01 Тамыз, 2019

Таңғажайып керіш: От шашқан алаулы адырлар

1008 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Зайсан көлінің солтүстігінде Құйған, Аманат, Ақсуат, Монекей, Жолнұсқау сияқты ауыл тұрғындары ежелден балықшылықты кәсіп етеді. Көлдің солтүстік жағалауындағы Қиынкеріш ландшафты геологтар мен табиғаттанушыларды, археологтарды жіпсіз байлаған ерекше жер екенін көріп таңданасыз. Қиынкеріш – бір қарағанда от шашқан алаулы адырлар... Бұл атырап туралы да ғалымдар мен натуралист жазушылар ара-тұра жазып жүр.

Таңғажайып керіш: От шашқан алаулы адырлар

Қиынкерішке барарда алыстан Қарабүйрек шоқысы менмұн­да­лай­ды. Осы жота сонадайдан қып-қызыл болып алаулап, қияннан көз арбайды. Неге екенін, бүйірден тартар сауал да сол болса керек. Геологтар бұл өңірді «балқып жатқан адырлар» деп те атайды. Мына топырақтың қызыл рең алғанына таңырқаған күй өз-өзінен туындайды. Жақындаған сайын от шашқан сияқты көрінген адырлар айқын аңғарыла бастады. Сағымдар қылық танытып ойнағандай мың құбылады дерсіз. Жалт-жұлт еткен ұшқын көзді арбайды. Расында ғажайып. Сәл қозғалып, алға жылжыған сәт өзге дүниеде жүргендей сезінесіз. Оның өзі жарық шашқан күн нұрымен шағылысқан бір негізді кристалдар тобы саналады және соның жанар қарыған жарықшақтары екен. Геологиялық Зайсан колорадасы немесе әлемнің кереметі Киынкеріш өзгеше әлем болып тармақталады.

 «Мұнда әр келген сайын керіш­тер әр қырынан көрінеді» деп жазады жазушы Борис Шербаков. – Зайсанның бұл керіштері шөгінді жыныс­тардан пайда болған. Мил­лион­даған жылдар теңіз бен көл түбінде жатқандықтан әртүрлі химиялық құрамдағы қабаттар қабаттаса берген. Әр геологиялық дәуір өз қолтаңбасын, өз бояуын қалдырып отырған. Мейірімді күн нұрын төгіп көк жасыл нуға оранды, пальмалар мен еркек қырықбуынның орнын қылқан жапырақты ормандар басқанын да бастан кешірді. Олардың керіштер мен тасқа түскен бедерлері бүгінге жазылған хаттай таңбаланып келді. Осы арадан алып тасбақалар мен жыландардың қаңқалары сияқты өте ертедегі тропикалық кезең фау­насы мен флорасының белгілері болып бізге жетті. Алып жануарлар мен құстар зулаған ғасырлармен бірге кетті. Қаһарлы суық климат пен құрғақшылықтар да өте шықты. Қазіргі планетамыз жаңаша жасанып шыға келді. Артынша осы алапты мұз құрсауы басып жатты. Қиынкеріш бейнебір геологиялық жұмбақпен өрілген қастерлі кітап дерсің. Бәрі өткенге кетсе де бірінен соң бірі тізбектелген дәуірлердің тасқа айналған бейнелері осы кітапта сыр суыртпақтап тұрғандай болады.

Қиынкеріш бағзы замандардағы «үшінші мыңжылдық» деп аталатын дәуірдегі бір кездердегі теңіздер мен бұғаздардың көзі, куәсі десе де болады. Осында аяқ басқан мамандар мен ғалымдар, қызыққұмар әуес­қойлар жақсыны көрмекке құл­шынып тұратын қаламгерлер кай­нозой дәуірінен кейін келген, осы­дан 60 миллион жыл бұрынғы «үш мыңыншы» дәуірде жүргендей әсер қалдыратыны сөзсіз.

Қиынкеріш, Алтайдағы Мұз­таудың, Марқакөлдің қайта­лан­бас ғажайып табиғатын бере салған тәңіріге шексіз алғысыңызды жау­дырасыз.

Міне, біз кайнозойдан жеткен бір үзік інжуді тамашалап жүрміз. Адам танымында шек бар ма?! Әйтпесе, кайнозой, палезой қайда, біз қайда... Жанартаулар демекші Қиынкеріштің қазіргі «бет бейнесін» де жасап кеткен осы жанартау – вулкандар жұмысы. Өйткені осы аймақта жер сілкінісі жиі болып тұрады. 1990 жылы болған зілзаланы республика жұртшылығы жақсы біледі. Өткен замандарда да қыс ішінде жер сілкініп, Зайсан көлін құрсап жатқан қалың мұзды бұзып су атқылағанын тарихшылар хатқа түсірген болатын.

 Қазір Зайсан жағалауы тамаша, мамыражай. Таң ата өзінің жасана жайнағанын күтіп күннің көтерілуін тосып, Кызылкеріш те алаулы кейіпте жатқандай. Алғашқы жалқын сәуле адырлардың биік бастарын сипалаған сәтте сәулелі арайлы аспанда қаңқылдап сары ала қаздар тобы ұшып келеді. Бір қызығы олардың жер бедерімен үйлесім тапқысы келетінін қай­тер­сіз.Сарыала қаздар қызыл үйректерден қалыспайды. Өлең­дер мен жырларда «көк ала үйрек» деуші еді, бұл арада сирек кез­де­се­тін қызыл үйректер бар. Оны айтасыз, ертеректе қызыл қасқырлар да болған. Сай бойлай сумаң қағып қызыл түлкі жалт беріп, бір көрініп қалып, қайта іздеген сәтіңде ізім-қайым жоқ болады. Бұл енді үйреншікті көрініс. Зайсан көлінен онша қашық болмаса да аптап ыстықтан қажып, шіркін, суға бір шомылып, демалып алса ғой деп армандайсыз. Өйткені дәл осы сәтте сусыған қызылкеріш адырлар. Ғажайыбын көру үшін қос аяққа тыным бермей шаршайтыныңыз рас. Табаныңда жатқан топырақ қабатының өзі қызыл, ақ, сары, көгілдір болып түрленіп тұратынына қайран қаласыз. Бір қарасаңыз өңірдің өзі өзгеше сурет болып жатуы таңдай қақтырады. Сан түрлі бояуға малынып, әдемі кейіп табады. Ғажап. Қарайсың да таңғаласың! Неткен керім дүние! Жыралар мен жарқабақтарды аралап келе жатқанда айналаң түгелдей көгілдір түске айналады.

Тас ғасыры адамзаттың қаз тұр­ған балалық шағы ғой. Демек, айдын-шалқар көл көне дә­уір­ден тіршілік иелеріне қоныс, күн­көріс көзі болып келеді. Өр Ал­тай­дың өрісті айналасы адамзат қауымының тербеткен бесігіндей әспетті кейіпті елестетеді.

 

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы