Аймақтар • 09 Тамыз, 2019

Мектебі жақсы елдің – ертеңі жақсы!

937 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі — тұман» - деп Міржақып Дулатов айтқандай қазір ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпыеуропалық стандартқа сай  жаңа білім беру  -  жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол деп білеміз. 

Мектебі жақсы елдің – ертеңі жақсы!

№19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы - Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы іргелі мектептердің бірі. Ұлы Жібек жолының бойындағы Бауыржан Момышұлы атындағы ауылға орын тепкен мектеп 1985 жылы пайдалануға берілген. Содан  бергі ширек ғасырдай ғана уақытта білім ұясынан мыңдаған түлектер қанат қағып, еліміздің түкпір-түкпірінде сапалы еңбек етуде.  

Бүгінде ұжым мүшелері білім саласындағы міндеттерді жүзеге асыру ісіне қомақты үлес қосып келеді. Жас ұрпаққа бәсекеге қабілетті білім беру, жеке тұлғаның интелектуалдық қабілеттерін дамыту мақсатын тұтқан мектеп-гимназия ұжымының мүшелері жаңартылған білім беру мазмұнын, білім берудің мониторинг жүйесін жетілдіру, қосымша білім берудің желісін дамыту және мазмұнын жетілдіру, авторлық бағдарламаларды ғылыми негізде дайындау жөніндегі іс-тәжірибесі аудан және облыс көлеміндегі білім мекемелеріне кеңінен танымал.

Мектеп-гимназия ұжымы өзінің тарихында «Жылдың таңдаулы мектебі» облыстық байқауында ІІ орынды, облыстық сырттай «Үздік мұражай» байқауында ұлттық тәрбие қалыптастырудағы мазмұнды еңбегі үшін ІІІ дәрежелі Дипломымен марапатталды. «RWCT» категориясында квалификациялаудың барлық талаптарын орындағаны үшін «RWCT мектебі» атты Сертификатпен, облыстық «Өнегелі мектеп» байқауында ІІ дәрежелі Дипломмен марапатталып, республикадағы «100 үздік мектеп» қатарына енген. Аудандық «Үздік білім беру ұйымы» байқауында бас жүлдені, «Ауылдың ең үздік мектебі» байқауында ІІ орынды, «Үздік білім ошағы» байқауында ІІ орынды, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі облыстық қоғамдық байқауда «Үздік мекеме, ұйым» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып облыстық кәсіподақ кеңесінің Дипломымен, «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» фестивалінде де мектеп-гимназия ұстаздарының түрлі жанрларды дайындау жөніндегі ізденістеріне аудандық және облыстық білім басқармасының, кәсіподақ комитеті тарапынан «өте жоғары» баға берілді.

Білім мекемесінде тәлім-тәрбие алып келе жатқан шәкірттердің қоғамдық және әлеуметтік белсенділігі жыл санап арта түсуде. Білім шаңырағы үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру мақсатында білім беру сапасын арттыру бағытындағы әдістемелік жұмыстарды жыл санап жандандыра түсуде. 2018-2019 оқу жылында 1045 оқушы білім алған болса, оның 270-і озат, 452-і екпінді оқушы атанып, мектеп бойынша білім сапасы 69 пайызды құрады. Аяқталған оқу жылында 118 оқушы орта мектепті бітіріп, қолдарына кәмелеттік аттестат алды. Жалпы алғанда, ҰБТ көрсеткіші бойынша мектеп бітірушілердің білім сапасы 101,3 пайызды құрады. 118 оқушы жоғары оқу орнына түсіп, 91 түлек мемлекеттік грант иегері атанды.

2017-2018 оқу жылында 4 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне, 12 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болса, 2018-2019 оқу жылында 11 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне,  8 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. Мектеп-гимназия түлектері Әбзәділ Әйгерім, Көпбай Фарида, Қожамсейіт Гаухар, Мәлікқызы Зәуре, Молдахан Алтыншаш, Сайлау Аружан, Тельман Ұлжан, Тлепалды Дильназ, Мұхтар Жамиля, Нұрлыбай Гүлбақыт, Қалдыбек Сымбат «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлері атанды. Жалпы соңғы 3 жылда «Алтын белгі» иегерлерінің саны – 18-ге, «Үздік аттестат» иегерлерінің саны – 30-ға жетті. Бұл нәтиже аудан және облыс көлмеінде алдыңғы қатарда екендігі сөзсіз.

