Спорт • 01 Тамыз, 2019

Бақыт АХМЕТОВ, ауыр атлетикадан жастар құрамасының бас бапкері: Америкалықтар шәкірттерімнің өнеріне тәнті болды

529 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Наурыз айында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Мұхиттың арғы бетіне аттанған қазақстандық бес спортшының бесеуі де топ жарып, елімізде ауыр атлетиканың болашағы бар екенін дәлелдеді. Ал мұндай нәтиженің сыры неде екенін құрама бапкері Бақыт Ахметовтің өзінен сұрап білдік.

Бақыт АХМЕТОВ, ауыр атлетикадан жастар құрамасының бас бапкері: Америкалықтар шәкірттерімнің өнеріне тәнті болды

– Бақыт Бешімбекұлы, дәл мынадай рекордтық көр­сет­кіш біздің елде бұрын-соңды болмаған еді. Дәл осындай нәтиженің құпиясы неде?

– Біз былтырғы Буэнос-Айресте жасөспірімдер арасында өткен Олимпия ойындарына тыңғылықты дайындалдық. Ол кезде командада сегіз адам болған. Ұлттық құрама тап болған келеңсіз жағдайға байланысты Халықаралық ауыр атлетика федерациясы бізге де Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік бермей қойды. Сондықтан басты назар Лас-Вегасқа ауысты. Жылдың басынан бас­тап Түркияда екі оқу-жаттығу жиынын өткіздік.

Соңғы дайындықты Талғарда АІВА-ның базасында пысықтадық. Таулы жерді таңдауымыз бекер емес. Яғни, биіктік адамды төзімділікке үйретеді, Лас-Вегас тегіс жерде орналасқан. Таудан түскен соң он күндей зілтемірді көтеру оңайға соғады. Оның үстіне біздің спортшылар екі жыл бойы халықаралық жарыстарда өнер көрсеткен жоқ, жауапкершілік жүгінің ауыр екенін түсінді. Тым құрығанда қола медаль еншілеуіміз керек деген мақсатпен аттандық.

– Өзіңіз де бір сұхбатыңызда үздік үштікке ілігу туралы ойыңызбен бөлісіп едіңіз. Ал нәтижесінде бесеудің бесеуі де алтын алды. Негізі мақсат қандай болып еді?

– Бастапқыда бір немесе екі алтын алсақ деген жоспарымыз болған. Әлемдік рекорд орнатқан Сайхан Тайсуев пен Сәпи Есенгелдиев басты үміткерлеріміз еді. Себебі бұл екеуінің жаттығу кезінде бағындырған салмақтары әлем чемпионатында көрсеткен нәтижеден 10 келіге артық болды. Сайрамкез Ақмолданы үштікке ілігеді деп ойласақ, Бекболат Рахатты тәжірибе жинасын деп апарғанбыз. Бекболаттың жасы небәрі 15-те, тым жас. Сөйте тұра барлығы мінез танытып, жеңіске жетті.

– Сонда олар жаттығудағы көрсет­кіштерінен асып түсті ме?

– Дәл солай. Алты мүмкіндіктің алтауын да тиімді пайдаланды. Бұл – жас спортшы үшін өте жоғары көрсеткіш. Өз-өзіне деген сенім арта түседі. Сондықтан шәкірттеріме «жарайсыңдар» деймін.

– Допинг дауы халықаралық ұйым­дардың бізге деген сеніміне селкеу тү­сіргені анық. Оның соңы медальдарды тартып алу, жарыстардан шеттетуге дейін апарды. Осыдан кейін әлем чемпионатында біздің өрендерге бес бірдей алтынды қалай берді екен деген сұрақ туындайды...

– Олар бере салған жоқ, біз тартып алдық.

– Қандай да бір қысым байқалды ма?

– Ондай ештеңе болған жоқ. Қайта америкалықтар біздің балалардың өнеріне тамсанып, қайта-қайта келіп құттықтап, мақтау сөздерін айтып жатты. АҚШ құрамасының бас бапкері мен федерация президенті де арнайы келіп құттықтады. Бас бапкері кезінде Олимпия ойындарында үш рет топ жарған спортшы. Оның өзі біздің 100 пайыздық көрсеткішімізді ерекше атап өтті.

– Ал балаларды жігерлендіру үшін не айттыңыз?

– Жарысқа дейін «жаттығу керек» дегенді қайталай бердім. Себебі әрбір жетістіктің артында тынымсыз еңбек тұрады. Қазір неғұрлым көп жұмыс істеп, ауыр салмақты бағындырсаңдар, чемпионат кезінде өздеріңе оңай болады дейтінмін. Ал турнир кезінде жалынды сөздер айтудың қажеті де болған жоқ. Балалардың бойында сабырлылық пен сенімділік сезілді. Ешкім уайымдап, қобалжыған жоқ. Қайта қасыма келіп жоспардағыдан да ауыр салмақты көтереміз деп қоймай қойды. «Алдымен алтын алайық, сосын әлеуеттеріңді толықтай тексереміз» дедім. Яғни, көздеген меже орындалған соң ғана әлемдік рекордтарға көз тіктік.

– Допинг дауларынан соң біздің елде ауыр атлетикаға деген көзқарас өзгерді ме?

– Мұның бәрі еліміздің ауыр атлетика тарихында жағымсыз жайт ретінде сақталары анық. Дегенмен қызығушылық төмендеген жоқ. Зілтемірді басынан асыр­ғысы келетіндер көп. Тиісінше өңірлерде бәсеке жоғары деңгейде. Ауыл-аймақты аралап жүріп, дарынды балалардың көптігіне көз жеткізіп келемін.

 

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»