруына ұ­шыраған нысаналы, кеміс жан­дарды күнделікті өмірден кездестіруге болады. Бұл арғы атасының күнәсі үшін ұрпағы жауап береді деген сөз», дейді Ж.Жақсығалиев.

Қазақ қоғамында айрықша құр­метке бөленіп, жеті атасынан «қаракөк» үзілмей, жұлдызы жанып, ерекше мәртебеге ие болған сұлтандар, билер, батырлар әулеті өз алдына бөлек әңгіме. «Жеті атасы би болған, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөздер бақ-жұлдызы жар­қырай жанған осындай текті әулет­терге қатысты айтылған. Тегі асыл­дың ұрпағы да кемел. Бұған қазақ та­рихындағы жеті атасынан құт үзіл­меген Уәли­хановтар, Шор­манов­тар, Баба­жановтар, Кене­сарин­дер, Бөкей­хановтар, Қаратаев­тар, Сейда­линдер тәрізді тарихи әулеттер мысал бола алады. Бұлар бірін-бірі қайталамайтын, әрқайсысы айрық­­ша бөлек даралыққа ие ұлт гено­фондының арналы салалары.

Әулеттер тарихы өз зерттеушілерін күтуде.

«Отан тарихы ғылымында тектілік тақырыбы терең қау­залып, жүйелі зерттелмегендіктен бұл мәселе туралы қазақ қоға­мы­ның түсінік деңгейі әлі төмен», дейді Ж.Жақсығалиев.

«Жігіттің жақсысы – нағашы­дан», «алып анадан туады», «көріп алған көріктіден, көрмей ал­ған текті артық», «қатын алма, қа­йын ал», «анасын көріп, қызын ал» де­ген ілкіден келе жатқан қа­­нат­­ты сөз­дер де жайдан-жай ай­­ты­ла сал­маған. Өйткені қазақ ір­­гелі, ата­лы, құрметті әулетпен құда болып, текті жерге ат байлап, асыл әулет­тің алтын шынжы­рын үзіп алмау жағына терең мән берген.

«Туысқан жандардың неке­ле­суін ғылымда эндогамия дейді. Мұн­дай некелесу түрі әлемдік тәжі­ри­беде бар үрдіс. Бұл әсіресе би­леу­ші, ақсүйек әулеттер тарихында жиі кездесе­тін құбылыс. Бөле­лер­дің жұп құрауы соның бір көрі­нісі. Қазақ қоғамында екі рулы елге ұза­тыл­­ған апалы-сіңлілердің бала­­лары (бөлелер) отбасын құ­ра­­­тын жағдайлар да кездеседі. Өйт­­­кені ана жағынан таралатын туыс­­тық байланыс қазақ әдет-ғұр­­пында экзогамиялық шектеу­ге кереғар болып саналмайды. Әри­не, бөле ана жағынан туы­сың бол­ған­дықтан, бәрібір қан­да­сың саналады. Атамыз қазақ «Екі аяқты­да бөле тату, төрт аяқ­тыда бота тату», деп бекер айт­паған. Мұн­дай некеле­су қазақ қоғамында жап­­пай си­пат алмағанымен, өмір бол­­ға­­сын ішінара кездесіп отыр­ған. Нә­т­и­­­жесінде осындай от­басы­­­лар­­да ұрпақтың кемтар, кем­­ба­ғал бо­лып туатындығы ғылым­­­да дә­лел­денген», дейді Ж.Жақ­сығалиев.

 

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