Мектеп-гимназия оқушыларының бұл жоғары көрсеткіштері ұжым педагогтарының ғылыми-әдістемелік және кәсіби шеберлік бағытында күнделікті ізденісінің жемісі болып табылады. Мектепте ұжым мүшелерінің шығармашылық ізденіспен еңбек етуіне жан-жақты жағдай жасалған. Директордың орынбасарлары Р.Сайлаубаев, Г.Хабдуллаева, М.Әлімбеков, Р.Қасымбекова, Қ.Көшпенбетова, М.Исаева, Д.Қырғызбаева ұстаздардың оқу-тәрбие жұмыстарын ұтымды жоспарлауға және жүргізуге, ұжым мүшелері арасында өзара түсіністік, ынтымақтастық, әл-ахуал қалыптастыруға ұдайы назар аударып отырады.

Ұстаздар қауымы жеке тұлғаны жан-жақты дамыту, балалардың қоғамдық бірлестіктерін дамыту бағытындағы міндеттерді орындау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Жыл санап мұғалімдердің жаңа технологияларды меңгеру, ғылыми-ақпараттық коммуникациялық желілерді бағындыру белсенділігі арта түсуде. Ұстаздардың жаңа технологияны игеруіне жаппай ден қоюына мектептегі озық тәжірибелі тренинг ұстаздар мұрындық болып отыр. «Тренер» сертификатына ие болған ұстаздар «Мектептегі тәжірибе» бойынша Ә.Тоғайбаева, Г.Тәжкенова, И.Турикбаева, Н.Байғазиева, «Іс-әрекеттегі зерттеу» бойынша Г.Хабдуллаева, А.Жамалбекова, С.Төрегелдиев, Ф.Исмаилова, И.Тлеубаева, «Мұғалім көшбасшылығы» бойынша Ж.Бурабаевалар арнайы курстардан өтіп жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқыту әдістерін мұғалімдерге үйретіп, практика жүзінде іске асыруда.

Ұжымда ұзақ жылдардан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаздардан тәлім алған жас мамандар да өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарап, кәсіби тұрғыдан шыңдалу мақсатында аянбай ізденуде. «Талапкер» әдістемелік-тәжірибелік жас мамандар мектебі еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамандарды дайындауға ерекше көңіл бөледі. Осының арқасында бастауыш сынып мұғалімі Жұмағұлова Рахат «Ең үздік интерактивті сабақтар» байқауында І орынды, Қ.Джуманазарова, Т.Егізбаева «Үздік жас маман» аудандық байқауында жеңімпаз атанды.

Білім мекемесінің оқу-тәрбие саласындағы жұмыстарда жоғары жетістіктерге жетуіне «Озат тәжірибе» мектебінің құрамына енетін тәжірибелі ұстаздар қомақты үлес қосып келеді.  Оқу жылында  мектебімізде 164 мұғалім дәріс берсе, оның 45-і жоғары санатты, 29-ы бірінші санатты, 4-і «шебер-педагог», 24-і «зерттеуші-педагог» біліктілік санаттағы ұстаздар. Оның арасында ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған Қ.Көшпенбетова, Ұ.Ахметова, М.Әлімбеков, Г.Өтегенова сынды, облыстық білім басқармасының алғыс хатымен марапатталған Ә.Тоғайбаева, Р.Сайлаубаев, Х.Пралиева, Т.Дүйсембаева, М.Исаева, И.Турикбаева, Е.Қолаханов, Г.Хабдуллаева, Г.Тәжкенова сынды майталман ұстаздар бар.

