Жобаға жұмсалған миллиондар
Төлеби ауданындағы Қасқасу шатқалында тау шаңғысы курортын салу идеясы өткен ғасырдың 80-ші жылдары бастау алған екен. Сонау Босния және Герцеговинаның астанасы Сараевода 1984 жылы қысқы Олимпиада өткеннен кейін Қазақстанның басшылығы югославиялық мамандарды республикада тау шаңғысы кешенін салу үшін қолайлы орындарды таңдауға шақырған. Сонда осы Қасқасу аумағы лайық деп танылған екен. «Қасқасу» тау шаңғысы кешені жобасын жүзеге асыру аумағы Батыс Тянь-Шань тауының Өгем жотасын қамтиды және үшінші мегаполис Шымкенттен 60 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан. Ал кешеннің шаңғы трассасын 1 880 – 3 155 метр биіктік аймағында салу жоспарланған. Салыстыру үшін айтар болсақ, Шымбұлақ 2 260-ден 3 163 метр биіктікте орналасқан. Бұл үлкен көлемдегі қарлы аумақ екені және мұнда жылына 8 ай шаңғы тебуге мүмкіндік бары да айтылған. Жоба 1990 жылы бастау алып, югославиялық «Энергоинвест» компаниясы Қасқасу шатқалында тау шаңғысы туризмін дамыту мүмкіндігіне зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Құрылыс жұмыстары да басталған болатын. Бірақ қаржының тапшылығына байланысты тоқтап қалған. Араға жылдар салып, яғни 2007 жылы аталған жоба қайта қолға алынады, ал 2009 жылы «Сайрам-Өгем» мемлекеттік табиғи ұлттық саябағына қарасты аумақтан 56,8 гектар жер телімі бөлінген. Дегенмен, жобаны одан әрі жүзеге асыруға қаржы мәселесі тағы да қолбайлау болады. Жобаға орай Канаданың «Ecosign Mountain Resort Planners» компаниясымен «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің шеберлік-жоспары әзірленген. «Colliers International» компаниясымен маркетингтік зерттеу және тау шаңғысы туризмі нарығын талдау жұмыстары жүргізіліп оң қорытындылар алынған. Яғни, нысанды салуға отандық және шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық сол жылдары да туындаған. Дегенмен, қажетті инфрақұрылым жүргізілмегендіктен, тау шаңғысы кешенін салу сөз жүзінде ғана қалып қойған.
Одан кейін, яғни 2011 жылы еліміздегі халықаралық стандарттарға сай келетін «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылыс жобасы жасалды. Ал осыдан 6 жылдай уақыт бұрын Сенатта жоба жүзеге асырылмаса, есептік шығындар ескіріп, жобаның мерзімі аяқталатыны да мәлімделіп, жүзеге асыру үшін белгілі мөлшерде қаражат бөліну қажеттігі айтылған депутаттық сауал да Үкіметке жолданыпты. Аталған жобаның тұжырымдамасы ұзындығы 34 шақырым болатын 19 шаңғы трассасын салу, 8 заманауи кабельдік лифтілермен жабдықтау сынды дамыған инфрақұрылым құруды көздейді. Жоба бастамашыларының мәлімдеуінше, «Kaskasu» әлем жұрты қысы-жазы жапа-тармағай барып демалып жататын Альпідегі «Courchevel» және басқа да танымал қысқы демалыс орындарына балама болу мүмкіндігіне ие, шатқалдың параметрлері тау шаңғысы курортын салу үшін өте ыңғайлы. Жоспарланған тау шаңғысы курорты нысандары арасында мейрамханалар мен фитнес-орталықтар ғана емес, бұқаралық және жеке іс-шараларды өткізуге арналған ғимараттар да бар. Аквапарк құрылысы, ат спорты орталығы, қарау алаңдары қаралған. Сондай-ақ жаяу серуендеу, велоспортпен, альпинизммен, рафтингпен айналысатын белсенді демалыс орталығы сынды басқа да нысандар жоспарланып, таулы беткейлерде бір мезгілде 5000 адамның сырғанауына мүмкіндік жасалатыны да айтылған-ды. Сарапшылардың пікірінше, кешеннің өте ыңғайлы орналасуы, алаңның ашықтығы, вегетациялық маусымның шекарасында орналасқан ауданның кішкене беткейлері, ең таза тауға жақын болуы туристік нысандардың құрылысына оң ықпал етеді. Кешеннің құрылысы шамамен 1500 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретіні де айтылды. Инженерлік коммуникациялардың құнын ескере отырып, жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі 94 млрд теңгені құрайды. Дегенмен, бұл сома бірнеше рет өзгерген. Мамандардың есебінше, бірінші кезеңнің құны 112 млн долларға бағалануда, инженерлік инфрақұрылым құны әртүрлі бағалар бойынша 1,5-2 млрд теңге болады.
