Қоғам • 06 Тамыз, 2019

Медиацияны дамытудың маңызы зор

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Достық үйінде сот және құқық қорғау органдары, Nur Otan партиясы, кәсіподақ ұйымдары, этномәдени бірлестіктер ұйымдарының өкілдері, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім және Аналар кеңесі, медиация мәселелерін зерттеуші ғалымдар мен өңірлерден шақыртылған кәсіби медиаторлар, мектеп медиаторлары, жастар ұйымдары өкілдері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен «Азаматтық қоғамның жаңғыруындағы медиацияның рөлі» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Медиацияны  дамытудың маңызы зор

Жиынға қатысушылар медиация институтын құрудағы өзек­ті мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты. Сонымен қатар отырыс­та Қазақстан халқы Ассам­блея­сының қоғамдық медиатор­лар­ды дайындайтыны белгілі болды. Бітімгерлердің қатарына ел арасындағы беделді, та­нымал тұл­ғалар кіреді. Медиаторлар араз­дасқан тараптарды мәмілеге кел­тіріп, қоғамдық дау-дамай­ларды шешуге атсалысып, тегін көмек көрсетпек. Ол үшін қо­ғам­дық медиаторлар арнайы се­минарларға қатысып, тәжірибелі мамандардан дәріс алады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лео­нид Прокопенконың айтуын­ша, адамдар арасындағы өзара сенім деңгейін арттыру маңызды. «Өйткені медиацияның дамуы азаматтардың құ­қық қорғау органдарына сені­мімен тікелей байланысты. Прези­дент Әкім­ші­лігіндегі азамат­тар­ды қабылдау жұмыс­тарына қатыс­қанымда шағымдану­шы­лардың 90 пайызы сот үкіміне наразы екенін бай­қадым. Олардың көбі – мемле­кеттік мекемелермен соттасушылар. Бұл құқық қорғау жүйесінде әрбір субъектінің нақты орнын айқындайтын қосымша тетік­тердің қажет екенін көрсетеді», дейді Л.Прокопенко.

Кәсіби медиаторлар ол үшін медиацияны дамытудың отан­дық концепциясын жасауды ұсынды. Сондай-ақ маман­дар мектептер мен медицина мекемелерінде медиация ка­би­­нет­терінің ашылғанын мәлім­­деді. Олар мұндай шаралар ме­диа­цияның қоғамдағы рөлін ай­қындап, қолдану аясын кеңейтуге бағытталғанын жеткізді. 

ҚХА Төрағасының орынба­сары, кәсіби медиатор Шерзод Пул­­атов «Ата-аналар мұғалім­дер­мен, балалар өз арасында, мұ­ғалімдер де бір-бірімен түсініс­пей жатады. Осындай жағдайда біздің медиаторларымыз оларға көмек береді. Егер медиация саласы мектептен басталса, келешекте балаларымыз сотқа бармай, мәселелерді бітімге келу арқылы шешетін болады», дейді.

Бүгінде елімізде медиаторларды дайындайтын 120 қоғамдық орталық тіркелген. Дегенмен кәсіби мамандарды даярлаудың сапасы бақыланбайды. Сонымен бірге медиация институтын қа­лып­тастыруға Жоғарғы соттың «Та­­туласу: сотқа дейін, сотта», «От­басы соты», «Сот медиациясы» жобалары үлкен үлес қосып жүр.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы Гүлжанат Рахметова елорда сотының өкілдері сотқа дейін татуластыруға көңіл бөле­тінін айтты. «Сотқа дейін татуласу кеңесі сот процесінің қай кезеңінде де айтылып, тараптарды мәмілеге келуге шақырамыз. Бұның нәтижесі де жаман емес. 2019 жылдың бірінші жарты­жылдығының қорытындысы бо­йынша, 3000-нан көп азаматтық іс қаралды. Оның 2500-інде медиация қызметтері іске тартылды. Бітімге келу нәтижесінде биыл 500 млн теңге көлемінде қаражат мемлекетке қайтарылды», дейді маман.

Гүлжанат Рахметованың айтуына қарағанда, екі тарапты мә­мі­леге келтіру сот өкіліне үкім шығарудан да қиын. «Азамат­тарды сотқа жеткізбей татулас­тыру үлкен тәжірибе мен білік­тілікті қажет етеді. Маманның әлеуметтану мен адам психологиясынан да хабары болуы қажет. Бүгінде қалалық сот халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Халықты ақпаратпен қамту жолға қойылған», дейді ол.

Ал Қазақстан халқы Ассам­блея­сы Төрағасының орынбасары, кәсіби медиатор Юсуп Кели­гов бюджет қаражатынан медиа­торлық көмекке ақы төлеу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қарапайым азаматтарға медиа­тор қолжетімді болуы үшін бюджеттен қаржыландыру жүр­гізілуі тиіс. «Біздің пікірімізше, бұл мәселені шешу медиация институтын дамытуға күш береді. Ақы төлеу – ең негізгі мәселе», деді кәсіби медиатор.

Конференция қатысушылары қоғамдық келісім мен жалпы­этностық бірлікті қамтамасыз етуде медиация институтын нығайту және одан әрі дамыту бойынша шаралар жүргізу маңызды екеніне тоқталды. Оған қоса, жиында бітімгерлік мәселесінде маңызды орын алатын қоғамдық медиатордың қызмет этикасы ережелерін әзірлеу, медиативтік келісімдердің сапасын арттыру үшін «қоғамдық медиатор» ұғымының критерийлерін анық­тау, медиаторлардың біліміне
жә­не біліктілігіне қойылатын нақ­ты талаптарды белгілеу сұ­рақ­тары талқыланды.