Мектеп ұстаздары жеке тұлғаның дарындылық қабілеттерін жан-жақты дамыту бағытындағы зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы бағытта құрылған «Дарын» ғылыми қоғамы мүшелері түрлі пәндік олимпиадаларға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, аудандық, облыс көлемінде жеңімпаз атанды. 2019 жылы 17 оқушы аудандық пән олимпиадаларында, 3 оқушы облыстық пән олимпиадасында, атап айтқанда қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі А.Мақышовтың шәкірті Ақылтай Шерхан, шет тілі пәнінің мұғалімі А.Жүнісалиеваның шәкірті Азимхан Нұрасыл, биология пәнінің мұғалімі Ә.Нұранбекованың шәкірті Аярбек Есжан жүлделі орындарды иеленді. Аудандық және облыстық ғылыми жобалар байқауында 7 оқушы жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Мектебімізде қазіргі педагогикалық технологияларды меңгерген, заман талабына сай білім беру үшін арнайы семинарлар мен курстардан өткен шығармашыл ұстаздар еңбек етуде. Оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 52 мұғалім арнайы курстан өтіп, және де деңгейлі курс бағдарламасы бойынша сертификат алған 30 мұғалім кәсіби қауымдастық құрып, жұмыстар жүргізуде. І деңгейлі курстан өткен 10 мұғалім, ІІ деңгейлі курстан өткен 2 мұғалім, ІІІ деңгейлі курстан өткен 18 мұғалім жоспар бойынша шеберлік сабақтарын, оқыту семинарларын, түрлі тақырыптағы коучингтерді өткізіп келеді.

Мұғалім өзінің кәсіби шеберлігін өзгеден үйреніп, өзінде дамыта отырып, өзгемен озық тәжірибесін бөліскенде ғана өседі, дамиды. Осы бағытта аудандық және облыстық көлемде шеберлік сабақтар беріп, тәжірибелерін баспа беттерінде жариялап жүрген мұғалімдеріміздің қатары көбейіп келеді. Өзінің озық іс-тәжірибесімен бөліскен облыстық ғылыми-практикалық конференцияда шеберлік сабағын көрсеткен А.Махмутова, Б.Полатова, «Сабақты зерттеу – мұғалімнің кәсіби дағдыларын жетілдіру тәсілі ретінде» тақырыбында облыстық конференцияда Ғ.Әміралиев, облыстық және аудандық семинарларда пән мұғалімдері Д.Шинасилова, А.Саурыкова, Ұ.Ахметова, Ж.Қаңтарбаева, Г.Тәжкенова, А.Елгембаевтар іс-тәжірибелерімен бөлісті.

«Мұғалімнің оқу үрдісіне шығармашылықпен қарауы баланың бойындағы жасырын қабілеттері мен дарынын ашады» деген болатын. Сондықтан да кәсіби біліктілікті дамыту үшін мұғалімнің өз бетінше ізденуі, жетілуі, ынталануы қажеттігі анық. Қазіргі еліміздегі  білім беру жүйесіндегі басты негізгі қадам – жаңартылған білім беру мазмұны. Білім беру концепциясы, сонымен қатар құндылықтар жүйесі өзгеруде. «Егер болашақтың өзгеруін қаласаң, өзің қазіргі сәттің өзгерісі бол» деп Ганди айтқандай бұл өзгерістерді енгізіп, тұрақты етуде мұғалімдердің заман талабына  сай болуы, өзгеруі маңызды. 

Мектебіміз 2018-2019 оқу жылында түрлі аудандық, облыстық және республикалық байқауларда жоғары жетістіктерге жетіп мектеп абыройын асқақтатуда. "Пед Старт" республикалық қашықтық олимпиадасында - 7 мұғалім, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ақбота» интеллектуалдық марафоны мен қашықтық олимпиадаларында - 38, республикалық "Аltyn tobylgy" зияткерлік олимпиадасында - 6, «Білген бәйге» республикалық олимпиадасында - 14, «Білім берудегі ұлттық құндылықтар мен инновациялық идеялар» атты республикалық ғылыми жобалар байқауында 10 оқушы жүлделі орындарды иеленді.

Облыстық «Менің іс-әрекеттегі зерттеуім» байқауында С.Төрегелдиев, Г.Тәжкенова, Ф.Исмаилова, И.Турикбаева ІІ орынды иеленді. А.Әзтаеваның шәкірті Д.Қабарбек "Қазақ тіршілігі" атты облыстық байқаудың жеңімпазы атанды. «Жыр алыбы - Жамбылым» атты жас ақындар айтысында Г.Тәжкенованың шәкірті Асқар Аяжан ІІ орынды, «Цифрлы Қазақстан – Жастар көзімен» атты облыстық сурет байқауында Ұ.Сванбаеваның шәкірттері Әлмахан Жанболат, Абдулла Нұрдаулет облыстық білім басқармасының дипломдарымен марапатталды.

