01 Тамыз, 2019

Жолға шыққан жолаушы әйел қорғалған ба?

982 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Халқымызда «Жолаушы өз үйінен 40 қадам ұзап шыққан соң – мүсәпір» деген ұғым бар. Негізі, араб тілінен енген мүсәпір сөзінің өзі жолаушы деген мағынаны береді, ал біздің халқымызға ол жолға шыққан адамның қорғансыздығын, дәрменсіздігін білдіретін мағынасымен сіңісті болған. Хадистерде: «Сапар – азаптың бір бөлігі, ол біріңді ішіп-жеуден және ұйқыдан тосады, егер (кісі) шаруасын тындырса, отбасына асықсын» делінген. Асыл дінімізде сапарға шыққан адамдарға Алланың тағылымды жеңілдіктері өте көп. Қазақ халқы да қай заманда болмасын, тіпті өздері жоқшылықтың зардабын тартып отырған кездің өзінде де жолаушыларды төріне шығарып, бар тәттісін, сусынын аузына тосқан. Бірақ біз қозғағалы отырған әңгіме басқа – қазір жолаушылар, оның ішінде сапарға шыққан әйел адамдар үшін жолда жүру неліктен қауіпті болып кетті?

Жолға шыққан жолаушы әйел қорғалған ба?

Жолдағы қауіпсіздікті кім қорғайды?

Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы «Тальго» пойызын­да жолаушыны зорлаған жол­се­ріктерге шыққан үкімді зерде­лей келе, сотқа апелляциялық өті­ніш жолдады. Қостанай көлік прокуратурасының талабы – сот­тал­­ғандарға неғұрлым қатаң жаза қолдану.

Бастапқыда мемлекеттік айып­­­­­таушы жолсеріктер жолау­шы­­­ны топтасып зорлады деген ұйғарым жасап, олардың әрқай­сы­сын 6 жылдан аса мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Алайда Қостанай қала­лық №2 сотының үкімі бо­йынша сотталушылар 2 жыл 6 ай мер­зімге бас бостандықтарынан айы­­рылды.

Ең бастысы, бір қыздың тағ­дыры сот пен жолаушылар та­сымалы жүйесіндегі, құ­қық қор­ғау саласындағы, қоғам­ның тал­қы­сындағы өзекті мәсе­ле­лер­дің басын ашып тастады.

Біріншіден, аталған сорақы оқиғадан соң қоғамның бір бөлігі жолаушылар пойыздарында әйел­­дерге арналған бөлек вагон немесе купе шығару қажет де­ген пікірлерді жарыса айтып жатты. Бірақ бұл – ұзақ тал­қы­лау, зерделеу мен қатар орасан қаражатты қажет ететін ұсы­ныс. Осы орайда, «Қазақстан темір жолы» АҚ басшылығы бұл жұмысты қоғамдық пікірді білу­ден бастау керектігін мәлімдеп, пойызға бірге мінетін ерлі-зайып­ты­лар­дың да қалауы ескерілуі тиіс деген ой айтты.

– Егер Индустрия және инфра­­­құрылымдық даму минис­тр­­­лі­гі әйелдерге арналған бөлек купе шығар деп талап қояр болса, орындаймыз, – деді «Жо­лау­­шылар тасымалы» АҚ де­пар­та­мент директоры Әлібек Сұлтанов. Алайда АҚ өкілі мұн­дай талаптың қазіргі уақытта тиімсіз болатындығын айтты.

Әрине, темір жолға жаңадан шығарылып, пойыз құрамына қосы­лып жатқан вагондар бей­не бақылау камераларымен жаб­дық­талып жатқаны да аса бір жұба­тарлық шара емес. Өйткені «Тальгодағы» оқиғада өзгенің купесін қызметтік кілтімен ашқан жолсеріктер жымысқы әрекетке оқталған болса, камераны не сөндіру, не бүркемелеу амалын қолданар ма еді? Ал Ұлттық тасымалдаушы мен осы саладағы азды-көпті жеке компаниялар қа­тар­дағы жолаушылардың сұ­ра­­нысын қанағаттандыра алмай отырғандарын вагон тап­шы­лығымен де байланыстыратынын ескерсек, әйелдер мен ерлер вагоны туралы ұсыныс айтудың өзі бос сөз шығындау ғана сияқты. Әрине, адамның өмірі мен денсаулығының, қауіп­­сіздігінің қорғалуына Кон­с­ти­ту­­ция­мыздан бастап барлық бейін­ді заңнамаларда кепілдік бе­рілген. Бірақ экономикалық мүм­кіндіктер ол кепілдіктердің маңы­на да жуы­май­ды.

