Аймақтар • 08 Тамыз, 2019

Аққұмдағы абат бақ

891 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алыстағы Аққұм ауылы атына сай құмдауыт жерде қоныс тепкен. Мұнда су тапшы, тұрғындар ауласына көкөніс егуге, бала-шағасын «көкше байлықпен» алдауға мүмкіндігі аз. Ауласында жайқалып тұрған көкөнісі болмаған соң, амал жоқ маңайдағы диқандарға қарайлайды. Баяғы бей-берекет заман емес, бүгінгінің диқаны қолындағысын пұлдап береді. Ауылда асып-тасып бара жатқан қаржы жоқ. Сондықтан бұл ауыл халқының дастарқанына көкөніс көп қойылмайды да.

Аққұмдағы абат бақ

Десек те, Отырар ауданы, Аққұм ауылының 83 жастағы тұрғыны Иманбек Мақатаевтың шаңырағына бара қалсаңыз, құм ішіндегі абат баққа тап болғандай ғажап бір қуанышты күйге түсесіз. Неге? Өйткені Иманбек ақсақалдың ауласында көкөністің, жеміс-жидектің неше атасы жайқалып өсіп тұр. Бау-бақшаны жай­қалтып ұстап отырған Иманбек Мақатаев­қа қарасаңыз, оның сексеннің сеңгіріне шыққан жасына қарамай, әлі тың қалпын сақтағанына таңғаласыз. Күміс кетпенін күнге шағылыстырып жер өңдегенде, тепсе темір үзетін жігіттерді жолда қал­ды­рады десек, асыра айтқанымыз емес.

Иманбек ақсақалдың 20 сотық үй іргелік жері бар. Осы аз ғана жерде не өспейді дейсіз? Бауда алманың Голден Делишес, Ред Делишес, Гала, Фуджи, Грани, Смит секілді түрлері өсіп тұр. Япыр-ау, мынау жүзім ғой. Тәттісін-ай! Өрік төгіліп бітіпті. Қарашаөрік қараторы қыздай құлпырады-ай! Шиені де жинап алған. Диқан ұрасында түрлі тосап құтылары жауынгерлердей сап түзеп тұр. Әңгелек ерте бойжетіп ұзатылып кет­кен қыз тәрізді ғой. Ол немерелерді жаз­дың алғаш­қы күндері-ақ сусындатып кетіп­ті. Торлама, әміре, күләбі сияқты қауын­ның неше түрі теңкиіп-теңкиіп жатыр. Иман­бек ақсақал қауынның бірін кісе­леп тіліп еді, дәмі тіл үйіреді екен. Ал мына танап­та қызанақ пен қияр өсіп тұр. Ақ­сақал­дың бау-бақшасынан тіпті тро­пи­калық климатта өсетін экзотикалық да­қылдар да табылады. Берекелі, мерекелі ша­ңы­рақ­тың келіндері бақшадан шелек-шелек қызанақ пен қияр алып өтіп барады.

Жасыратыны жоқ, Аққұм ауылында дәл осындай үй іргелік жері жайқалып тұрған бірде-бір шаңырақты таппайсыз. Жоғарыда біздің құм ішіндегі абат баққа келгендей күй кешетініміздің сыры осында. Олар ауласына егін екпейін демейді, бірақ қисынын таппайды, ретін келтіре алмайды. Біріншіден, бұл ауылдың жаны­нан сарқырап ағып жатқан өзен де, көл де жоқ. Екіншіден, ауыз су құбы­ры жүргізілмеген. Сонда Иманбек ақсақал­дың ауласына айрықша нұр құйып тұр­ған қандай құдірет? Мұның жауабы біреу-ақ. Бұл – Иманбек атаның қарт та болса қа­жырлығында, істің оябын таба алаты­нында, еңбекқорлығында, бастысы – балдан тәтті немерелерін жанындай жақсы көретінінде. Міне, сондықтан ол жасының біразға келіп қалғанына қара­май, кәрілікке мойынсұнбай, үйінің іргесінен құдық қазды. 11 құлаш терең­діктен шүпілдеп су шықты. Тұщы су. Міне, осы суды сорғымен шығарып, бау-бақ­шасын нәрлендіріп отыр.

Колхозшы, автомобиль жүргізушісі, механик, жүгері өсіруші звено жетекшісі, гараж меңгерушісі, директордың орынбасары болып түрлі жұмыс істеген Иманбек Мақатаев зейнеткерлікке шыққан соң да қол қусырып қарап отыра алмаған. «Бадыр» шаруа қожалы­ғын ашып, жетекшілік етіп келеді. Өмір­лік бай тәжірибесін балаларына, немере­леріне үйретіп, қара жердің қарыз арқаламайтынын олардың бойларына сіңіруден жалыққан емес.      

– Ауылдық жерде тұрып ауласына бақша екпейтін адамдарға таңғаламын. Бақшасыз аулада қандай береке болсын. Дайын жерді тиімді пайдаланып, ұраңды жеміс-жидек пен көкөніске толтырып қой. Бұл – отбасыңның ризығы. «Қыстың қамын жаз ойла» деген де бар. Уақыт-зырлауық әне-міне дегенше қысты да алып келеді. Сол кезде дастарқаныңда түрлі тағам жайқалып тұрса жаман ба? – дейді Иманбек ақсақал.

– Осы ойыңызды ауылдастарыңызға айтып жүрсіз бе? – деп сұрадық.

– Оның не айтары бар? Күнде үйімнің жанынан әрі өтеді, бері өтеді. Мына жайқалып өсіп тұрған бау-бақша оларға сабақ емей немене? Әлде құдықты өзім қазып, бақшасына дән сеуіп берейін бе? – дегенде біз де тосылып қалдық.

Рас-ау, 83 жастағы қарияның тиянақ­ты тірлігі ауыл адамдарына неге үлгі бол­масқа? Мұндайда Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ...» демеп пе еді? Бізге осы ұқсап бағу жағы жетіңкіремейтін сияқты.

Қарт та болса қажырлы қария өзінің ден­­сау­лығының жақсылығын таза ауа­да көп жүріп, үнемі дене еңбегімен шұ­ғыл­да­натынымен, табиғи өнімдерді көп тұ­ты­натынымен байланыстырады. Біз де осы байламға ұйыдық.

– Ақтөбе кеңшарында 40 жылдай бас инженер, директордың орынбасары болып қызмет еттім. Жастығымның, жалын күндерімнің ізі қалған ауылға аңсарым ауды да тұрды. Келсем, мына Иманбектің ауласы жайқалып тұр. Басқа көрші үйлеріне де кіріп көрдім. Иманбектің ауласындай аула таппадым. Ауыл әкіміне кіріп, тыл ардагерінен үйрену керек екенін айттым. Бәрі де өздері үшін ғой, – дейді Иманбек Мақатаевтың жерлесі Сұлтан Шарафуддинұлы ақсақал.

Аққұмдағы ауқатты адам осылай ауыл­дастарына үлгі көрсетіп отыр. Ол жұ­байы­мен бірге 5 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірген үлкен шаңырақ иесі. 45 немере-шөбе­ресі – атасының алтындары. Ауыл­дас­тары қажырлы қарттан үлгі алып жатса нұр үстіне нұр.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

 

Түркістан облысы