Спорт саласында да мектеп-гимназия оқушылары Өсербай Нұрдаулет пен Спандияр Бек бокстан халықаралық жарыс жеңімпаздары, Бисеқұлов Темірлан, Өсербай Нұрдаулет, Мәлікқызы Зауре, Рахметова Ақжүніс бокстан республикалық жарыс жеңімпаздары атанды. Шығыста «Сау дене, азат ақыл, адам көңіл – үшеуімен бақытты болады өмір» деген нақыл сөз бар екен сол айтқандай дені сау, құрыш білекті, батыл жүректі, салауатты өмір салтын ұстанатын ұрпақ тәрбиелеу дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің басты назарында. Облыстық «Лига» спорттық ойындарында футбол және волейболдан мектеп-гимназия құрамасы ІІ орынды иеленді. Бұл дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Е.Қолаханов, А.Ауғамбаевтың жетістігі деп ерекше атауға болады.  

Мектеп-гимназия оқушыларынан құралған «Жуалы» жайдарман тобы Астана қаласында өткен «Маусымашар – 2019» жайдарман сайысына қатысып өз өнерлерін көрсетті. Мектеп-гимназияда өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру жұмысы дұрыс жолға қойылған. «Қыз Жібек» қыздар және «Бозбала» ұлдар отау отырыстары бой жетер қыз бен ер жетер ұлдың ережелері бойынша тәрбиеленсе, «Жас Ұлан» ұйымы оқушылардың арасында басқару билігіне үйрету үстінде.

Мектеп-гимназия ұжымы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді іске асыруда жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, оқушылардың сана – сезімін, ой-өрісін дамыта отырып, дені сау, ұлттық сана – сезімі оянған рухани таза, ар-ожданы мол, ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, еңбекқор, іскер, өз елін, жерін, тарихын, Отанын сүйетін, өз халқының салт-дәстүрін білетін, жақсы қасиеттерді бойына сіңірген ХХІ ғасырдың азаматын тәрбиелеуді «Халықтық педагогика» мен қазіргі заманғы салт-дәстүрін үлгі тұтып жұмыс атқаруды мақсат етіп алған. Мектеп-гимназияда құрылған «Шаңырақ» тәрбие орталығы оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай үш буынға бөлініп, бағыт-бағдарлары мен мақсат-міндеттері белгіленген. Сонымен қатар оқушылар арасында шығармашылық топтар құрылған. Олар: «Жас Ұлан», «Мирас», «Жас Отан» жастар қанаты, «Жас инспекторлар». Мектепте сонымен бірге «Пікір-сайыс», «Қолөнер», «Шахмат», «Волейбол», «Футбол», «Жас ғалым» тағы басқа үйірмелері жұмыс атқарады. Үйірме мүшелері аудандық, облыстық жарыстарға өз үлестерін қосып, жүлделі орындарға ие болуда.

Еліміздің ертеңі бәсекеге қабілетті білім иелерінің қолында. Сондықтан да мектеп-гимназия педагогтары өскелең ұрпаққа жан-жақты терең білім беру, үш тұғырлы тілді меңгерту, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға және салт-дәстүрлерімізді құрметтеуге тәрбиелеу міндеттерін өздерінің абыройлы парызы деп түсініп, парыз биігінен көріну үшін қажымай еңбек етуді мақсат тұтуда. «Егіншінің еңбегі жинап алған өнімінен көрінсе, мұғалім еңбегінің нәтижесі оқушының білім деңгейімен өлшенеді», - деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, мұғалім еңбегінің жемісі-шәкірттерінің қол жеткен табыстары болып табылады. Дегенмен ұжым мүшелері қол жеткен табыстарға тоқмейілсімейді. Табыс бір жағы ұстаздар үшін мәртебе болса, бір жағы – жүктелген өте үлкен жауапкершілік.

 

 

Руслан САЙЛАУБАЕВ,

№19 Дінмұхамед Қонаев атындағы

мектеп-гимназия директорының

ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.

Жамбыл облысы Жуалы ауданы