Негізі, қоғамдық вагондарға жынысына байланысты билет сату тәжірибесі әлем елдерінде бұрыннан бар. Бұл өркениет бізге де жақындап келеді. Мәселен, қазірдің өзінде елордамыздағы такси қызметтерінің бірінен жүр­гі­зуші әйелді таңдауға мүм­кін­дігіңіз бар.

– Бұл қызметті негізінен қыз-келіншектер жеке бастарының, бала-шағасының қауіпсіздігі үшін пайдаланады. Қазір сұ­ра­ныс аса жоғары болмаса да, ша­қыр­тулар болып тұрады. Бізден сол өтініш бойынша тек қыз-келіншектер басқаратын таксилер жіберіледі, – дейді такси қызметінің операторы.

Болашақта мұндай қыз­мет­тер­ге сұраныс жоғары болатыны да байқалады. Өйткені жиі іссапарға шығатын қыз-келіншектер қазір «Тальго» оқиғасынан» кейін қалың үрейдің құшағына енген.

Мәселен, белгілі теле­жүр­гізуші Дана Нұржігіт әлеу­мет­тік желілердің біріндегі парақ­ша­сында: «Іссапардан келе жатып, пойыз купесінде зорланған әйел туралы ойласам, төбе шашым тік тұрады! Мен жолда көп жүремін... Көзге елестетудің өзі ауыр! Тәнің зорланғаны – бір, жаның зорланды, намысың тапталды ғой! Мұндай қылмыс үшін екі жарым жыл түрме деген аз! АЗ!», деп жазды.

Осындайда әдетте жолаушылар пойыздарында вагон аралап, спирттік ішімдік ішушілерді аңдып жүретін полиция қызмет­кер­­лері қайда болды деген са­уал да туындайды. Бірақ әккі жол­се­ріктер пойыз құрамындағы поли­­цейлердің тынығатын, кезек ауыс­тыратын уақытын да жақсы біл­гендеріне күмән жоқ. Қыздың зорланған уақыты да таңғы сағат 4.00-дің шамасы...

 Ұлттық дәстүр құтқарады

Жалпы Батыс елдері мен Аме­ри­­ка Құрама Шаттарында кеңінен қол­­­да­нылатын, түп-тамыры ағыл­­­­шынның «harassment» деген сөзінен алынған ұғым бар. Бұл «Харас­смент» түсінігі әртүр­лі кейіптегі психологиялық қы­сымды білдіргенімен, іс жү­зін­де­гі ауқымы кең. Талдап айтар болсақ, бір адамды рен­жі­туге немесе қорлауға, өзге­лер­дің жеке шекарасын жүйелі түрде бұзуға бағыт­тал­ған психо­ло­гия­лық қысым­ның бұл түріне сөзбен мұқату, іс-әрекет және ерсі қылықтарының барлығы, тіпті жаныңнан өткен адамның соңынан ысқырудың өзі жат­қы­зылады. Әдетте мұндайда жәбірленушілер, айталық балалар – ересектерден, ересек ер-азамат­тар мен әйелдер – бас­тық­тарынан, әйелдер – қо­ғам тал­қысынан, ал ерлер жағы – күлкі болудан жасқанып, «Харас­смент» ұғымының аясына кіретін қысымдар бойынша жақ ашпайды. Мұндай «үндеместік қасиет» біздің қанымызға да әбден сіңісті болған. Өйткені ел ішінде басшылары жыныстық сипат­­тағы қысым көрсетіп, мей­рам­­ханаларға шақырып, түрлі сыйлықтар жасап, зәбір көрсетуге дейін баратын жағдайлар аз емес. Бұл ретте жәбірленуші алдымен жұмыс орнынан айырылып қалудан, сонан соң абыройының төгілуінен тайсақтап, қылмысқа пара-пар әрекеттерге амалсыз төзеді немесе жұмыстан үн-түн­сіз кетіп тынады. Ал дамыған елдерде «Харассменттің» жазасы ауыр. Жалпы, мұндай тәуел­діліктің, жымысқы ойға құ­рыл­ған үстемдіктің соңы ауыр жағ­дайларға да соқтырары анық. Біріншіден, жәбірленуші белгілі бір дәрежеде ауыр күй­зе­ліске түседі. Екіншіден, жаза­сыз­дық­тың дәмін сезген адам анау жолсеріктер тәрізді аса ауыр қылмыстарға барғанын аңдамай қалады.