Тау шаңғысы курортының ішкі инфрақұрылымының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді жеке инвесторлар жүргізген. Қаржыны, яғни 108 млн теңгені «Eristyle-Kazakhstan» ЖШС және «Kaskasu Resort» компаниясы төлеген. 2011 жылы нысан 2010-2014 жылдарға арналған еліміздегі туризмді дамытудың салалық бағдарламасына енгізілді. 2014 жылдың сәуірінде «Eristyle-Kazakhstan» ЖШС және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, сол жылдың желтоқсанында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім жасалды. Сол 2014 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша инженерлік-коммуникациялық желілерді жеткізу үшін республикалық бюджеттен 198 млн теңге бөлінді. Аймақтық бюджет 100 млн теңге қаржы қосты. Ал 2015 жылы облыстың қазынасынан 150 миллион теңге жіберілді. Курорттық жобаны қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражаттары бұл ғана емес. Облыс бюджетінен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бұрын бөлінген 200 млн теңге, электрмен және сумен жабдықтау желілерін шығаруға 448 млн теңге жұмсалғанын айта кетелік. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында да көпірлер мен жолдарды салуға қаражат бөлінді.
Тоң жібіп, сең қозғалды
Алайда қыруар қаржы бөлінген ауқымды жоба ұмытыла бастаған еді. Тиісті министрліктерге жолданған бюджеттік өтінімдер де қолдау таппапты. Дегенмен, жылдар өтсе де қадірі қашпаған, қажеттілігі жоғалмаған, керісінше сұраныс артқан жобаға биыл шетелдік компаниялар қызығушылық таныта бастады. Жергілікті әкімдік те инвесторлар тартуға мүдделілік білдіруде.
Жуырда облыс әкімі Ө.Шөкеев «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасына республикалық бюджеттен 2020 – 2021 жылдарға 22 миллиард теңге қарастырылғанын мәлім етті. Бірінші кезеңінде жылына 45 000 – 110 000 турист қабылдауға мүмкіндігі бар жобаның құрылысы барысында 1900 және іске қосылғанда 400 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ Төле би ауданы, Қасқасу елді мекені, ««Еco Village Кaskasu» демалыс аймағында «Қасқасу» тау шаңғысы курортын дамыту бойынша халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде жоба жан-жақты талқыланды. «Chaudhary Group (CG Global)» трансұлттық компаниясының басқарма төрағасы Бинод Чаудхари облыс басшылығымен кездесуде «Қасқасу» тау шаңғысы курортына лайық қонақ үйлер мен инфақұрылым жүйелерін тартпақ ниетін білдірген болатын. Үнді компаниясы жобаны жүзеге асыру үшін Испания немесе Швейцариядан тәжірибелі мамандарды тартуды көздеп отыр. Шетелдік компаниялардың қызығушылық танытуы бекер емес. Сарапшылардың мәлімдеуінше, қазіргі заманғы тау шаңғысы курортының құрылысы өңірде қысқы спортты дамытуға септігін тигізіп, отандық туризм индустриясы қызметінің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, елімізде туризмді дамыту жөніндегі 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында «Қасқасу» тау шаңғысы курортының жобасы республикалық маңызы бар «Қазақстанның туристік картасы» ТОП-50 нысанының тізіміне, сондай-ақ Түркістан облысын дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарына енген. Демек, жергілікті тұрғындар қадірін жақсы білетін Қасқасу тау шаңғысы курорты Шымбұлақтай және Куршевельдей танымал демалыс орталықтарына балама болады деген үміт оты сөне қойған жоқ.
Түркістан облысы