Осы халықаралық ұғымға кіретін дәлелді алыстан іздеудің де қажеті жоқ. 2013 жылы қа­зақ­­стандық спортшы Азамат Теңіз­баев еліміздің таеквондодан жастар құрамасының сапында Мексикадағы әлем бірін­шілігінен қайтар жолда Ұлы­бри­танияда ойламаған жерден үлкен дауға тап болып, сотталып кете жаздаған еді. Ұшақта қал­ғып кеткен спортшының бір иығы жанында отырған қызға тиіп, ол бойжеткен бір сәтте жәбірленушіге айналып шыға келген. Өзіне жыныстық сипаттағы қысым жасалды деп, стюардессаға шағымданған израилдық қыздың арызы бо­йынша жерлесіміз британдық «Хитроу» әуежайында тұтқынға алынады. Ақыры не керек, бұл дау жарты жылға созылып, абырой болғанда, отандасымыз әрең дегенде ақталып шықты. Міне, өркениетті елдің тәртібі де, заңы да осындай.

Белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев мұндай әрекеттердің алдын алуда ұлттық салт-дәс­түрі­міз, болмысымыз есепке алынуы тиіс деген пікір айтты.

– Халқымызда «Жер дауы» мен «Жесір дауы» – өте күр­де­лі және ауқымы терең ұғым­дар. Оған қоса, Ұлы далада әйелдер, қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Ал оларды зорлау кісі өлтірумен тең қылмыс ретінде дәрежеленді. Осы­ған қарамастан, қазір біз­дің қо­ғамда қызмет бабын неме­се басқа да үстемдіктерін қолдану арқылы жасалатын ерсі әрекеттер туралы ашық айтыла бермейді. Мұндай әрекеттердің алдын алу жолы ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын айтар едім. Біз халқымызға тән асыл қасиеттерді, құндылықтарды бағалай білуіміз керек. «Тальго» пойызындағы оқиға бойынша пікір екіге жарылып, бір тарап қыздың өзін кінәлап жатыр. Бірақ қандай жағдайда да зорлауға жол берілмеуі қажет, – дейді Т.Қалиев.

Ал келесі саясаттанушы Ерлан Сайыров «Тальго» пойы­зын­­­да болған жағдайға бейжай қа­рау мүмкін еместігін айтады.

– «Қазақстан темір жолы» халықтан кешірім сұрауы керек. Бүгінде кешірім сұрау дегеніміз, әлсіз­діктің, әлжуаздықтың бел­гісі деген жалған пікір қалып­тас­қан. Ал шынына келетін болсақ, кешірім сұрау – биік парасаттың, жоғары ақыл-ойдың бел­гісі. Сондықтан кешірім сұ­рау­ды өмір салтына енгізсек, көсегеміз көгерудің алғышарты болуы әбден ықтимал, – деп ой қорытты саясаттанушы.

Ұлттық тасымалдаушыдан кешірім сұратуды қоғам талап ете бастаған уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен кеңестің мінбесін пайдаланған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Алмағамбетов тасымалдаушы компанияның және жеке өзінің атынан жәбірленушіден кешірім сұрайтынын мәлімдеді. Ал бұл кеңестің ізін ала ұйым­дастырылған баспасөз мәсли­ха­тында жәбірленушіге сот шеші­мі­мен қарастырылатын барлық заңды өтемақы толық төленетінін хабарлады.

Сайып келгенде, халқымызға тән дәстүрлер мен тәуелсіз елі­міз­дің заңнамасы да, Еуропа елдерінің саясаты да қандай да бір зорлауға, қорлауға, қор­лық­қа, әлімжеттікке жол бермеуге бағытталған. Бұл нағыз құ­қықтық мемлекеттерге жара­­сым­ды қасиет. Қалай десек те, жоғарыдағы оқиғалар қоғам санасын бір сілкіп алды. Бірақ уақыт өте бұл даудың да жаң­ғы­ры­ғы көмескілене түссе, қауіп­сіздікті тағы кейінге ысыра тұратын жаман әдетіміз бар.